2024 жылы технологиялар саласында трендте болатын 6 бағыт

Болашағымызды дамытатын, өркениетті қоғамды қалыптастыратын бірден бір қуатты құрал ол - тың технологиялар. Оларды одан әрі зерттеп, зерделеу әсіресе компанияларға бұрынғыдан да жақсы мүмкіндіктер ашады. Сондықтан технология саласындағы трендтер жайында біліп, жаңа ақпараттарға қанық болу артық етпейді. Соның нәтижесінде кез келген өнім өндіруші қандай тенденциялар ұтымды екенін түсініп, оны дер кезінде іске жарата алады. Биыл аталған салада қандай бағыт басты тренд болмақ? Бұл жөнінде The Voice Media тілшісі баяндайды.
Генеративті жасанды интеллект
Қазіргі таңда жасанды интеллект нарығы күннен күнге қарыштап дамып жатыр. Әсіресе, жаңа деректер жасау қабілетіне ие генеративті ЖИ нарығы қарқынды өсіп келеді және әлеуеті зор. Bloomberg Intelligence мәліметтерінде көрсетілгендей, оның көлемі қазірдің өзінде 40 млрд долларға таяған. Ал 2025 жылға қарай ол 217 млрд долларға дейін артпақ. Бұл дегеніміз, орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 42 пайызды құрайды деген сөз. ЖИ технологиялары бизнестің өнімділігін арттырып, экономикалық өсуге жаңа серпін береді. Яғни 2030 жылы жасанды интеллектің әлемдік экономикадағы үлесі $ 15,7 трлн-ға жетпек. Дәлірек айтқанда, аталған жүйелерді қолдану жаһандық ЖІӨ-ді 14 %-ға арттырмақ. Бұл Қытай мен Үндістанның қазіргі ЖІӨ-ні біріктіргеннен де көп көрсеткіш. АҚШ-та жүргізілген ауқымды зерттеудің қорытынды бойынша, жасанды интеллект жыл сайын 4 триллион доллардан астам табыс әкелмек. Сондай-ақ ЖИ бүкіл жаһан бойынша 85 миллионға жуық жұмыс орнында адамдарды алмастырады.
Жалпы, генеративті жасанды интеллектің басты ерекшелігі, оның бұрын соңды болмаған нәрсені жасай алуында. Ол деректер жиынын қолданып, мәтіндік, дыбыстық, визуалды сынды әртүрлі формада жаңа контент өндіреді. Алайда, ЖИ үшін дайындалған деректерді өңдеу орталықтарына электр энергиясының көп мөлшері керек. Биылдың өзінде Nvidia-ның өндірген ЖИ чиптері Грузияға қарағанда айтарлықтай көп электр энергиясын тұтынады деп болжанып отыр. CB Insights сарапшыларының пікірінше, алдағы 15 жылда деректер орталығы тұтынатын энергияның 80%-ын ЖИ тұтынады. Сондықтан да мамандар, ЖИ-дің ары қарай дамуы үшін жаңа атом электр станциялары керек деп есептейді.
Бұдан бөлек 2024 жылы адамдар ЖИ жүйесі арқылы виртуалды достар тауып, олармен романтикалық қарым-қатынас құратын болады. Ол өз кезегінде адамдар арасындағы қарым-қатынастардың азаюына әкеліп соқтырады дейді, CB Insights сарапшылары. Көпшілік Candy ЖИ сияқты сервистерді пайдаланып, қазірдің өзінде ақылы түрде виртуалды достар таба алады. Тіпті оның ұлтын, жасын, түрін, көзінің түсін, сондай-ақ қарым-қатынас түрін мамандығын таңдауға мүмкіндік бар. Бұл жобаның негізін қалаушылардың айтуынша, виртуалды жігіт немесе қыз романтикалық қарым-қатынасты модельдей алады. Әрі адамдар арасындағы қарым-қатынас дағдыларын толық меңгерген.

