ОБЩЕСТВО

Жылқыны мінезімен бағындырған блогер қыз

Фото: Илья чубанов,
Ат құлағында ойнайтын шабандоз қыз туралы біреу білсе, біреу білмейді. Қамбар ата түлігін асыл қазына санаған, туған жерін ат үстінде қасық қаны қалғанда қорғаған Сақ патшайымы Тұмар ханымнан бастап Гауһар, Назым батырлардың ізбасарлары әлі де бар. Солардың бірі - аттың құлағында ойнайтын бұрымды Асыл Ахметова. Ол үйір-үйір жылқы бағып қана қоймай, жүйрігін баптап, бәйгеге де қосады. Әлеуметтік желіде туған, жерінің қайнаған тіршілігін көрсетіп танымал болған бойжеткеннің өнеріне тамсанатындар көп. Оған қоса, бойжеткен қазақы салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық спорттың дамуына да серпімді үлес қосып жүр.


Қазіргі таңда Асыл Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Лобанова ауылында тұрады. Негізгі мамандығы - информатика пәнінің мұғалімі. Астана қаласындағы политехникалық колледжді тәмамдаған бойжеткен ауыл мектебінде қызмет етіп, тәжірибесін жетілдіру үстінде.

Жақында Асыл туралы фильмді JOLDA’U youtube-арнасынан көресіздер. Басқа өңірлер туралы алғашқы фильмдер кең көрермендерге ұсынылды. Оларды қазірдің өзінде көруге болады. Жазылыңыз және жаңартулар туралы хабардар болыңыз.

Карантин басталғалы бері жылқы бағып жүрген қыз әкесіне қолғабыс ету үшін Алматыдағы жұмысын тастап ауылына қайта оралған. Асылдың әкесі қызының жылқы жануарына деген құштарлығын оятқан бірден-бір жан. 5 жасынан бастап сәйгүлікке жақын болып өскен қыз жастайынан әкесінің жанынан қалмай мал бағуға шығатын. Алайда, шешесі ат қыз баланың қолы емес екенін айтып, Асылдың атқұмарлығын қойдыра алмаған. Ал әкесінің ойынша, қызының бұл қасиеті өзінен дарыған.
Осылайша, қайсар ару 7 сыныптан бері жылқы шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, жүйрікті баптап келеді. Кейде оқыс жағдай бола қалса, жануарға алғашқы көмек көрсететіні тағы бар. Бойжеткен сонымен қатар ат үстінде тік түрегеп жүріп, түрлі трюктар да орындайды. Тіпті жүйрік баптап, тұлпардың жалына жармаса бәйгеге шабады.

Асылдың айтуынша, атты бәйгеге дайындауды оған әкесі үйреткен. Ол әдіс бойынша сайыс басталмас бұрын жылқыны екі-үш күн бойы баптап, көбігін шығару керек. Сондай-ақ бәйге кезінде аттың шабысын қадағалап отырған абзал.

Бастапқыда анасы бәйгенің қауіпті екенін түсіндіруге тырысқанымен, баласының қолын байлай алмаған. Жылқышы қыздың сайыс кезінде оқыс оқиғаларға тап толған кездері де болыпты. Бәйгелердің бірінде алдындағы ат теуіп жіберіп, құлауға шақ қалған ару ептілігінің арқасында ат үстіне қайта қонған екен.

Көбі жылқыны бағындыру үшін мінез керектігін айтады. Асыл да оны құптап, бастысы, жануардың тілін таба білу керек дейді. Оның пікірінше, жануар бәрін түсініп сезеді, егер оған мейіріммен қарасақ, ол да жылы шырай танытады.

Бұдан бөлек, блогер қыз құйқылжыта ән де шырқайды, темір тұлпардың құлағында да ойнайды. Мектеп бітіргеннен кейін өнер академиясына оқуға түскісі келген Асылдың бұл ойы ата-анасының ықпалымен жүзеге аспаған. Сондай-ақ ол киноға түсіп, кеңінен танымал болуды да армандайды.

Жылқышы қыз интернеті бірде бар, бірде жоқ, тұрғындары суды тасып ішетін, қыста жолын қар басып қалатынын ауылының жағдайын әлеуметтік желі арқылы жеткізе білді. Сондықтан да жастардың тұрақтап қалуы үшін ең алдымен, ауылдың әлеуетін арттыру керек, дейді Асыл. Ата-бабамыздан асыл мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді кеңінен насихаттайтын лагерь ашылғанын да қалайды. Осы ретте блогер қыз Tik-Tok қосымшасында ұлттық кәсібімізді көпшілікке көрсетіп, әдет-ғұрпымыздың ұмытылмауы үшін барын салып жүр. Алдағы уақытта турфирма ашып, өзге ұлт өкілдеріне қазақтың кең жазира даласын көрсетіп, адамның ең алғаш жылқыны қолға үйреткен мекенін таныстыратын ниеті де бар. Алдағы уақытта турфирма ашып, өзге ұлт өкілдеріне қазақтың кең жазира даласын көрсетіп, адамның ең алғаш жылқыны қолға үйреткен мекенін таныстыратын ниеті де бар. Ауылы этнотуризм орталығына айналуы үшін Асыл елді-мекенді көркейтіп, жағдайын жақсарту керек деп санайды. Сол себептен де өзінің кемел келешегін осы ауылмен тығыз байланыстырады.