Ер адамдар эмоциясын неге шығармайды?

фото - ИИ midjorney


Қоғамда ер адамдар эмоциясын жасырады деген түсінік бар. Расымен де, жігіттер жыласа – күліп, мазақ ететіндер жоқ емес. Соның әсерінен болар, кей ер-азаматтар  әлсіздігін көрсетуге қысылады, ішкі мұңын өзгелермен бөлісуге тырыспайды. Психолог Жаннұр Дәуренбекова жігіттердің эмоциясы жөнінде бірнеше сұраққа жауап берді.

Жігіттердің эмоциясын шығаруы неге қиын?

         Психолог біздің қоғамда кей ерлердің эмоциясын дұрыс көрсете алмауына тарихи оқиғалар себеп болуы мүмкін деп ойлайды.
         «Қазақ тарихына үңілсек, халқымыз ер-азаматтарға жауынгер ретінде қараған. Ол отбасының, Отанның тіреушісі, қорғаушысы кейпінде бейнеленген. Мұндай ауыр жүкті сезінген ер-азаматтың көбі эмоциясын көрсетсе, әлсіз болып көрінемін деп ойлайды. Алайда тек жігіттер ғана емес, сонымен қатар әйелдер де соғысқа барғанын ескеру керек. Бұл дегеніміз  үйде де, түзде де ер мен әйелдің жауапкершілігі тең екенін білдіреді. Яғниадамдардың жынысы әртүрлі болғанымен, бәрінің де бір ғана жаны бар. Бәрі де түрлі ситуацияға байланысты алуан көңіл күй сезінеді. Мәселен, адамдарда эмоционалды күю (эмоциональное выгорание) деген болады. Егер мұны ер адам білмей, білсе де, мән бермесе, оның ішкі тірегі ақсап, құлдырап кетеді», - дейді маман.
         Оның айтуынша, сыртқа шықпаған кез келген эмоция адамның бейсанасында қалып қоя бермек.
          «Байлар да жылайды» деген сөз бар. Ендеше, неге ер адамдар да эмоциясына ерік бермеуі керек? Адамдар жан дүниесіндегі өзгерістерді қанша басып, тұншықтырғанымен, ол ешқайда кетіп қалмайды. Адамның бейсанасының түкпірінде ығысып, кептеліп қала береді. Ал қиналған адам мұны білместен өз өміріне зиянын келтіруі мүмкін. Сол себепті эмоцияныорнымен шығарып отыру керек. Не сезініп жатқанын білген жөн», - дейді психолог.
Баланы «Жігіттер жыламайды» деп өсірудің зияны
         Маманның айтуынша, ата-ана бала күнінен баласының эмоция көрсеткеніне дұрыс қарауы керек.
         «Ер бала мен қыз баланың айырмашылығы – жынысы. Ал адам жаны жынысқа, жасқа бөлінбейді. Психологиялық сауаты бар әр ата-ана ұл баланы да, қыз баланы да сезімтүрлерімен таныстырып, эмоциясын шығаруға мүмкіндік беріп үйреткен дұрыс. Мысалы, «сен ашуланып тұрсың», «аяғың ауырып тұрғандықтан жылағың келе ме?» деген сұрақтар қою арқылы баланың жан дүниесін түсінуге тырысу керек.
         Міне, осы сезімдерін тануға, эмоциясын шығаруға мүмкіндік берген ата-анаға баланың сенімі артады. Ата-ана балаға қолдау көрсете алса ғана екі ортада алтын көпір пайда болады. Сол көпір арқылы олар бір-бірін ести алады, түсіне алады», - дейді Жаннұр Дәуренбекова.

«Жалғыз қалғанда жылаймын»

         Осы тақырып жөнінде жастардың да пікірін сұрап көрдік. Мәулен есімді 22 жастағы жігіт эмоцияны орнымен шығару керек деп санайды.
         «Мен эмоциямды мүлдем шығара алмаймын және бұл үшін ешкімді кінәлағым келмейді. Себебі біздің үйде ешкім олай эмоциясын оңай көрсете қоймайды. Жалпы эмоцияны көпшіліктің көзінше шығарғанға қарсы емеспін. Бастысы қай эмоция болсын, шектен аспаса болды. Мәселен, қазір жылағым келсе, тек жалғыз қалғанда жылаймын. Жігіт болған соң, көзжасымды елге көрсеткім келмейді», - дейді жас жігіт.
         Оның айтуынша, ата-анасы бауырларына қамқор бол деп тәрбиелеген.
         «Ата-анаммен еркін сөйлесемін. Алайда өмірімде болып жатқанды 100% айту керек деп санамаймын. Бірақ біраз дүниені сол кісілерге айтып барып іске асырамын. Жеке қарым-қатынасқа қатысты нәрселерді де ол кісілермен талқылай беремін.
         Мені інісі мен қарындасын қорғап жүр деп тәрбиеледі. Ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Ұрлық, өтірік айту деген секілді әдет менде де және біздің үйдегі басқа балаларда да жоқ. Мұның бәрі – ата-ананың тәрбиесі. Менің ойымша, қарындасы мен інісіне бас-көз болған жігіт отанын да қорғай алады», - дейді ол.
«Оңды-солды әрнәрсеге жылай бермеу керек»
         Ал Жансая есімді 23 жастағы бойжеткен бұл тақырып жөнінде былай дейді:
«Ерлердің эмоциясын көрсете алмауы тек қазақ қоғамына тән емес деп ойлаймын. Меніңше, әлем халқына ортақ стереотип секілді. Бұрын соғыс кезінде жігіттердің мықты, рухты болуы аса маңызға ие болды. Сол себепті оларға эмоциясына ерік бермеуді үйрететін болған.
         Мен эмоцияны жасырғанды да, қатты көрсете бергенді де құптамаймын. Адам эмоциясын басқара алуға тиіс», - дейді Жансая.
         Ол балаға эмоцияны ретімен шығаруды үйрету керек деп есептейді.
         «Баланың эмоциясын шектемеу керек. Бірақ оңды-солды әр нәрсеге жылай бермеуді үйрету қажет сияқты. Алайда тек жігіттерге ғана емес, қыздарға да солай айтқан жөн. Өмір болған соң, түрлі ситуацияға дайын болу керегін түсіндіру керек.
         Қарым-қатынас құра білу тікелей ата-анаға байланысты дүние деп білемін. Кішкентай кезінен еркелетіп өсіретін болса, бала да жақындарына ойын айта алатын болады. Ал бала күнінен «сен жігітсің, эмоцияңды көрсетпе» деп, барлық жауапкершілікті артып қоя берсе, олар да ата-анасынан алшақтап кетеді. Болмаса арқасына аса үлкен жүк артып, эмоционалды тұрғыда олардан алыстап кетуі мүмкін», - дейді бойжеткен.