Экологиялық таза технологиялар
2024 жылы ілгерілейтін тағы бір бағыт - экологиялық таза технологиялар эволюциясы. Олардың санатына экологиялық таза технологиялар жатады. Gartner деген америкалық зерттеу және консалтиң компаниясының болжамы бойынша, 2027 жылға қарай ақпараттық технологиялар директорлары жұмысының жарты бөлігі экотехнологиялармен тығыз байланысты болмақ. Демек, жасыл технологиялар биылғы жылдың басты тенденцияларының біріне айналмақ. Harvard Business Review ғылыми танымдық журналында осы жайтқа қатысты маңызды ақпарат жазылған. Атап айтқанда, «Жер шарын экологиялық апаттан сақтау үшін жүзеге асатын іс-шаралар 12 трлн доллар пайда әкелмек.
Сондай-ақ осы жылдың трендтегі салалары электромобиль, жаңартылатын шикізат қолданылатын тұрғын-үй, қоқыс өңдеу, көміртек алу, экологиялық ауыл шаруашылығы технологиялары болмақ. McKinsey компаниясы да 2050 жылы әлемдік энергияның 75 пайызы экологиялық таза көздерден алынатынын баяндаған. Алдағы жылдары жасыл технологияларға кететін шығын азаятындықтан болашақта мұндай энергия көздеріне деген сұраныс артуы ықтимал. Соңғы уақытта Google, Apple және Amazon сынды алпауыт кәсіпорындар экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Microsoft, Adidas, Electric, Tesla, Dassault Systèmes, IBM, H& M компаниялары да қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастама көтерген.
Дегенмен, экотехнологияларды қолданудың кері әсері болуы мүмкін. Себебі, жаһандағы кобальттың үштен екі бөлігі Конгода өндіріледі. Жаһандық жылынуға қарсы күрес кезінде автокөлік шығаратын ірі кәсіпорындар аккумулятор қуатын қолданатын көліктерді шығаруға басымдық беріп жатыр. Ал аккумулятор өндіруде кобальт минералының рөлі зор. Алайда, New York Times басылымы жүргізген зерттеуге сәйкес, экотехнологиялар саласындағы мұндай мәселелерді шешу пайда көруді ұстанымы еткен өнеркәсіп орындарына тікелей тәуелді болып отыр. Әсіресе, Конго сияқты дамушы елдерде дәл осындай үйреншікті жүйемен жұмыс істейтін өндіріс орындары көптеп кездеседі.


Метағалам және Web 3.0
2024 жылы жаңа технологиялардың үдемелі жаңғыруына ықпал ететін тенденциялардың енді бірі - Web 3.0 мен метағалам. Дәлірек айтқанда, бизнес пен әлеуметтік қарым-қатынас, ойынға арнап құрастырылған виртуал әлемдер биылғы жылдың тренді болмақ. Метағалам идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болғанымен, қазір де ол маңызды концепция саналады. Атап айтқанда, NFT немесе жекелеген токендер жаңа метағаламның валюта бірлігіне айналып, ай сайын үлкен табыс әкеліп, рекорд жаңартты. Сондықтан ірі кәсіпорындар мен әйгілі брендтер метағаламға көшіп, оны пайдаға асыру үшін барын салып жатыр. Мәселен, Nike компаниясы виртуал кроссовкалар мен киімдер өндіріп, мол табысқа кенелді. Осы ретте, Web 3.0 бизнес саласына метағаламды қысқа уақыт ішінде енгізе алады. Оның кәсіпорындарға да пайдасы зор. Өйткені, олар үшін тұтынушыларымен онлайн қарым-қатынас жасап, қызмет көрсету өте тиімді болмақ. Оған қоса, толықтырылған реалити технологиялары басқа да салаларға енгізіліп, ондағы процессті біршама жеңілдетпек. Атап айтқанда, ол медицина, бөлшек сауда, білім сынды қоғам салаларына еніп жатыр. Соның нәтижесінде дәл диагностика және виртуалды шоу-румдар жасалады. Ендігі жасанды орта технологиялары тек жарнама мен ойын-сауық үшін ғана емес жұмыста да қолданылады.
Автономды көліктер
Биылғы жылы автономды көліктер қатары көбейіп, транспорт байланысы жаңа деңгейге көтерілмек. Автопилотпен жүретін көліктер көптеген адамның жұмысын өнімді етіп, жолдағы апатты жағдайды жедел бағамдап отырады. Яғни олар адам жүргізетін көліктерге қарағанда қауіпсіз болады.
