Психологиялық зорлық-зомбылықтың түрі көп: адамды тіпті ауруға душар ететін қызметтегі түсініспеушілік, отбасындағы күйзеліс, адамдардың өзін- өзі жоғалтып, таба алмауы. Ал осыған жақындарынан көрген қиянат келіп қосылса, ол адамға қысым көрсетумен тең емес пе? Демек, «Газлайтинг» терминінің тереңіне үңілсек, оны бір сөзбен озбырлық дейміз. Ал онымен күресудің жолдары қандай? Газлайтингтің құрбаны болмау үшін не істеу керек? Бұл туралы The Voice Media тілшісі кеңінен тарқатады.
Кейінгі кезде БАҚ-та, блогерлердің жазбаларында "газлайтинг" термині жиі ұшырасады. Алайда, оның түпкі мәнін көбі жете түсіне бермейді. Қазіргі таңда бұл сөздің ауқымы кеңейген, атап айтқанда манипуляцияны сипаттау үшін пайдаланылады. Бұл да психологиялық әрі эмоциялық зорлықтың бірі. Бір сөзбен айтқанда, қиянат жасаудың өзгеше түрі.. Мұндай психологиялық қысымға ұшыраған адам істеген ісінің дұрыстығына күмәнмен қарайды, өзін кез келген сәтте кінәлі сезінеді. Тіпті, өзіне, өз күш-қуаты мен түйсігіне сенуден қалады. Газлайтердің көздегені де осы адамға босқа айып тағып, оның ерік-жігерін басып, өзін-өзі басқара алмайтындай күйге түсіру.
Американың Merriam-Webster басылымы газлайтинг ұғымына "өз пайдасы үшін адамды әдейі адастыру әрекеті" деп сипаттама берген. Лингвистер де бұл терминнің соңғы кезде саяси мәселелерде де жиі қолданылып жатқанын жоққа шығармайды. Оған қоса, дипфейк, фейк-ньюз сынды кейінгі уақытта танымал болған атаулармен бірге қатар айтылады. Аталған терминнің түп-төркіні Патрик Гамильтонның 1938 жылғы "Газ шамы" пьесасында жатыр. Бұл шығарманың желісі бойынша 1944 жылы фильм де түсірілген. Туындының сюжеті бойынша, әйелі күйеуінен психологиялық қысым көреді. Ер адам әйелінің ақыл-ойы дұрыс емес екендігіне оны сендіру үшін түрлі айла-шарғыларды қолданады. Үйіндегі заттардың орнын ауыстырып, жарықты әдейі сөндіріп, әйелінің әрекетін бақылайды. Заттардың кенеттен жоғалуы, жарықтың бәсеңдеуі тек оған ғана солай көрінетініне сендіреді. Озбыр күйеуі әйеліне дәл осылай өктемдік жасап, оның жүйкесіне айықпас салмақ салады. Жұбайын ақыл-есінен адастырып, сол арқылы шын кейпін жасырып, айласын асырады.
Бұдан кейін газ жарығы атауы психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде кең қолданысқа ие болды. Газлайтингті 1960 жылы психотерапевт Рональд Лэйнг егжей-тегжейлі зерттеп, оның соңы ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын анықтады. Яғни газлайтингтің құрбаны болған адамның жүйкесі сыр беріп, кейде ол депрессияға түсіп жатады. Көбінесе жәбірленуші өз-өзіне, сезімдеріне сенбей бәріне күмәнданады, шешім қабылдай алмайды. Тіпті, шизофрения сынды психикалық ауруларға шалдығуы мүмкін. Осылайша, манипулятор өзінің жалған сөзіне сендіріп арам пиғылын жүзеге асырады. Осы ретте газлайтингті қарапайым өтірікпен шатастырмаған жөн. Жалған сөз жеке адамдар арасында айтылса, аталған термин жеке де, саяси сипатта да қолданылады.
Психоаналитик Робин Стерннің зерттеуі бойынша, газлайтингтің құрбаны болған адам 3 кезеңді басынан өткереді. Бірінші кезеңде өктемдік жасаған адамның оғаш қылықтарын байқаса да жәбірленуші бұған ешқандай мән бермейді. Және бұл оқиға енді қайталанбайтынына, оның кездейсоқ болғанына сенеді.
Содан кейін ол газлайтерге өзінің ойын барынша дәлелдеп қорғануға тырысады. Бірақ, өзіне, өз іс-әрекетінің дұрыстығына күмән келтіре бастайды. Соңғы кезеңде жәбірленуші қиянат жасаушыға сөзсіз сенеді, оның әрекетін дұрыс санайды. Сондай-ақ болып жатқан жағдайға өзін кінәлайды. Осының салдарынан манипуляцияға ұшыраған жан өзін жоғалта бастайды және шарасыздыққа тап болады. Түптеп келгенде, мұның соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін.
Осы ретте агрессор мақсатына қол жеткізу үшін түрлі әдістерді қолданады. Өтірігінің үстінен түскен күннің өзінде шындықты жоққа шығарады. Сондықтан қысым көруші қайсысы ақиқат, жалған екенін ажырата алмай күмәнданады. Жалған сөзді қайталай беріп, оны шындыққа айналдыру арқылы психологиялық соққы беру де газлайтердің бір тактикасы. Бұған қазіргі таңда психология саласында кең етек жайған аффирмация ұғымы мысал бола алады.
Тағы бір айта кететін жайт, манипулятордың айтқан сөзі ісіне сәйкес келмейді. Жауапкепшілікті сізге аудара салады. Сондықтан олардың сөзіне емес, іс-әрекетіне қарап қорытынды шығару керек.
