Жасанды интеллектің қоғам мен ірі компанияларға тигізер әсері

Бүгінде жасанды интеллект технологияның оң өзгерісі болғанымен, көбісін әрі қарай қайда бара жатқанымыз алаңдататыны рас. "Нейрожелінің қарқынды дамығаны жалпы қоғамға және ірі компанияларға қалай әсер етеді?" деген сұрақ төңірегінде ІТ маманы, нейрожелілерді пайдалану жолдарын үйрететін “NEO AI” құрылтайшысы Айдын Маутхан жауап береді.
Айдынның айтуынша, бүгінде әлемдегі ірі компаниялар жұмыс процесін жеңілдету үшін жасанды интеллекті белсенді түрде қолданып жатыр.

"Қазіргі таңда байқалатын негізгі тенденциялардың бірі - нейрондық желілердің қарқынды өсуі. Дүние жүзіндегі компаниялар әрбір қызметкердің немесе студенттің жеке қажеттілігі мен оқу жылдамдығына бейімделе отырып, өздерінің жекелендірілген оқу жоспарларына нейрондық желілерді белсенді түрде енгізіп жатыр. Мұндай жүйелер студенттерге күрделі тақырыптарды меңгеруге, білім сапасын арттыруға және оны қолжетімді етуге көмектеседі.

Ал қаржы саласында нарықтық үрдістерді болжау және клиенттердің несиелік қабілетін анықтау үшін де машиналық оқыту алгоритмдері қолданылады. ЖИ банктер мен қаржы институттарына неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі, олардың тиімділігін арттырады", - дейді ол.

ІТ маманы нейрондық желілерді өндіріс саласында процестерді автоматтандыру және оңтайландыру үшін пайдаланатынын айтады. Осының арқасында бизнестің өнімі артып, шығындар азаяды екен.

"Саудада да жасанды интеллектің тигізер пайдасы көп. Мәселен сатуға байланысты болжам жасауға және тұтынушылардың өзара байланыс жеңілдетуге осы ЖИ-дің жәрдемі тиеді. Оның көмегімен саудагерлер өз тұтынушыларының қалауын жақсырақ түсініп, іздеген өнімдері мен қызмет түрін ұсына алады.

Климаттану және экология саласында ЖИ ауа-райын білу, климаттың өзгеруін бақылау және табиғи апаттарды болжау үшін қолданылады. Дәл және уақытылы болжам жасау үшін ол үлкен көлемдегі деректерді, соның ішінде спутниктік суреттер мен сенсор мәліметтерін талдай алады.

Осы мысалдардың барлығы жасанды интелектің біздің әлемге терең және кең таралғанын көрсетеді. Ал нейрондық желілерді жетілдірген сайын олардың ықпалы да күшейе түседі", - дейді Айдын Маутхан.     

Маман бүгінде ірі компаниялар жасанды интеллектке көптеп инвестиция салып жатқанын айтады.

"Қазіргі таңда ірі компаниялардың бұл әрекетіне не түрткі екені және қандай стратегиясы бары көпшілігіне қызық. Бұған бәсекелестікке, жаңашылдыққа ұмтылу және тұтынушылардың үнемі өзгеріп тұратын қалауы мен қажетін табуға тырысу себеп болуы мүмкін.

Google, Amazon, Microsoft және Facebook сияқты компаниялар ЖИ-ті дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция жасап жатыр. Олар өз өнімдері мен қызметтерін жақсартып, ішкі процестерді реттеп және жаңа бизнес үлгілерін жасау үшін осы технологияның пайдасы барын біліп отыр. Осылайша ұзақ мерзімді мақсат пен өсуді болжап отыр.

Дегенмен бұл инвестициялар ЖИ мен жалпы қоғамның дамуына да әсер етеді. Бір жағынан алып қарасақ, бұл технологиялық прогреске ықпал етіп отыр. Ал екінші жағынан, жасанды интеллект ірі компаниялардың қолында болса, жеке деректер де солардың билігі мен құзырына өтіп кететіні алаңдатады", -дейді Айдын.