Сонымен қатар бұл көліктер жүргізушісіз жүре беретіндіктен, болашақта оны басқарудың қажеті болмайды.
Сондай-ақ осы жылы сенсорлы технологиялар, байланыс бағытында дамыған пилотсыз жүретін көліктер көптеп қолданысқа енбек. Олардың бірден бір ерекшелігі, реал тайм режимінде жұмыс істеу алуында. Бұдан бөлек бұл ерекше көліктер мобайл қызметтер саласында да пайдаланылмақ.
Дегенмен, Global Data зерттеу компаниясының болжамы бойынша, 2035 жылға дейін толықтай жүргізушісіз автономды көліктер жасалмайды. Алайда, Google-дің еншілес кәсіпорны Waymo бұл пікірді жоққа шығарып, Сан-Франциско қаласында өздігінен жүретін көліктерді сынап көрген. Нәтижесінде, компанияның көліктері адам жүргізетін көліктерге қарағанда 2 есе қауіпсіз болып шыққан. Автономды көлік саласындағы жетекші компанияның бірі Tesla болса, автопилотық жүйелерді іске қосу үшін ЖИ-ді қолданған. Ол өз кезегінде автокөліктерде өзін-өзі басқару, жол жағдайларында бейімделу сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Human-machine interface
2024 жылы трендте болатын жаңа сала - ол Human-machine interface жобасы. Бұл озық технология
адам мен ол басқарып отырған машиналардың әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол жасанды интелект, робототехник, машинаны үйрету салаларын бір арнаға біріктірсе, технологиялардың қолданысы өзгеріске ұшырауы ықтимал. Сондай-ақ бұл технология біздің өмірімізді бұрынғыдан да жақсы, жайлы етпек. Оған қоса, оператор-адам жобалары медицина саласынан бастап ауыл шаруашылығына дейін биотехнологияларды қолданып, түрлі өзгерістер жасай алады. Сарапшылардың пікірі де осыған саяды. Олардың айтуынша, HMI адамдардың технологияларға деген көзқарасын өзгертіп, оны тереңірек түсінуін қамтамасыз етіп жатыр. Ол әсіресе, NLP (Natural Language Processing), нейрокомпьютерлік интерфейстер сынды салаларда кеңінен қолданылады. Сол арқылы интерфейс пайдаланушыларға бұрынғыдан да анық әрі ұғынықты бола бастады.

Киберқауіпсіздік
Мамандардың пікірінше, осы жылы кибершабуылдар көбейеді. Қазір киберқылмыскерлер айласын асырып, кәсіпорындарға немесе қарапайым халыққа шабуыл жасау үшін барлық жаңа технологияларды пайдасына жаратып бағуда. Соңғы үш жыл ішінде әр екінші компанияға кибершабуыл жасалған деген дерек бар. Cybersecurity Ventures журналының болжамы бойынша, 2025 жылға қарай киберқылмыстан келетін шығын көлемі 10,5 трлн долларға жетуі ықтимал. Бұл дегеніміз, кез келген сала киберқауіпсіздікті нығайтуы керек деген сөз. Сонымен қандай инновациялар 2024 жылдың басты тренді болмақ? Олар: бұлтты қауіпсіздік, қолданушыларды идентификациялау, блокчейн қауіпсіздігі, кибербасқару және мінез-құлық анализі сияқты технологиялар. Бұл ретте, биометриялық аутентификацияның түр, саусақ іздерін танитын тәсілдері ерекше рөл атқарады. Себебі, биометрия қауіпсіздікті барынша күшейтеді әрі қолданушылардың идентификациясы үшін де тиімді болмақ. Осылайша, құпия ақпараттар жақсы сақталады. Киберқауіпсіздікті күшейтудің бұдан өзге әртүрлі озық тәсілдері бар. Оларға бағдарламалық жасақтама мен ақпараттық құралдарды үнемі жаңартып отыру, деректерді шифрлау кіреді. Деректерді рұқсатсыз кіруге болмайтындай етіп қорғау үшін деректерді шифрлау технологиясы қолданылады. Сондай-ақ деректерді жасыратын