Балаңыздың қаржылық сауаты қалай?

Ақшаға қатысты әдеттер бала күннен қалыптасады. Сондықтан балаңыздың болашақта табысты болуы бүгінгі қалыптасқан әдеттері мен біліміне байланысты десек жаңсақтық болмас. Сонымен бірге қаржы жағынан сауатты болу қажеттілік қана емес, бүгінгі күннің талабы, оған қоса трендке де айналды. Ал балалар мен жасөспірімдерді трендте болу көбірек қызықтырып, мотивация беретінін ескерсек, ақшаны ұтымды ұстауды үйрету қиындық туғызбас.
Бүгінгі таңда қаржылай сауатты болу баршаға қажет қабілет. Соған қарамастан бұл тақырыпқа бейқам қарап, мән бермейтін үлкендер де жетерлік. Бұл жердегі қауіптісі сол, мұндай қасиеттер кейін ата-анадан балаға да беріледі.
Бір қызығы, қаржылай сауатты кей ата-аналардың өзі бұл тақырыпты балалармен талқылаудан аулақ. Бұл да дұрыс емес. Висконсин университетінің зерттеулеріне сүйенсек, бала үш жасқа жеткенде ақшаның негізгі қызметін түсіне бастайды екен. Яғни, ақшаның адам өміріндегі белгілі құндылық беретінін аңғарып, оны басқа заттарға айырбастауға болатынын ұғынады. Ал Кембридж ғалымдары жеті жасқа жеткен бала ақшаға қатысты мынадай әдеттерді де қалыптастыра алатынын дәлелдеді:

· маңызды заттарды алуға ақша жинауды үйрену;
· шығындарды алдын ала жоспарлау қажеттілігін ұғыну;
· ақша жинаудың пайдасын түсіну.

Сондықтан ата-ананың алдында тұрған үлкен міндет балаға ақша не үшін керек екенін түсіндіріп, ақша қалай жұмыс істейтінін көрсету.

Ендеше, балаңызды қаржылай сауатты болуға тәрбиелейтін қағидаларментаныс болайық.

1. «Қалағаныңды алу үшін ақша керек»
Алдымен балаға ақшаның не екенін көрсетіңіз. Балаңыз бес жасқа жетпесе, тиындар мен қызылды-жасылды ақша купюрасы не үшін қажет екенін түсіндірсеңіз болғаны. Ал бес жастан асқан балалар электронды ақша қалай жұмыс істейтінін қарапайым түрде түсіне алады. Оларға банк картасын немесе смартфоныңызды терминалға жақындатқанда төлем жүретінін түсіндіріңіз. Мұны қалай түсіндіреміз? Банк қосымшасындағы сандарды көрсетіп, бұл да ақша екенін жеткізіңіз. Ал ақшаны сіз еңбек етіп табатыңызды айтыңыз.

2. «Ақша болуы үшін оны табудың жолын анықтау керек»
Балаңыздың бойынан кәсіпкерлік қабілеттерді дамытам десеңіз, ол да артық болмас. Ақша табу үшін күнделікті жұмысқа не кеңсеге бару міндетті емес екенін айтып беріңіз. Яғни, ол жүрегі қалаған ісің тапса, сол іске бір топ адамдарды жинап, жұмысты ұйымдастырып, сол арқылы да кәсіп бастай алатынын түсіндірсеңіз болады. Сонда бала қызметкерлері арқылы жұмысты алға жылжытып, яғни табысты ұжымдық жұмыспен таба алатынын түсінеді.
Сонымен қоса ақшаны қазір құйып, араға уақыт салып, оны еселеп қайтаруға болатын жолдар да бар екенін, яғни инвестиция негіздерін де көрсетсеңіз артық етпес. Осылайша бала ақшаның жұмыс істейтінін де ұға бастайды.

3. «Ақшаны жұмсап, үнемдеп және жинап үйрен»
Күнделікті өмірде балаға қарапайым сұрақтар қойып отырып, қаржылай сауатын дамыта беруге болады. Мысалы, дүкенге барғанда бағасы әр түрлі бір тауарды көрсетіп, оның сапасы да әр түрлі болатынын түсіндіріңіз. «Арзан дүние алатындай тым бай емеспіз» деген тіркесті естіген боларсыз. Күлкілі естілсе де, бұл сөздің жаны бар. Себебі осы тіркестен ақшаны ақылмен жұмсау экономикасы мен рационалды таңдау жасаудың маңызын аңғарамыз. Балаға осы қағиданы түсіндірсеңіз, оны ақшаны орынсыз жұмсаудан, кедей адамша ойлаудан сақтап қаласыз. Себебі кей тауарлармен ақшаны үнемдеуге болса, тағы басқа өнімдерді алғанда керісінше ақшаны аямай, сапалысын таңдаған дұрыс екені ақиқат.

Қаржылық әдеттерді қалай қалыптастырамыз?
· Баланы коммуналдық төлемдерді төлеуге тартыңыз
· Супермаркет кассасында бірге төлеңіз
· Біріге онлайн сауда жасаңыз
· Үлкен саяхатқа ақша жинаңыз
· Бірге қайырымдылыққа ақша салыңыз немесе инвестиция құйыңыз
Жоғарыдағы тізімді жалғастыра беруге болады. Бастысы ақша бала үшін қызықсыз не жабық тақырып болмауы керек. Баланы процеске араластырғанда, ол қаншама дүниені қағып алып, сізге сұрақтар жаудырса таңғалмаңыз.

4. «Ақшаны сәтті жинау үшін шығынды алдын ала жоспарлап, аса маңызды емес шығыннан бас тартыңыз»
Балаңыз 6-7 жасқа толса, оған күнделікті ақша беруді бастасаңыз болады. Себебі бала ақша жұмсауды күнделікті тәжірибемен көбірек үйренеді. Баламен бірге отырып, шағын тіскебасар алып, оны қуантатын дүниелерді сатып алуға қанша ақша керек екенін есептеңіз. Бұл жерде балаңыздың ақша санай білуі маңызды. Себебі қолыңдағы ақшасын, алғысы келетін заттың бағасымен салыстыра білгені жөн. Қолма-қол ақшамен төлем жасағанда сатушының қайтаратын ақшасын да есептей алғаны керек. Өйткені бүкіл әлем электронды төлемге біртіндеп көшіп келе жатса да, балалар күнделікті мектепке қолма-қол ақша ұстайтыны жасырын емес. Барлық ата-ана бір мезеттен банк картасы мен интернет банкингі бар смартфонын баласына беруге дайын емес.

Балаға күнделікті жұмсайтын, яғни қалта ақшасын қалай берген дұрыс?
Екі жолы:
· Ақшаны күнделікті аз-аздан беріңіз. Сонда бала ақшаны бірден шашпай, біртіндеп жинап тиыннан теңге құралатынын түсінеді.
· Бір аптаға немесе айға белгілі бір бюджет бөлесіз. Бір жағынан бала ақшасын бірден жұмсап жібереді деген де қауіп бар. Бірақ осылайша ол қаржылық тәртіпті үйреніп, шығынды жоспарлауды үйренеді.

5. «Қымбат дүние алғың келсе, мақсат қой да ақша жина»
Тағы бір қалыптасқан дәстүрлі жол ақша жинайтын ыдыс, былайша айтқанда «копилка» ұстау. Әуелі бұл шыны банка болуы мүмкін. Бастысы бала ақша қалай жиналатынын көрсе болғаны. Ал оны жинау процесі ойын секілді болғаны абзал. Кейінірек балаға депозит не брокерлік шот ашып, оған түскен қаржыны мобайл қосымшада бірге қадағалай аласыз.