Оған қоса, мұндай адамдар сіздің қадір-қасиетіңізді төмендетіп, еңбегіңізді бағаламайды. Бір кезде өзінің қателескенін айтып, ойын әп-сәтте өзгертіп салады. Мысалы, кейде ата-анасы да туған баласын сөзбен қажап, "сенің қолыңнан түк келмейді" "қабілетің жоқ" деген сияқты оған айыптар тағады.
Сонымен қатар абьюзерлер өздерін кез келген сәтте қолдайтын адамдарды оңай тауып, оларды бір-біріне қарсы қойып, манипуляцияны шебер жасайды. Олар біреуге қиянат жасауға бейім болғанымен, өз-өздеріне сенбейді әрі сынды дұрыс қабылдай алмайды. Барлығына өзін емес, басқаларды кінәлайды, өз қателігін еш мойындамайды.
Газлайтингтен арылудың жолдары қандай деген сұрақ туатыны даусыз. Онымен күресу үшін ең алдымен, қарым-қатынаста газлайтингті анықтап алу аса маңызды. Бұндай қарым-қатынастан шығу үшін өзіңе деген сенімділікті қайта қалыптастыру керек. Себебі, психологтардың айтуынша, өз күшіне, қабілетіне, сенбейтіндер газлайтингтің құрбаны болады. Сондықтан манипулятордың құрығына түспес үшін адам өзін-өзі құрметтеп үйренуі керек. Тіпті болмаса, кәсіби маманның көмегіне жүгінгені абзал. Ол газлайтингтің салдарын, яғнм қорқыныш, депрессияны жеңуге барынша көмектеседі.
Егер сіздің бойыңызда газлайтерге тән қасиеттер барын сезсеңіз, терапевтке барып, бұл жағдайдың бар-жоғын, себебін анықтау қажет. Маман газлайтинг арқылы қандай қажеттіліктерді қанағаттандырып жүргеніңізді түсінуіңізге сеп болады. Оған қоса, ол сізге манипуляциясыз қарым-қатынас дағдыларын, өз іс-әрекетіңізді бақылай білуді үйретеді.
Психотерапевт Робин Стерн де өз кітабында газлайтингпен күресудің тиімді әдістерін ұсынған. Атап айтқанда, газлайтерден алшақ болу арқылы оның әсерінен арыла аласыз. Сондай-ақ не қалайтыныңызды, өміріңіздің маңыздылығын басты орынға қоюыңыз керек. Егер агрессор өз қателігін түзетпей, ісін жалғастыра берсе, ол адаммен қарым-қатынасты үзген дұрыс.
Газлайтингке қарсы тұрудың тағы бір жолы - араласатын ортаңызды көбейту. Бұрыннан таныс адамдармен жиі байланысып, олардың сіздің бойыңыздан қандай өзгеріс байқағанын білуге тырысыңыз. Психотерапевтпен немесе жақындарыңызбен аталған жайт туралы ашық сөйлесіңіз. Олар мәселенің мән-жайын анықтауға септігін тигізеді.
Ал "Сокращенная жизнь" кітабының авторы Ариэль Ливтың пікірінше, қандай жағдай болмасын төзімділік танытып, ұстанымыңызға берік болу керек. Өзгелер сіздің сөздеріңізге күмәнданған кезде оған қарсы тұру тактикасы да жақсы нәтиже береді. Сондықтан әрқашан фактілерге сүйеніңіз, өзіңізді кінәлауға жол бермеңіз. Газлайтерге оның қолданған айла-тәсілін жазбай танитыныңызды білдіріңіз.
Ал адамның газлайтинг екенін қалай білуге болады? Біріншіден, ол ашық түрде жалған сөйлейді. Сізді үнемі режітеді, қорлайды. Адамның ең осал тұсына соққы береді. Оларды алдау үшін басқалардың пікірлерін пайдаланады. Сондай-ақ жәбір көрушіге оның туған-туыстарын қарсы қояды.
Газлайтер манипуляция жасау барысында үнемі осындай сөздер қолданады:
"Бәрі сен ойлағандай емес, тек саған солай көрінді"
"Сен болмайтын нәрсеге тез ашуланасың"
"Қателік сенен кетті"
" Басқалардың айтқанын тыңдамайды, маған сен". Осылайша, манипулятор сізді болмаған нәрсеге кінәлайды немесе өзінің кей сөздерін жоққа шығарады.
Бүгінгі күні белең алған газлайтинг құбылысы туыстық, қызметтің, достық байланыста айрықша байқалады. Мұндай манипуляцияны жақын адамдардың арасында аңғару қиынға соғады. Бірақ оның қалай жүзеге асатынын білсеңіз, одан қорғана аласыз. Мысалы, егер жігіт бұрынғы қызы туралы жағымсыз пікірлер айтса, ондай адамнан өзіңізді алшақ ұстаңыз. Ал осыны біле тұрып сол азаматпен шаңырақ құрсаңыз, психологиялық қысымның құрсауында қалдым дей беріңіз. Себебі, ол ер адам сізді жақындарыңыздан, ортаңыздан бірте-бірте алыстады. Бұл жайттар сізді жиі күйзеліске түсіреді, ақыр соңында өміріңіздің мәні жоғалады. Осы мәселені манипуляцияға әсер беруді тоқтату арқылы шешуіңізге болады. Сіз ол адамның пікірімен келісіп, көңілінен шығуға тырысқан сайын жағдай ушыға береді. Егер сіздің тарапыңыздан еш реакция болмаса, агрессордың әрекеті де уақыт өте өзгере бастайды.
Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда газлайтинг психологиялық қысым көрсету формасы ретінде кең етек жайып барады. Ал оған төтеп беру үшін психологиялық тұрғыда қалыпты психика керек екендігі сөзсіз. Себебі, заман талабы да осыны қажет етеді.