Жалпы Нұржан Англияға былтыр 24 сәуірде барған. Ол Англиядағы маусымдық жұмыс туралы
TikTok-тағы видеолардан естіп-білген. Жалақысы жақсы болған соң Лондонға барып, қара жұмыс істеймін деп шешім қабылдаған. Ол үшін ең алдымен, шетел төлқұжатын алып, ресми сайттар бойынша жұмысқа өтінім толтырған.
Осы ретте, ТМД азаматтарын Англияда жұмысқа орналастыруға қол ұшын беретін арнайы компаниялар да бар. Нұржан да дәл осындай литвалық компания арқылы жұмысқа кірген.
Әуелі ол
компанияның сайтына өтінім жіберген соң сұхбаттасудан өткен және келісімшартқа қол қойған. Содан кейін оған Англияда жұмыс істеуге рұқсат беретін виза берілген. Соның өзінде тек ауыл шаруашылығы саласында істеуге болатын виза табысталған.
Сондай-ақ Нұржан Англиядағы жұмысқа жіберемін деп ақша алатындар да бар екенін жасырмады. Елімізде бұл кәсіпке айналған. Өтінім толтырғанның өзіне 600 мың теңге сұрап, табыс табатындар да бар. Негізінде өтінім толтыру - тегін. Сондай-ақ ол құжат ағылшынша емес, орысша. Сондықтан олардың құрығына түспей, тек виза алымы мен жол шығынына ғана төлеу керек, дейді Нұржан Орақбай. Ол виза алымы мен жол жүру билетіне тек 534000 тг төлеген.Жалпы, Англияға бару үшін 640 мың теңге қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, Нұржан жататын орынға айлықтан ұстап қалатынын ферма апта сайын автобустармен азық-түлік дүкеніне апаратынын атап өтті. Шығынды қоспағанда, 600000 теңге табатынын алға тартты. Оның айтуынша, кей фермада жұмыс аз болуы мүмкін. Бірақ Нұржанның өзінің жұмыс істеген фермасына, табысына көңілі толады.
Алайда бұл жұмыстың жақсы жақтары мен қиын тұстары да бар - дейді ол. Яғни талабы қатал. Себебі, бұл жұмысты ауыр болса да, ер адамдармен қатар әйелдер де бірдей атқара береді. Оған қоса, жазда қатты ыстық, күзде күнде жаңбыр жауса да, оған бола демалыс берілмейді. Соның салдарынан суық өтіп, денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.
Нұржанның айтуынша, жұмыстың басты талаптары екіжақты келісімшартта жазылған. Онда егер сіз үш ескерту алсаңыз, ферма сізді жұмыстан шығарып жібере алады делінген. Жалпы бұл жұмыстың негізгі талабы - сағатына екі жәшік көк пияз теру.
Осы талапты толыққанды орындау үшін екі апта беріледі. Осы уақыт аралығында бұл тапсырманы орындай алмасаңыз, сізге ескерту жасап, сары карта береді. Егер тағы екі апта ішінде талапқа сай іс тындырмасаңыз, тағы бір сары карта аласыз. Үшінші рет ескерту алсаңыз, ферма сізді жұмыстан шығарады және еліңізге қайтуды ұсынады. Дегенмен, келісімшарт бойынша алты айда бір рет жұмыс ауыстыруға болады. Ол үшін оператордан өзге фермаға жұмысқа алуды сұрауыңызға болады.
Сондай-ақ келісімшартта қанша уақыт істейтініңізге дейін бәрі анық көрсетіледі. Бұл жердегі ең төменгі жалақы шамамен 6000 теңге. Алайда, ақшаны қанша еңбектендіңіз, соншалықты береді, яғни ақыңызды жемейді. Сонымен қатар табысыңыз әр бейсенбі күні шотыңызға аударылады. Оған қоса, күн сайын қанша табыс тапқаныңыз, қаншалықты жұмыс істегеніңіз туралы ақпарат электрон қосымшада көрсетіліп тұрады. Бұдан бөлек, компания кез келген адамның өтінімін қабылдай бермейді. Осы ретте бұрын сотталғандар жұмысқа алынбайды. Сондай-ақ бұл жұмысқа 18-55 жас аралығындағы адамдарды ғана қабылдайды. Бір айта кетерлігі, мұнда істегеніңе қарай еңбекақы аласың дейді, Нұржан Орақбай. Және жексенбі күні демалыс беріледі. Англиядағы жұмысқа орналасқаының арқасында несиесінен, қарыздарынан құтылған Нұржан алдағы уақытта ағылшын тілін жетік меңгергісі келеді.