«МЕНІҢ АТЫМ ҚОЖА» ФИЛЬМІНЕ

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ


Сіз фильм не сериал көріп отырғанда не нәрсеге мән бересіз? Кино көріп болған соң ше? Мән-мағынасына ма, режиссердің жұмысына ма, сценарийге ме? Мүмкін, осы аталғандардың бәрін де талқылайтын боларсыз? Алайда бұдан бөлек көпшілік назар аудара бермейтін дүние бар. Ол – киноға психологиялық талдау жасау. Бүгінде психологтар әлеуметтік желідегі парақшаларында көрген шығармасына психологиялық тұрғыдан түсініктемелер беріп жүр. Киноталдаудың мұндай ерекше форматының арқасында оқырмандар туындының астарын терең түсініп жатқанын жеткізген.

Осы орайда қызықты киноталдаудың бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алғашқысы – қаржы бойынша коуч, блогер Роза Әшірбаеваның «Менің атым Қожа» фильміне психологиялық талдауы:

«Менің атым Қожа» балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 1957 жылы жазған шығармасының желісімен 1963 жылы түсірілген кинокомедия.
Қожа – 12 жастағы оқушы, анасы және әжесімен бірге тұрады. Әкесі соғыстан жараланып келіп, көп ұзамай өмірден озады. Қожаның әкесі ауылда құрметті кісі болған. Ал анасы – колхоздың үздік қызметкері.

Фильмде Қожа 5-сыныпқа өткелі жатады. Ол осы жастағы әр балаға тән ішкі күйзелісті басынан өткізеді, өзі басқа балалардан өзгеше. Сондықтан да достары жоқ, көбінесе жалғыз жүреді. Оны сыныптастары «Қара көже» деп мазақтайды.
Қожаның фильмде көрсетілген «теріс» қылықтары көп. Соның бірі: 5-сыныптың кітаптарын кезекке тұрмай алу үшін қулық жасап, дүкенге кіріп кетеді. Сол кезде басқа балалардың аяғын басып, мұғалімді алдап, қажет кітаптарына қол жеткізеді.

* * *

         Қаратай – Қожаның анасының әріптесі. Қожа Қаратайды өлердей жек көреді, анасы Миллатты одан қызғанады.
         Қаратай Қожаға «әке керек» деп ойлайды.

Сұлтан – жылқышының ұлы. Ол – мектепті тастап кеткен, жаман әдеттерге әуес, бұзақы бала, Қожаның досы. Оның тентек қылықтарын көтере алмаған ұстазы Рахманов оны биоробот еткісі келеді. Алайда әбден езгіге шыдамаған Сұлтан мектептен шығып кетті. Оны қоғам мен ата-анасы қатыгез етіп үлгерді.
Қожа анасының Қаратаймен кетіп бара жатқанын көріп, ашуланып, ауылдан 25 шақырым жердегі тоғайға Сұлтанмен бірге кетіп қалады. Екеуі әбден шомылады. Балық ұстап, пісіріп жеп, тойып алады. Үйге енді қайтқалы жатқанында Сұлтанның аты қашып кетеді. Содан екеуі түнеп, ертесіне ауылға жаяулатып әрең жетеді. Сол кезде Қаратай Қожаны көріп қалып, ұрсып жатады. Шын мәнінде, ол – бөтен адам. Қожаға жекуге еш құқығы жоқ. Міне, осы жерден мынаны байқауға болады: Кеңес одағының адамдары біреуді жөнге салуды, ақыл айтуды дұрыс деп білген. Қазір де біреудің жеке өміріне кірісіп кететіндер қаншама?!

* * *

Майқанова – қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Қожаның сынып жетекшісі.

Ол фильмде: «Естеріңде болсын, балалар! Егер тәртіп бұзатын болсаңдар, менен жақсылық көрмейсіңдер!» – дейді. Мұғалімнің бұл сөзі – адамға ашық қоқан-лоққы көрсету. Балаға мұндай қарым-қатынас көрсетуге болмайды. Сондай-ақ оны жақсы мұғалім дейтіндер, тәрбие осындай болу керек деп санайтындар бар.

