Әпкелі-сіңлілер ашқан кофехана несімен танымал?

Жайлы кофехана. Карамелді латте. Тәтті «Сникерс» торты. Алматыда жылдың кез келген мезгілінде жанға тыныштық сыйлайтын әрі көпшіліктің көңілінен шығатын осындай орын бар. Ол – Paco кофеханасы. Мұны ашқан жандар – әпкелі-сіңлілі Назгүл мен Мадина Нарышевалар. Бір кәсіпті қос бауырдың қалай дөңгелетіп отырғаны бәріне де қызық болар? Осы орайда The Voice Media тілшісі Назгүл Серікқызынан мұның қыр-сырын біліп көрді.
2018 жылы Алматы қаласында кофехана ашқан әпкелі-сіңлілер бірге шағын бизнес бастауды бұрыннан бері армандаған.

«Мен кофені жақсы көріп, таңдап ішетін едім. Сондықтан кәсіп бастағымыз келген кезде бірден кофехана ашсақ деген ой келді. Ал сіңлім Мадина той-томалақ ұйымдастыратын агенттік ашқысы келетін. Алайда менің ұсынысым қабылданып, іске кірісіп кеттік», - дейді кәсіп иесі.

Қызығы, әпкелі-сіңлілер кофехана ашқанша бірнеше жыл бойы банк саласында жұмыс істеген. Назгүл әкімшілік-шаруашылық және қаржы бөлімдерінде, ал Мадина маркетинг бөлімінде қызмет атқарған. Мамандықтары – менеджмент. Назгүл бизнес бастағанда түрлі қиындық болғанын жасырмайды.

«Кофехананы франшиза бойынша ашпаймыз деп шештік, өйткені өзіміз бәрін басынан бастағымыз келді. Алайда алғашында кофеханамызды ешкім білмеді. Бизнес басқаруда тәжірибеміз мүлдем болмады. Кофені де өзіміз дайындап, қонақтарды да өзіміз қарсы алатын едік. Іштегі тазалыққа да жауап беретін Мадина екеуміз едік.

Қазіргі таңда бұл кәсіптің көп артықшылығын көріп келеміз. Кофейня ашылғанда қонақ болып келген адамдар бүгінде біздің жақын достарымызға айналды.

Бұл жоба дәмді кофе дайындап қана қоймай, басқаруда шешімдер шығаруға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді. Бірнеше жыл бойы банкте істегендіктен бе, еркіндік сезініп жүргендейміз», - дейді Назгүл Серікқызы.

«Бауырлардың бірге бизнес бастағаны қиын емес пе?» деген сұрағымызға кәсіпкер былай жауап берді:
«Біз әпкелі-сіңлі екенімізді бірінші орынға қоюға тырысамыз. Егер бірнәрсеге көзқарасымыз бірдей болмай қалса, компромисс іздейміз. Бұл жәйт, бір жағынан, қиындық тудыртса, екінші жағынан, бүкіл мәселеде бір-бірімізге толықтай сенім артуға мүмкіндік береді».

Кофехана иесі Назгүл мұндай бизнес бастауға қанша сома кеткенін айтып өтті.

«2018 жылы 40 шаршы метр кофейняны ашуға 5 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Келесі 3 жылдың ішінде веранда ашуымызға, жазғы алаңды ұйымдастыруға, қосымша 40 шаршы метр жаңа бөлме дайындауға 4 миллион теңгедей қаражат кетті. Әлі күнге дейін ол қаржы тоқтаусыз бизнеске құйылып жатыр», - дейді кәсіпкер.

Кәсіп бастау оңай дүние емесін көпшілігі біледі. Ал кофехана ашамын деп жүрген жандар мына нәрсеге дайын болғаны жөн:
«Бірінші жарты жылда бизнес мүлдем пайда әкелмейді. Сіздің миыңыз 24/7 режимінде жұмыс істейді. Кадрдан да көп қиындық болады. Мәселен, кейде келе алмай қалған қызметкердің орнына жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар барлық қонақтың ойынан шықпайтыныңызды да біліңіз. Жағымсыз пікірлерді де естуге де дайын болыңыз. Қоғамдық тамақтану саласы дегеніміз күнделікті тынымсыз жұмыс дей аламын».

Ал Назгүл мен Мадинаны аталмыш кәсіптегі бәсеке алаңдата ма?
«Біз барлық әріптесіміздің жұмысын құрметтейміз, сол себепті оларды бәсекелес ретінде қабылдамаймыз. Әрбір кофеханаға өзінің қонағы табылады. Бастысы, дәмді кофе, жоғары деңгейдегі сервис, жайлы интерьер, қонақжай ұжым мен тазалық болса жеткілікті. Ал «Пако» кофеханасының ерекшелігі – қонақтармен индивидуалды қарым-қатынас, қоғамдық желілерде белсенділік пен бір орында тұрмай, бизнесте жаңа сатыларға көтерілу», - деп жауап берді Назгүл.
Кофеханаға кіргенде, қызметкерлер жылы шырай танытады, жайлы аура бірден сезіледі. Назгүл қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда, не нәрсеге мән беретінін айтты.

«Кофехана енді ашылған кезде кез келген қонағымызды жылы қабылдадық. Адамгершілік пен қарапайымдылығымызды көрсету арқылы олардың жүректеріне кілт таптық десек те болады. Командаға маман аларда біздің құндылықтарымызды міндетті түрде түсіндіреміз. Олар жұмыс кезінде сол талаптарды ұстанады. Былай қарасақ, көбінесе кандидаттармен сұқбаттасқанда, тәжірибеден гөрі потенциал, эмпатия, шынайылық, жауапкершілік пен әдептілік сынды қасиеттеріне қарап таңдау жасаймыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, кәсіп жүргізу үшін үнемі білім алып, ізденісте болу керек.
«Сіңлім Мадина қазір Ұлыбританияда тамақтану экономикасы мен маркетинг мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастырып жатыр. Алған тәжірибесі бизнесті әрі қарай дамытуға көмектесетініне сенімдіміз. Кофейня саласындағы трендтерден қалмауға, әрдайым жаңалық енгізуге тырысамыз.

Алдағы мақсатымыз – Алматы қаласынан екінші кофехана ашу. Форматы бойынша біріншіден өзгешелеу болады деп ұйғардық. Өзінің кішігірім цехы мен бариста дайындайтын орталығы болады деп жоспарлап отырмыз», - деп сөзін аяқтады кәсібін сүйетін Назгүл Нарышева.