Болашақ жасанды интеллект қолында ма?

Жуырда Астанада QAZAQFORUM атты қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың VI форумы болып өтті.

15 мамыр 2023

Обложка: Катя Эл feat. Bing Image Creator
Жуырда Астанада QAZAQFORUM атты қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың VI форумы болып өтті. Кезекті форумда «Жасанды интеллект дәуірі: қазақ медиасын қайта зерделеу» тақырыбы қозғалды. Сонда сарапшылар қазіргі таңда жасанды интеллектің елімізде қалай қолданылып әрі дамып келе жатқанын айтып, нақты мысалдарын көрсетті. Форумдағы бірнеше спикердің бұл турасында пікірін ұсынамыз. Әрі мақала соңында осы тақырыпқа қатысты түрлі маман өкілдері қатысқан сауалнама нәтижесін ұсынамыз.
ІТ кәсіпкер, Galamat Media компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Абай Серғазиевті жұмыс істеуге жетелейтін себептің бірі – ел экономикасын көтеру, екіншісі – мықты идеология жасау. Осы екі мақсатты мұрат тұтқан оның ІТ, медиа және білім беру саласы бойынша Қазақстанда және шетелде 20 шақты жобасы бар.

«Негізі жасанды интеллектің қарқыны біз ойлағаннан тезірек болып жатыр. ChatGPT-3,5, ChatGPT-4 – OpenAI компаниясының 10% ғана жұмыстары. Оны қайдан білеміз? Бізде жұмыс істеген бірнеше жас қазір сол компанияда қызмет етеді. Бұл – жасырын ақпарат. Бірақ та әлемнің осылай тез өзгеріп жатқаны қуантады. Екінші жағынан, қорқынышты. Илон Масктың өзі бұл өзгерістен үрейленетінін айтады ғой. Қазір бізге көрсетіп жатқандары осыдан бес жыл бұрын, яғни 2018 жылдары дайын болған. Не үшін бірден көрсетпеді? Өйткені әлем тез өзгеріп кетуге әлі дайын емес. Көп адам жұмыссыз қалады», — дейді маман.

ІТ кәсіпкердің айтуынша, Galamat Media компаниясы 2016 жылы ашылғалы бері жасанды интеллект индустриясында жұмыс істеп келеді.

«Алғашында компанияда 12 адам жұмыс істедік. Ол уақытта сайттар, кейінірек пабликтер танымал бола бастады. Нарықта сұранысқа ие болып жатқан жобаларды жүзеге асырдық. Осынша адам әлеуметтік желілерде 23-24 танымал пабликті жүргіздік. Алайда оларға бюджет бөлінбейтін, нарықта аса деңгейі де болмады. Сол мәселені шешу үшін контентті автоматтандыратын инструменттерді жаздық. Нәтижесінде қазіргі таңда TikTok желісіне жасанды интеллект арқылы Digital «блогерлерімізді» шығардық. Олардың моделін жасағанда, аудионы түсініп, өзі «ойлануына» күш салдық. Сондай-ақ «блогерлер» нарықтағы контентті өзі саралап, керегін ала алады. Мәселен, қазіргі уақытта news.qaz атты парақшаны толықтай бот, яғни жасанды интеллект өзі жүргізеді. Айына 29 миллион қаралым жинап отыр. Өзі мәтін жазып, логотипін қойып, күніне 8-15 пост дайындап шығарады. Осындай парақшалардың саны — 70. Айына 280 миллионнан аса қаралым жинаймыз. Біз әр ниша бойынша жобалар жасаймыз. Мәселен, «Ғұлама» жобамызда діни контент болады. Жасанды интеллект Рамазан айы кезінде көптеген діни сұраққа өзі жауап берді. 1 ай ішінде 180 000 оқырман мен 40  миллионнан аса қаралым жинады. Таргетингке ақша кетпеді. Қазіргі таңда жоба көбейгенімен, компанияда қызмет атқаратын адам саны 6-ға қысқарды», — дейді Абай Серғазиев.

Жасанды интеллект жайлы сөз қозғағанда, оның қаржыға қалай әсер ететіні де қызықтыратыны сөзсіз. Бұл тұста ІТ кәсіпкер табысының Қазақстандағы ірі медиа компаниялармен бірдей екенін айтты.

«Бізде таргетинг жасай алмайтын кіші кәсіптер бар. Сонымен қатар бізге массмаркеттің өнімдері де келеді. Мәселен, Albeni өніміне таргет керек емес, оған қаралым саны маңызды. Бұл компаниялар телеарнаға жарнама берсе, қымбаттау шығады. Ал біз қаралым көбірек жинатып әрі ең арзан баға ұсынамыз. Жоғарыда аталған жобаларды не үшін жасаймыз? Маған идеология мен экономика қызық дедім ғой. Алдағы 4 жылға әлемдегі танымал компаниялар біздің жобаны сатып алатындай болса деген жоспарымыз бар. Қазақстанда медиада табыс табу қиын. Үнемі тендер, грант іздеп жүреді. Егер жобаларына ІТ бөлігін қосса, шетелдік нарыққа шығуға болады», — дейді маман. Ол болашақта компаниядан жұмыстан шығып, жасанды интеллекті өзінің орнына директор етіп, ерекше кейс жасағысы келетінін жеткізді.