* * *

Мұғалім Рахманов Қожаның әкесімен дос болғанын айтады. Оның әкесін соғыста жараланып, 10 жыл кеудесінде оқ жүрсе де, еш үндемеді деп сипаттайды. Осылайша балаға асқар тауы жайлы естелік айтып, оны кінәлі сезіндіреді.
Жантас пен Жанар – Қожаның сыныптастары.
         Кинода кей қылықтарымен сүйкімсіз, қу, сұм көрінетін Қожа мен Жантас та – әлі кішкентай балалар. Олар әлі жақсы не жаман болу дегеннің не екенін білмейді. Тек бірге тұратын үлкендерінің істегенін қайталайды. Мәселен, Қожаның анасы мен әжесі үйінде ер кісі болмаған соң, өзін қорғансыз сезінеді. Кеңес үкіметі кезінде әйел жалғыз болмау керек деген идеология басым болған. Қаратайдың еш саспастан Миллаттың үйіне кіріп алатыны – содан. Ал Қожа бала ғой, ол бейсаналы түрде үйдегі адамдардың сезімін қайталайды. Ол да өзін қорғансыз сезінеді. Сол үшін де өзін ренжіткендерге қарсы шабуыл жасап жүреді.
Жантастың ата-анасы жайлы ақпарат жоқ. Бірақ ол оқымысты отбасынан шыққан секілді. Ал басқа балаларға жоғарыдан қарағанынан оның колхоз басшысының не сондай биліктегі кісінің баласы екенін байқауға болады.

* * *

         Қожа түсінде өзін мықты ғарышкер ретінде көреді. Бұл сюжетті ашып талдар болсақ, кейіпкердің ішкі қалауы мен сыртқы агрессиясын байқауға болады.
Түсінде ол көңілін қалдырғандардан ақысын алып, басқалардың қошеметіне бөленіп жатады. Бұдан баланың жай ғана оны өзгелердің түсініп, ренжітпегенін қалайтынын аңғаруға болады.

* * *

         Бір сюжетінде мектеп үйірмесінде оқушыларға бақа ұстап әкеліңдер деген тапсырма береді.  Ал Қожа бұдан алдына жан салмайтын. Алайда мектепте балалар бақамен ойнап, тентектік жасайды. Ал мұны мұғалім Майқанова өзін масқаралау үшін жасады деп қабылдайды. Дегенмен Қожа істеген ісін мойындайды.
Содан анасы Миллатты мектеп директоры шақыртады. Бірақ Қожа бұзық болса да, сабағын жақсы оқиды, біреудің ала жібін аттамау керегін біледі. Бұл тентектігіне де әжесі түсіністік танытады. Оның мейірімінің арқасында бала жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Істеген ісіне өкініп, анасынан жылап кешірім сұрайды. «Ауылдағы ең жуас бала боламын» деп уәде береді.

* * *

         Педагогикалық кеңесте мұғалімдер баланы тергеп, тіпті, мазақтайды. Алайда олардың қылықтары ересекке емес, кішкентай балаға көбірек келеді. Қожамен керісіп, қызметі мен билігін асыра сілтеп, баланы қыспаққа алып, басынады. Ол анасына берген уәдесін бұларға да береді...

* * *

         Қожаның ісін тек мұғалімдер емес, достары да талқыға салады. Жиналыста оқушылар адамның құнын түсіріп, адами құқығын таптайды. Жастайынан балаларды бірлесе қорлауға, әлсізді мазақ етуге тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда, барлығы бір балаға буллинг жасайды...

* * *

         Кеңес одағында үндемейтін, құлықсыз, қой аузынан шөп алмас, тек «беске» оқитын бала ғана жақсы болып есептелетін. Жүйе мен қоғам тек бәріне «ыңғайлы» баланы тәрбиелегісі келді. Ал ол «ыңғайлы» ересекке айналатын. Мұндай адамдар айтқанға көнгіш, мемлекеттен ештеңе талап етпейтін азамат болады. Осылайша авторитарлы режимдегі мемлекеттер тек осындай халыққа билік еткісі келген. КСРО да солардың бірі болды. Өкінішке қарай қазіргі таңда да бұл идеологияның сарқыншағы бар. Ата-ана, қоғам әлі де тұлға емес, «ыңғайлы» биоробот тәрбиелегісі келеді...
         Негізінде Қожа – еркін ойлы, креативті бала. Болмысы ерек. Тапқырлығының арқасында кітаптарын кезектен тыс алды, бақаны кәмпит деп, Жанарға фокус көрсетті. Бірақ қоғамдағы шектеулер оны бостандығынан айырып, агрессивті етті…
«Бала Қожа сияқты тентек болса, не істеу керек?» деген сұраққа шығарма авторы да, режиссері де туынды соңында жауап береді. Баланы шеттетпе. Оған сен. Мейірім бер!