Оның айтуынша, компаниялар жасанды интеллектің болашағын қалыптастыруда маңызды әрі шешуші рөл атқарады. Олардың стратегиялары бұл технологияның бағытын және оның қоғамда қалай қолданылатынын анықтайды. Сондықтан компаниялар беталды шешімдер қабылдай бермей, қоғаммен бірдей бағытта шешім қабылдауға тиіс.

"Егер бұл процесс реттелмесе, ЖИ аздаған корпорациялардың қолына шоғырлануы мүмкін деген қауіп бар. Нақтырақ айтсақ, компаниялар өздеріне қажеттіні алып, зияны қоғамға тиюі әбден мүмкін.

Ал енді "бұл технологияның қандай пайдасы бар? ЖИ қоғамға пайдалы болуы үшін не істей аламыз?" деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Нейрожелілердің дамуына күш салып отырған компаниялар ғылыми жаңалықтар ашылуына ықпал етіп жатыр. Осының арқасында олар әлемдегі климаттың өзгерісі, аурулар, кедейлік, т.б. түрлі проблемалардың шешімі табылуына көмектеседі" , - дейді ол.

Маманның пікірінше, қоғам жасанды интеллектінің дамуына түрлі реакция білдіреді. Бірі қуанса, екінші бірі бұл прогрестен тек қауіптенеді.

"Оптимистер білім-ғылым дамиды, денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер болады, жаңа жұмыс орындары ашылады деп қуанады. Ал басқалары деректер өзгелердің қолына өтіп кетеді, технологияны теріс бағытта қолданады, т.б. деп қауіптенеді.

Қалай болғанда да бұл технология дамымаса, тоқтап қалған жоқ. Мәселен, OpenAI жасаған ChatGPT тез арада танымал болды. Аз уақыт ішінде ChatGPT табиғи тілді генерациялау және сөйлесу контекстін түсіну қабілетінің арқасында қанша адамның қажетіне жарады. Бұл құрал көптеген саланың, соның ішінде туризм, білім, энергетиканың, т.б. ажырамас бөлігіне айналды. 2023 жылдың ақпан айының басында Reuters швейцариялық UBS холдингіне сілтеме жасап, 2 айда ChatGPT белсенді пайдаланушыларының аудиториясы 100 миллион адамға жеткенін хабарлады.

Nature Machine Intelligence журналында жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, нейрондық желілер қазір адамдарға қарағанда, жақсы жұмыс істейтін алгоритмдерді жасауға қабілетті. Сонымен қатар ЖИ чиптерінің әлемдік нарықтағы көлемі өсті. Бұдан осы технологияларға сұраныстың артып келе жатқанын және жасанды интеллектті дамытуға салынған инвестициялардың барлық рекордтарды жаңартып жатқанын байқаймыз", - дейді маман.

Айдын Маутхан NEO AI компаниясында нейрожелілерді пайдалану жолдарын үйретеді. Аталмыш компания ЖИ-дің мүмкіндіктерін мыңнан аса адамға үйреткен. Студенттер де айтарлықтай жақсы нәтижелер көрсеткен. Мысалы:

⦁ бір қатысушы өзінің көптен бері жазып бітіре алмай жүрген кітабын аяқтаған;
⦁ бір студент ЖИ көмегімен шетелдік беделді университетке түсу үшін мотивациялық хат жазған;
⦁ бірнеше қатысушы өз тәжірибелері бойынша білім беру курстарының тиімді әдістемелерін әзірлеген;
⦁ журналист жаңалықтар сайтының мазмұнын автоматты түрде жасау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін қолданған. Бұл журналистік зерттеуге кететін уақытты қысқартқан;
⦁ қаржы талдаушысы нарықтағы трендтер мен қор биржасында сауданы автоматтандыру үшін нейрондық желілерді пайдаланған;
⦁ кей қатысушылар тіпті жеке өміріндегі күрделі психологиялық сұрақтарға ЖИ арқылы жауап таба алған.

Айдын Маутхан сөз соңында бұған дейін жаңа технологияны адамдар үйретсе, енді адамзат олардан үйренетін кез келгенін айтты.