Маңғыстау туризмі: туризмді дамытуда турұйымдарының ықпалы қандай?

6 мамыр 2023

Маңғыстау облысы –  үстіртті ойпатты, шөл, құлазыған иен дала. Бұл жер әулие-әмбиелерімен, тарихымен киелі деп аталатыны бәріне аян. Құрғақ далалы жер болса да бұл өңірде туризм саласы белсенді дамып келеді.
Қазіргі таңда облыс бойынша өңірді аралап, оны танытуға арналған 42 турұйымдары және 20-ға жуық бағыт бар. Оның ішінде туристер сұранысына қарай автобуспен, мотоциклмен, жеңіл көлікпен апаратын, ұзақтығы 2 күннен 2 аптаға дейін созылатын турлар бар.
Негізінен туризм саласы мәдениетті зерттеу мақсатындағы туризм, қоғамдық туризм, классикалық туризм сынды түр-түрге бөлінеді. Облыстағы туризм саласының қаншалықты дамып келе жатқанын білу үшін аймақтағы белсенді турұйымдарымен тілдескен едік.

Мәдени туризм. Бұл туризмнің түрі өзге елдің рухани құндылықтарын, мәдениетін, тарихын зерттеп-білуге бағытталған. Туризмнің осы саласы тарихи, мәдени және географиялық құндылықтарды зерттеу, көру мәселелерін қамтиды. Бұл турасында + 362 турұйымының басшысы Ерлан Джумаев әңгімелеп берді.

Ұйым Маңғыстау облысының туризмін дамытуға бағытталған. Негізінен ішкі туризмді ілгерілетуге күш салады. 2012 жылы YouTube желісінен арна ашып, Маңғыстаудың ең әсем жерлерін көрсете бастады. 10 жыл ішінде 100 видеоролик түсіріп, соның арқасында туристер қызығып, келе бастағанын айта кету керек. 2019 жылы Ақтау қаласынан 39 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында “Caspiytourfest” фестивалін ұйымдастырғаны да бар. Оған 2500 адам қатысса, оның ішінде Таяу және алыс Шығыстан 50 турист келген. 2022 жылы екінші рет өткізілген бұл фестивальге 2000 көрермен қатысып, алыс өңірлерден 20-дан аса блогер атсалысып, Маңғыстаудың тұмса табиғатымен тамсанды.

Ерлан Джумаевтың әңгімесіне сүйенсек, ол 2018-2019 жылдары Бейнеуде жергілікті ғалымдармен бірлесіп тарихи тур ұйымдастырған екен. Ең қызығы, олар саяхат барысында танысқан 18 мешіттің 8-і еш жерде тіркелмеген. Маңғыстауда мұндай ресми тіркелмеген тарихи мекендер жетерлік. Ұйым негізінен 4-5 күндік тур немесе 2 апталық экспедиция жасайды. Экспедиция жасаудағы мақсат: туристерге көптеген жұмбақ жерді көрсету. Мысалы, Булыойық Үңгірі. Бұл – Қарақия ауданынан Үстіртке өтетін жерде, солтүстік-шығыс бағытында 80 км жердегі үңгір. Үңгірді алғаш рет 2012 жылы жергілікті ғалымдар ашқан. Араға 2 жыл салып, ұйым мүшелері сол үңгірге қайта саяхат жасай бастаған. Ұйым басшысының айтуынша, өңірде кең танылмаған Новоалександровоск бекінісі атты жер де бар. 10-15 км аумақты қамтитын мекенді ресми түрде 1834 жылы Орынбор генераторы Перовский ашқан көрінеді.

«Сол ғасырлардан бері бұл тарихи жердің сақталуы да қуаныш. Әр Маңғыстаулық бұл жерді танып-білуі қажет деп санаймын. Қазір 29-30 сәуір және 1 мамыр аралығына 3 күндік экспедиция жоспарлап отырмыз. Экспедицияны турмен шатастырмау қажет. Экспедиция бұл нағыз экстримге толы саяхат. Карантинге дейін жылына 500 туристпен саяхат жасайтынбыз. Пандемиядан өткен соң, сәл бәсеңдеп қалдық. Десек те, бұрынғы қарқынды жоғалтпауға тырысамыз. Қазір жылына шетелден 20 шақты турист келеді. Ал ішкі туризм аясында айына 50-ден аса туриспен саяхаттаймыз. Сәуір, мамыр айларында науқан басталып, саяхатшылар ағыла бастайды. Олар Маңғыстауды Кениядан да әдемі деп сипаттайды» – дейді ұйым басшысы Ерлан Джумаев

Қоғамдық немесе классикалық туризм. Қоғамдық туризм кезінде саяхаттаушы саналы түрде арнайы бір топпен ғана демалуды мақсат етеді. Өзіне жаңа дос, орта тауып, саяхат жасайды, жаңа орындармен танысады.

