Мидағы азот оксиді мен аутизм арасында не байланыс бар?
Израильдік зерттеушілер мидағы азот оксидінің жоғары деңгейі мен аутизм арасында нақты байланыс барын анықтады. Нәтижелер бұл дертке ем болатын жаңа препараттардың шығуына оң әсер етуі мүмкін. Иерусалимдегі Еврей университетінің зерттеушілері аутизм тудыратын генетикалық мутациясы бар зертханалық жануарларды бақылаған. Олардың миындағы азот оксиді төмендегенде, аутизм көрсеткіші де бәсеңдеген.
Зерттеу барысында жануарлар қоршаған ортасына мән берген, мазасыздануын доғарған. Жаңа дүниелерге қызыға бастаған. Сонымен қатар азот оксидінің деңгейі төмендеген кезде нейрондық индекстер де айтарлықтай жақсара түскен.
Ғалымдар, сондай-ақ, діңгек жасушаларындағы азот оксиді деңгейі мен осы дертпен ауыратын балалардан алынған қан үлгілері арасында байланыс барына дәлелдер тапты. Сонымен қатар азот оксидін денедегі әртүрлі жасушалар шығарады. Ол қан қысымын реттеуде, иммундық жүйені сақтауда маңызды рөл атқарады.
Алайда азот оксидінің жоғары деңгейі қауіпті болуы мүмкін. Зерттеулер нәтижесі бойынша, азот оксидінің жоғары деңгейі мен Альцгеймер, Паркинсон дерті және шизофрения секілді кейбір аурулардың өршуі арасында байланыс бар.