Елімізде жасанды интеллектіні әр салаға қосып жатқан мамандар бар. Солардың бірі — Big Data қауымдастығының президенті Сергей Ахметов. Ол журналистика саласында іске асырған жасанды интеллект сайтта жұмыс істейтін журналистерге көмек ретінде 5 креатив тақырып пен лид жазып бере алады. Сонымен қатар тег жазуды да, материалдың категориясын да толық автоматтандырған. Ақпаратыңызға жасанды интеллект арқылы креатив 10 сурет те ұсынады. Жаңалықты жылдам беретін кезде бір тетік арқылы барлық әлеуметтік желіге тарату мүмкіндігі де іске қосылған. Тіпті материалдың қатесін де жасанды интеллект өзі түзетіп береді.

Форумға қатысушылардың бірі Астана медицина университетінің жалпы медицина факультетінің студенті Нұрай Бейбіт жасанды интеллектің өз саласында тезірек дамығанын қалайтынын жасырмады.

«Басқа шетелдік мемлекеттердің медицинасына көз тастасақ, жасанды интеллект алда дамып келе жатыр. Ғалымдар оны пайдаланып, эксперимент барысында 1300 пациентті хирургиялық араласу кезінде 546 мың минут бақылаған екен. Жасанды интеллект соның бәріне анализ жасап, гипотонияның төмендеу алгоритмін жасаған екен. Екінші тәжірибеге 204 пациентті қарастырғанда, жасанды интеллект шұғыл артериялық қысымның төмендеуін есептеп шығарған. 84% 15 минут ішінде, 84% 10 минут ішінде, 87% 5 минут ішінде анықтаған. Ғалымдар жасанды интеллектінің осындай қабілеті арқылы операциядан кейінгі немесе операция алдындағы қауіп-қатерді азайтуға болады дейді», — деп ой қосты студент.

Нұрай дәрігерлер қоғамында мамандармен бірлесе отырып, үлкен жобалар бастап жатқанын жеткізді. Рентген суретін жіберіп, 10-15 минут ішінде сізге қазақша диагнозыңызды шығарып беретін жасанды интеллект құралы құрастырылып жатқанын тілге тиек етті.
 
Осындай ауқымды форумнан кейін жаңа технологиялардың өмірімізге оң ықпалы туралы көп ой түйдім. Содан жасанды интеллект қоғамда қандай көзқарас тудыратынын анықтау мақсатында әлеуметтік желіде сауалнама ұйымдастыруды жөн көрдім. Оған 16-60 жас аралығындағы 55 адам қатысты. Суретші, мұғалім, сценарист, құрылысшы, фотограф, видеограф, технолог-менеджер, т.б. түрлі сала мамандарының 72,7 %-ы «Жасанды интеллектің не екенін білесіз бе?» деген сауалға «Иә, жақсы білемін» деп жауап берген. 21,8%-ы «естуім бар» десе, 5,5%-ы мүлде білмейтінін айтқан.
Қатысушылардың 80%-ы жасанды интеллект еліміздің әр саласының дамуына қажет деп санаса, 16,4%-ы халықтың мұндай өзгеріске дайын емесін, ал қалғаны мүлде керегі жоқ деп санайды.
35 адам жасанды интеллект өз саласында қолданғанын көрмегенін, ал 16 қатысушы жұмысында ол жолға қойылғанын жеткізген. Қалғаны бұл терминді әлі түсінбейтінін жеткізген.
«Жасанды интеллектіден болашақта адамзатқа зиян тиюі мүмкін бе?» деген сауалға «Иә, адамдар аз ойлануы немесе жұмыссыз қалуы мүмкін, т.б.» және «Жоқ, пайдасы бар. Мәселен, жұмыс процесін жеңілдетеді» деп жауап бергендер саны шамалас. Қалған қатысушылар «Қазіргі кездегі жұмысымды істей берсем жеткілікті» деген пікірге қосылған.

P.S. Сауалнама нәтижесінен де байқағанымыздай, жасанды интеллект терминімен таныс емес адамдар да бар. Бұл ұғымды білсе де, оның  мүмкіндіктерін толық түсінбей, оған дайын емес жандар да жетерлік. Бүгінгі цифрландыру дәуірінде жасанды интеллект күннен-күнге даму үстінде. Сондықтан осындай жаңа технологияның игілігін көру үшін көбірек насихат жүргізіп, әр сала өз жұмысын ілгерілетуге құралдарды қосса игі. IV өндірістік революция кезеңінде дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін жаңа өзгерістерге дайын болуымыз маңызды.