Дархан Төлегеновтің дебюттік “Ағайындылар” фильмі прокатқа шықты

Сондай-ақ "Ағайындылар " еуропалық «Сандэнс» деп аталатын әлемдегі жетекші инди фестивальде ұсынылған алғашқы қазақстандық фильм болды. Бұл тәуелсіз кинематографистердің шығармашылығын қолдауға бағытталған кинофорум. Оған қоса, кинокартина АҚШ, Канада, Ресейдегі фестивальдердің ресми бағдарламасына кірген. 2022 жылы Германиядағы Олденбург халықаралық фестивалінде "Ағайындылар" туындысының тұсаукесері өтті. Ол кезде аталған фильм қазылар алқасының "Кино рухы" арнайы сыйлығымен марапатталды. Бұл киножобаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен "Golden Man Media" компаниясы жарыққа шығарған.

Жақсылық пен жамандық арпалысқан өмірде сан түрлі тағдыр бар. Фильмде де тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ағайындылардың өмір жолы шебер суреттелген. Отбасындағы жылудың, мейірімнің маңызды екенін көрсететін кинокартина жаныңды ерекше бір сазға бөлеп, жүрегіңді шымырлатады.

Туған ата-анасының жауапсыздығынан екі бауыр бір-бірінен жырақта өсті. Жетімдіктің қамытын ерте киіп, тағдырдан көп теперіш көрді. Қаны бір ағайындылар сонда да келер күннен үмітін үзбей, әкесін іздеуді еш тоқтатпайды. Тіпті тура жолдан тайып, қылмысқа барады. Фильмнің сюжеті келешектен күдерін үзбей, мейірім іздеген екі бауырдың шытырман оқиғасына құрылған.

Жалпы туындыда өмірдің соқпақты жолдарымен бетпе-бет келген балалар үйінің түлегі Ақжол атты жасөспірімнің қилы тағдыры баяндалады. Ол өзін тастап кеткен әкесінің тірі екеніне көзсіз сеніп, оны іздеуге кіріседі. Ақжол әлеуметтік баспанада өзге жетімдер үйінен шыққан Димаш деген жігітпен бірге тұрады. Екеуі бірге күнкөріс қамымен қарақшылықпен айналысады. Бір күні күтпеген жерден әкесінің туысын жолықтырып, туған бауыры барын біледі. Бірақ інісі Дәлен ауқатты отбасыда өмір сүреді. Өзге дінді ұстанған ол шіркеуге барады, орысша сөйлейді.

Екі бауыр да бұл өміріне риза емес әрі бақытсыз. Ағасы Ақжол қылмыс әлеміне тартылып, тура бағыттан адасса, бауыры Дәлен болса өгей ата-анасының айтқанын екі етпеуге мәжбүр. Бірақ екеуінің де ойы, арман-тілегі бір - туған әкесін қайткенде де іздеп табу. Бейне бір әкелері келіп бар ауыртпалықтан қос бауырды құтқаратындай. Сондықтан сол жолда бәрін құрбан етуге дайын.

Фильмнің желісі бойынша Ақжол туған інісін ақырында тауып, оны әкесін іздеуге көндіреді. Дәлен отбасын табуға үміттеніп, белін бекем буады. Сол үшін ағасы Ақжолмен бірге қылмыс жасап, қолын былғайды. Қос жігіт әкесін іздеп, жаяу шекара асады. Тіпті заң бұзуға мәжбүр болады. Осылайша, жақсы өмірге жетелеген үміт бір-ақ сәтте қылмыс пен кекке айналды.

Ағайындылар фильмінің ең әсерлі тұсы да осы, мұндағы оқиғалар шынайы өмірден туындаған. Режиссер Дархан Төлегеновтің айтуынша, өзінің туған інісін кейіпкердің орнына қойып, сол тақырыпта біраз толғанған. Нәтижесінде драма жанрындағы, шым-шытырық оқиғаға толы айрықша бояуы бар туынды дүниеге келді.

Дархан Төлегеновтың пікірінше, кино - ол айна. Одан өзіміздің, қоғамның бейнесін көре аламыз. Сондықтан ағайындылар арасындағы бекем әрі асқақ бауырластық сезімді дәл осы туынды арқылы көрсеткісі келген. Бір туғандардың бір-бірі үшін жан қиюға дайын екенін жеткізуді мақсат еткен.

Айта кететін жайт, режиссер осыған дейін қысқаметражды кинокартиналар түсіріп келген. Ал "Ағайындылар" фильмін түсіру идеясы аяқасты туындаған. Айта кететіні, бұл кино көркем және деректі фильмнің қосындысынан тұратын арт-мейнстрим бағытында түсірілген.

Басты рөлдерде Әлішер Исмаилов, Айбар Салы және Азат Жұмаділ ойнаған фильм түсіріліміне кәсіби мамандар атсалысты. Сценарист Ален Рахметалиев, продюсер Максим Акбаров, қоюшы оператор Шерхан Таңсықбаев бастаған топ туындының көрермен жүрегіне жол табуы үшін аянбай тер төкті. Сондай-ақ іріктеу кезінде кино әлеміне жаңадан қадам басып жатқан жаңа актерлерге, дебютанттарға басымдық берілді.

Тағы бір ескере кететін жайт, кинодағы ағайындылар екі бөлек әлемнің адамдары. Ақжол еркін әрі бүлікшіл болса, Дәленде бәрі керісінше. Жоқшылық- байлық, қылмыс - береке, тыныштық - соғыс, жарық - қараңғы. Осының бәрі контрасқа шебер құрылған. Тереңіне бойлап, астарына үңілсең отбасының, бауырластық байланыстың маңыздылығын ұғынасың.