Инвестиция тартқанда қандай мақсат болды?
Ерасыл: 100 мың доллар алған инвестициямызды енді тиімді жұмсап, жақсы нәтижеге жетуді мақсат еттік. Қаншама маманды тартып, шағын ұжым құрдық. Бизнес болғасын қателіктер де кететіні белгілі. Сол сияқты біз жинаған адамдардың кейбірінің жұмысы нәтиже көрсете бермейтінін аңғара бастадық. Содан адам саны емес, тиімді жұмыс істеуге көбірек мән бердік. Аутсорсқа жүгінуді дұрыс көрдік. Тағы бір айта кететіні, 2022 жылдың көктемінен бастап оқушыларға тест тапсыру үшін бір айға не алты айға тест сатып алатын мүмкіндік бердік. Ол үшін бұл қызметке жазылу керек. Осылай пайда түсе бастады. Бірақ шығынымыз одан көп еді. Инвестор алдында үлкен жауапкершілік алғасын жобамыз үздіктер қатарынан көрініп, шынымен де пайдалы жоба болу керек деген міндет қойдық.
Тест сұрақтарын қайдан алдыңыздар, оны даярлауға маман тарттыңыздар ма?
Ерасыл: Itest, Megamozg сияқты платформалардан актуалды тест сұрақтарын жүктеп отырдық. Оған қоса кейбір сұрақтарды мұғалімдермен ақылдасып салдық.
2022 жылы UStudy компаниясы бізбен серіктестік орнатып, өз тестерін біздің платформада сату мақсатында меморандумға отырдық. Заң тұрғысынан құжаттарды әзірлеу ұзақ уақыт алды. Бірақ нәтижесінде 250 мыңдай сұрақтан тұратын тест жүктелді. Олардың тесті қосымшада балама ретінде ақылы сатылды.
Тесттің бір кемшілігі, уақыт өткен сайын біраз сұрақ актуалдығын жоғалтады. Сондықтан сұрақтарды реттеп, жүктеп отыру керек. Төлем жағын да жеңілдетуге тырыстық. Kaspi, сонымен қоса PayBox, қазір ол FreedomPay арқылы төлем жасау мүмкіндігін енгіздік. Осылай табыс тауып жүрдік. Бірақ біздің шығынымыз одан да көп еді.
Қосымшаларыңызда тест сұрақтарынан бөлек, оқушыларға бірден көмек беретін қызмет жайлы естіп едік. Сол туралы толығырақ айта кетсеңіз.
Ерасыл: Сан емес, сапаға жұмыс істедік. Соның арқасында платформада жоғары рейтинг көрсетті. Таза, яғни органикалық пікірлерді көріп, дұрыс бағытта дамып жатқанымызды ұқтық. Сосын бір аралық кезең болды. Онда мына бизнес модель ойлағандай табыс әкелмейтінін түсіндік. Содан оқушыларға жақын болу үшін бірден көмектесу қызметін іске қосатын болып шештік. Оқушы қай уақытта, қай жерде болмасын шығара алмаған есебін не сұрағын суретке түсіріп жібереді. Біз оны мұғалімдерге жібереміз. Қай мұғалім бірінші қабылдаса, сол екеуінің арасында уақытша чат ашылады. Дәл қазір осы жаңа функцияны іске қосып жатырмыз. Математика, физика, химия, қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінен осындай мүмкіндік бар. Бұл — ақылы қызмет. Сұрақ күрделілігіне байланысты төлемі де әртүрлі болады. Дәл қазір бұл қызметке шағын аудитория арасында бета тестинг жасап жатырмыз. Яғни бұл қаншалықты мұғалімдерге тиімді, қандай пайда әкелетінін анықтаудамыз. AB тест жасап жатырмыз. Қолданушыларға тегін қызмет беріп, тексерудеміз. Шешім қабылдау үшін осындай сынақтар жасап, анализ жасаған маңызды.
Ақбота: Біздің негізгі мақсат — мұғалім мен оқушы арасында байланыс орнату. Адам адамнан үйренеді. Балалар білмегенін мектепте сұрауға ұялатыны жасырын емес. Бәлкім, интернеттен жауабын іздеп көрер. Одан таппайды. Осылайша қанша оқушы білмеген сұрағын жауып қоя салады. Ал мына қызмет осындай мәселенің шешімін табады. Сол сәтте, сол мезетте оқушы білмеген есебін суретке түсіріп жіберсе, мұғалім екеуінің арасында байланыс орнап, шешімін тауып, өз сұрағына жауабын алады. Әр оқушы әртүрлі. Қабылдауы да бөлек. Сондықтан осы қызмет ұтымды ұсыныс болмақ. Болашақта видеочат жасаймыз. Мақсатымыз — оқушыларды жеке оқыту, әрқайсының қабылдауына сай оқыту жолын табуға көмектесу. Бұл — Қазақстанда алғаш рет қолға алынып жатқан жоба. Айына белгілі ақыға жазылуға болады, 100 сұраққа дейін қоя алады.