Оның айтуынша, бүгінде Dopamine Voice тобы барлық контент түрлерін қазақ тілінде дыбыстап жүр. Мысалы, аниме, сериалдар, фильмдер, мультфильмдер, бейнеойындар, аудиокітаптар, жарнамалар және т.б. Барлығын бірге алып жүру бос уақыт пен қаржылай мүмкіндікке байланысты екен. Сонымен қоса контенттің сапасына ерекше көңіл бөлетінін айтты.
«Барлық мықты блогер сияқты біз де контенттің сапалы әрі қызықты болғанына ерекше мән береміз. Трендтерден қалыспай, бейнежазбаларды жүйелі шығарып отыруға тырысамыз. Барынша көрермендердің сын-пікірін қарастыра отырып, контентімізді жақсарта отырамыз. Контент сапасы әрдайым өсіп жатқандықтан, көрермендер бізден үнемі жақсы дубляж күтеді. Соны ескеріп, күш жұмсаймыз.
Бастапқы кезде біз желіде кеңінен таралмас бұрын, айқын әрі қатал жоспар құратынбыз, яғни «1 аптада 30 қысқа үзіндіні дыбыстау, күн сайын бір видеоны TikTok желісінде салып отыру» деген сияқты жоспарлар бойынша жұмыс істедік. Қазір тобымыздың біраз мүшесі бұл жұмыспен тұрақты түрде айналыса алмағандықтан, басты жобалар мен болашақтағы жұмыстарымызға ауқымды жоспар құрдық. Коммерциялық емес жоба болғандықтан өте қатал мақсат қою қиынға соғады», – дейді топ жетекшісі.
Марлен Биназар бұл жоба бастапқыда қызығушылық негізінде басталғанымен, бүгінде табыс әкеліп жатқанын айтады.