«Бізде жалпы белгіленген үш нұсқасы бар. Мысалы, біріншісі Дос Көшім болса, екіншісі Бауыржан Момышұлы, үшіншісінде – тегі жалғауы жалғанады. Бірақ қазақ екенімізді көрсетіп, бірізділікке түсу үшін осының біреуін алған дұрыс. Мысалы, Бауыржан Момышұлы деген сияқты. Сондықтан маған бірнеше нұсқаны ұсынғандары ұнамады. Тағы біреулер – ов, – ев деген жалғаудан арылуға асықпауда. Неге десеңіздер, ол заты дегенді білдіреді деуде. Сөйтіп әркім өз жолымен кете берсе, бәріміздің басымызды қосатын бір ұлттық белгі болмайды.
Екінші ұнамайтын нәрсе, жұрт адамның аты екі түбірден келсе де ортасына дефис қойып жазғанды шығарып жүр. Заңдылық бойынша бірге жазылуы керек. Көп жерде осыған ұқсас қатені байқауға болады. Тілдік заң Конституциядан да күшті болуы қажет. Неліктен мұндай қате кеткенін анықтау үшін Тіл білімі институтынан сұрап едім, қазір құжат аларда әркім атын қалай жазатынын өзі таңдап алады екен деді. Бұл сауатсыздыққа әкеледі.
Тағы біреулер тегі мен аты қатар тұрса, қайсы аты, қайсы тегі екенін айыра алмай жатырмыз дегенді шығарыпты. Бұл – барып тұрған ақымақтық. Қазақтың өзінің заңы бойынша адам аты бірінші айтылады. Мәселен, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов деген сияқты. Орыс тілінің тілдік заңдылығына байланысты оларда бірінші фамилия жазылады. Кеңес заманында орыстың нормативін басшылыққа алып, алдымен фамилия айтылғасын осындай шатасулар пайда болды. Қазір оған жол бермеуіміз керек».