Бұл ретте «Кеттік Маңғыстау» турұйымының мүшелерін мысал ретінде көрсетуге болады. Олар әлеуметтік желілерде, әсіресе Инстаграм, Тикток желілерінде сұлу жерлерді көрсетіп, насихат жасап жүр. Олар Маңғыстауға туристердің басым көпшілігі сол әлеуметтік желілердегі белсенділік пен насихаттың өтімділігінің арқасында келіп жатқанын айтады. Бүгінгі күнге дейін 4000-ға жуық туристке қызмет көрсеткен. Олардың ашық аспан астында кино көріп, от жағып, би кешін ұйымдастыратын “Лагуна” атты туры бар. Әр турға 120-ға жақын турист келеді. Бұл да ішкі туримзнің дамуына жақсы әсер ететіні анық.

Қоғамдық туризмді дамытуға талпынып жүрген жастар сенбілік ұйымдастырып тұрады. 17 наурызда «Біз адамдармыз – біз біргеміз» қоры және Lider.kz еріктілер ұйымымен бірге 80-нен аса адам сенбілік өткізген болатын. 50 қап қоқыс қалдығы шығарылып, 20 түрлі гүлден 40 көшет еккен. “Сенбіліктерді жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Өңірдегі биожағдайға бей-жай қарамаймыз”-дейді ұйым мүшелері.

Негізінен өңірімізде туризм саласы енді белең алып, дамып келеді. Әсіресе, пандемиядан соң ішкі туризм белсенді дами бастады. Облыстың түкпір-түкпірін аралатып, көркем табиғаттың сұлулығын көрсететін ұйымдар да 2 есе көбейді. Сондай-ақ бұған турұйымдары арасындағы бәсеке де әсер еткен болуы мүмкін. Ұйымдардың маңғаз өлкенің туризмін дамытуда қосқан елеулі еңбегінің арқасында ішкі және сыртқы туристерді санағанда Маңғыстауды жылына 5000-нан аса турист аралайды. Олардың арасында Бекет ата жерасты мешіті, Бозжыра шатқалы, Жығылған, Ыбықты сайлары, Шерқала тауы бағыттары сұранысқа ие. Аталған орындардың әлеуметтік желілерде тарап кеткені сонша, арнайы сол орындарды көруге келетін туристер жоқ емес.

Солардың бірі – Сусара Матрисаева. Ақтау қаласының тұрғыны. Маңғыстау облысына турист боп келіп, кейін тұрғынына айналған екен. Қазір Маңғыстауға деген алғашқы махаббатын ашқан «Кеттік Маңғыстау» ұйымында гид болып қызмет атқарады.

«Маңғыстау облысына деген қызығушылығым 2018 жылы басталды. Өңірді зерттей жүріп, Ақтаудағы жағажай демалыстарына, теңіз көріністеріне, сондай-ақ аймақта салт-дәстүрлердің сақталғанына, жергілікті тұрғындардың сөйлеу стиліне қызықтым. 2021 жылы алғаш рет саяхаттап келіп, бірден ұнатып, өткен жылы Ақтау қаласына көшіп келдім. Бозжыраға деген қызығушылығым әлі күнге дейін басылған емес. Қанша барсам да жалықпаймын. Біздің елімізде осындай әдемі көрініс бар екеніне ерекше қуанамын. Ол маған құдды бір бөлек әлемдей көрінді. Сондай аппақ, таза, тыныштыққа толы жер. Бозжырадан бөлек Ыбық сайы, Қызылкүп шатқалы және Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата мешіттеріне бардым. Әрқайсының өзіндік ерекше көрінісі бар. Жақындарым, достарым маған қарап, Маңғыстауға келгісі келетінін жиі айтады» – дейді ол.

Айта кететін жайт, сіз саяхаттап баратын өңірді жақсы танысуыңыз немесе нашар пікір қалыптастыруыңыз турұйымдарына тікелей байланысты. Сондықтан бағыт-бағдар беретін ұйымдарды мұқият таңдауға кеңес береміз.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Ақтауға келген сапарында Маңғыстау облысын Халықаралық іскерлік және туризм орталығына айналдыру қажет екенін айтқан. Одан бері де инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше жоба қолға алынып, маркетинг шаралары өткізіліп жатыр. Маңғышлақ түбегінен Үстірт жазығына дейінгі 16 миллион гектар аумақты алып жатқан Маңғыстау облысының туризм өлкесі атану үшін әлеуеті жоғары. 5 мемлекетпен шектесетін ол теңіз туризмін дамытуда да үлкен үлес қосып отыр. Соңғы жылдары өлкеге тек мұнай іздеп емес, саяхат жасауға келушілер саны артуда. Оны пандемиядан кейін турұйымдарының көбеюінен де байқауға болады.