Осындай жобаларға деген көрерменнің ықыласына қарап бірнәрсені аңғаруға болады. Біріншіден, жалпы тәуір нәрселердің өте аз екенін байқадым. Өзім жасаған дүниелердің кемшілігі жоқ, керемет деп айта алмаймын. Бірақ салыстырмалы түрде көріп жүргендерінен артықшылығы болғаннан кейін көрермен оны іліп алып кетіп, қол-аяғын жерге тигізбей мақтап жатыр. Яғни бұл тақырып бізде тапшы деген сөз. Екіншіден, тарихи тақырыптарға деген шөліркеу, құмарлық бар. Егер мұндай дүниелер көп болса, оның қайсыбіріне мән беріп жатсын?! Демек бізде әлі айтылмаған, айтылуға тиіс, айтылса екен деп жүрген тақырыптар көп деген сөз. Мен түсірген туындылар сахарада шөлдеп кеп, бір құмның астынан су шыға келгендей дүниелер секілді. Халық жақсы ықыласпен қабылдайды. Енді соны дұрыс пайдалану керек.
“Міржақып. Оян, қазақ” сериалы жайлы жастар жақсы пікір айтып жүр. Бұл сериалдың жастарға өтімді болуына не себеп деп ойлайсыз?
Оны енді жастардың өзінен сұрау керек шығар. Бірақ, менің ойымша, "Міржақып. Оян, қазақ" сериалында махаббат оқиғасы бар. Бұл тақырып жастарға қызық. Одан кейін әке мен қыздың арасындағы сезім, байланыс бар. Ол да адамдарға таныс сезім. Әркімнің де әкесі бар, әркімнің де қызы бар. Сондықтан ол да бір адами тамырларды, пернелерді басуы мүмкін. Сосын динамика бар. Қазіргі кезең енді динамиканың заманы ғой. Қазір тиктоктың дәуірі. Осындай себептері бар шығар деп ойлаймын. Оның үстіне жылдан-жылға технологиялық өзгерістер болып жатыр ғой. "Міржақып. Оян, қазақтың" кезінде әлеуметтік желіні қолданатындар саны бұрынғыға қарағанда артқан шығар. Содан кейін де оның таралымы, жарнамасы алдыңғы сериалдардан артығырақ болған шығар. Бір жағынан, Міржақып образының өзі жастарға жақын ғой.
Сериалда, әсіресе, байлар тақырыбы жақсы қозғалған. Біз бұрын шығармалардан байлар жаман, сараң болған деп келсек, сіздің бұл сериалыңызда қазақ байларын басқа қырынан ашқансыз?
Байлар - ең бір ашылуы керек, қозғалуға тиіс тақырыптардың бірі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін байларды жаппай қудалау басталды. Олар жекеменшік болмауы керек, байдың малы кедейге де ортақ болуы керек деген ұранмен келді ғой. Сөйтіп, кедейлердің көңілінен шығып, қолына билік пен қамшы беріп, ел-жұртты бір-біріне айдап салған жоқ па? Соның аяғы кәнпескелеуге ұласты. Бүкіл байдың малын тартып алып, өздерін итжеккенге айдады.
Ал бай деген кім? Бай деген ол сол кезде көрсеткендей біреуді қанағандар емес. Адам Құдайдың берген дәулетімен бай болады. Ал Құдай дәулетті тегін адамға бере салмайды. Көп жағдайда еңбегі сіңген, ақылы жеткен адамға береді. Қазіргі кездегі "Ақшалы адам - жаман адам" деген сияқты ұғым сол кезден қалып кеткен. Ал қазақтың байлары - сол заманның менеджерлері, меценаттары, жұмыс берушілері, аймақтық басқарушылары. Осындай үлкен образдағы тұлғалар. Мысалы арыға бармай-ақ, осы қозғалыс кезеңінде сол алаштықтарды қаржыландырған, газет ашса да, партия жасақтаса да, сайлау өткізсе де, олар тіпті қудаланып, түрмеге түссе де, кепіл болып, шығарып алған тұлғалардың барлығы - байлар. Мысалы, байлардың жәрдемімен 1913 жылы "Қазақ" газеті, 1918 жылы "Абай" журналы шыққан. Қазақ даласына алғаш телеграф алып келген де - байлар. Мәселен мынау Қараөткелде, қазір Астанада кәмпит-тоқаш фабрикасын салғандар - байлар, технологияны, өндірісті алып келген де - байлар. Бірақ сол процестің барлығын революция тоқтатты. Олардың бәрін қудалады: қырды, жойды, жоғалтты. Сондықтан осы тақырып кеңінен қозғалып, ашылуы керек. Қазақ байларына деген көзқарасымызды өзгерту керек. Сол арқылы қазіргі коучтар айтып жүретін байлыққа деген көзқарасымыз да өзгеруі мүмкін. Егер сол процесс жүретін болса, қазіргі байларға да стимул, мотивация болар еді. Бұрынғы байлар бір елдіктің жүгін арқалаған екен. Бізде де неге руханиятқа, елдікке еңбек етпеске деген сияқты қозғалыс жүруі мүмкін.
Бүгінде кинотеатрлардан көрсетілетін қазақ фильмдерінің көпшілігі комедия жанрында. Әлеуметтік желіде де осы жанрдағы шоу, сериалдардың қаралымы көп. Ал “Міржақып. Оян, қазақты” ықшамдап, фильм етіп ұсынып жатырсыз. Мұндағы мақсат қандай? Қандай үміт күтіп отырсыз?
Әсілі, комедияға ешқандай қарсылығым жоқ. Комедия - қажет әрі күрделі, терең жанр ғой. Алайда қазіргі таңда бізде комедия мөлшерінен асып кетті. Сондықтан да комедия десе, тыжырына қарайтын жағдайға жеттік.
Бізде сұраныс ұсыныс тудырады деген қате түсінік бар. Иә, рас, кейбір кезде сұраныс, қажеттілік туады, соған сәйкес ұсыныс беріледі. Бірақ бұл жүз пайыз бола бермейді. Тіпті көп жағдайда бірінші ұсыныс бересіз, содан кейін барып сұраныс туады. Бізде қазір комедияға сұраныс толып тұр, халық комедияға ғана барады деген таптаурынмен жұмыс істеп жатырмыз. Біз ұсыныс беріп жатқан жоқпыз. "Міржақып. Оян, қазақты" ұсынудағы мақсат - осының бір тамырын басып көру. Шынында жағдай біз ойлағандай ушығып тұрған нәрсе ме? Жоқ, әлде мүмкін ел баратын шығар, ел комедиядан аз да болса шаршаған шығар деген ойдан туған идея. Енді үмітіміз ақталса екен дейміз. Егер халық осындай дүниеге көптеп барып, қызығушылық танытып жатса, әрі қарай туындыны тарататын кинотеатрларға нұсқау болар еді. "Міне, ел бұл нәрсені көруге де барады. Халық толық сіздер ойлағандай топастанып кеткен жоқ. Сіздер ойлағандай тек қана комедия өтімді емес" деген ой тастар едік.