Әлемдік ірі брендтердің сіздерге тапсырыс беруінің сыры неде?
- Бізге тапсырыс беруінің сыры - біз айтқан сөзімізде тұрамыз және кез келген нәрсеге икемдіміз. Істі талапқа сай әрі сапалы етіп орындаймыз. Мәселен, 4-5 видеоға тапсырыс берсе, біз одан да көп етіп түсіріп жіберетінбіз. Оған қоса, өз идеяларымызбен бөлісеміз. Менің ұстанатын идеологиям осындай. Яғни, адамдарға алғаннан гөрі бергенді ұнатамын. Сондай-ақ қытай тілін білу де қытайдың брендтерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге өз үлесін қосты.
Қазіргі таңда бізге Exeed Дубай компаниясы тапсырыс берді. Сондықтан команданы ұлғайтып, білікті кадрларды көбейту керек. Осы уақытқа дейін Huawei Kazakhstan компаниясымен 4 жыл уақыт бойы жұмыс істедік. Осы жылы Қытайдағы Huaweі-ға ролик түсірдік. Ал негізгі ойым, Сауд Арабиясында продакшн ретінде қалыптасып, сол жақтың танымал брендтерін түсіру.
Жалпы, жұмыс процесі қалай жүреді? Контент сапалы әрі тартымды болуы үшін қандай жаңа технологияны қолданасыз?
- Жалпы, тапсырыс берілгеннен бастап бізде жұмыс қызады. Ең алдымен, тапсырыс берушілер өз талап-тілектерін айтады. Сценарий жазу үшін видеоның атын шығару керек па әлде оны тарихпен байланыстырып немесе сату керек па соны сараптаймыз. Содан кейін барып команданы жинап, не істеу керектігін түсіндіремін. Мұнымен қоса, командаммен брейншторм ұйымдастырып, қандай сценарий құрастыратынымызды талқылаймыз. Әрқайсысымыз өз идеямызды ортаға саламыз. Сценарийді жазып болғаннан кейін тапсырыс берген адамға көрсетіп, өзгерістер енгізу керек болса енгіземіз. Егер сценарий көңілінен шықса, біз соған сай сметасын әзірлейміз. Әдетте, ауқымды түсірілімдерге біз 1 ай бойы дайындаламыз. Одан кейін жұмысқа бірден кірісеміз. Туындыны монтаждау, оны өңдеу сынды процесстер басталады.
Жалпы өткен жылы өзімнің "Level up" атты курсымды ашқан болатынмын. Сол кезде мобилографтарға басты үйреткен нәрсем - ол видео саласында нейрожелілерді, жасанды интеллектті қолдану. Жұмыс барысында да осы технологияны пайдаланамыз.
Қазіргі таңға дейін қанша және қандай туындылар түсірдіңіз? Сондай-ақ қандай форматты ұстанасыз?
- "Тumi" атты америкалық команияның контентін, Lexus-қа демеуші болған "Nothing" шетелдік компаниясының өнімдерін түсірдік. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен де жұмыс істедік. Ол кезде Қыранның командасында едім. Сондай-ақ "Lexus", "Toyota", "Kazakh tourism" компаниясымен және "Emiliya Flowers" атты гүл сататын дүкені, " Gasr travel ", "Swissotel Makkah", "Jumeirah", "Rafles", "The Oberoi", "Sheraton" атты қонақүйлермен ауқымды іс атқардық. Сондай-ақ Қазақстанның Паралимпиадасының видеосын түсіріп, тынбай еңбектендік. Көбісі мені аса қымбат бағаға ролик түсіреді деп ойлайды. Жалпы, бір видеоның құны 3 млн-нан басталады. Негізі кез келген қаржыға ролик түсіруге дайынмын. Сондай-ақ жеке брендімді де қалыптастыра бастадым. Әлеуметтік желіде видео контент дайындау және продюсер, режиссердің қызметі қандай екені туралы ақпарат бергім келеді. Алдағы уақытта мобилографтарға аталған салалар бойынша бағыт-бағдар беретін курс немесе подкаст дайындап шығу ойымда бар.
Режиссер, продюсер ретінде қандай бағытта кино түсіргіңіз келеді?
- Осы жылы мақсатым айқындалып, өзімді кәсіби маман ретінде дамытуға құлшынысым артты. Мобилография саласында жүргенде өзге елге саяхаттағанға, яғни өзіме көп көңіл бөлдім. Осы күнге дейін 22 мемлекетке яғни 56 қалаға барыппын. Бұрындары осылай өзімнің дамуына инвестиция құйсам, қазіргі мақсатым басқа. Ол - еліміздегі өзекті мәселелерді қозғаған кино түсіру. Бізде үнемі қаржы жағынан проблема туындайды. Қазақстанда сапалы әрі тартымды кино түсіру үшін орта есеппен 100 млн қаржы кетеді. Ол қаражат өздерінде болмаса, демеуші іздейді. Ал олар ақша бөлуге қорқады. Себебі, бізге комедия жанрындағы кино ғана өтімді. Сондықтан мен сәл өзгеше етіп басқа жанрда кино түсіргім келеді. Онда ажырасу, жемқорлық сынды бүгінгі көкейкесті мәселелерді көтеруді мақсатым еттім. Осылай бір отбасының болсын шайқалмауына ықпал етіп, өз салам арқылы елімізге бір пайдамды тигізгім келеді. Мен үшін касса жинап, табыс табу маңызды емес. Өз туындым арқылы көпшілікке ой салып, әсер етсем, мақсатымның орындалғаны деп білемін.