Гүлмира Мұхтарова: Кей жәдігерлерді ата-бабамыз не үшін пайдаланғаны белгісіз

“Есік” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын халық Алтын адам арқылы танитыны белгілі. The Voice Media тілшісі мекеме директоры Гүлмира Райылқызымен музей мәдениеті, жәдігерлердің сақталуы және осы саладағы мәселелер жөнінде сұхбаттасты.
Музейдегі көпшілікке беймәлім, бірақ бәрі көруге тиіс дейтін жәдігерлер жөнінде айтсаңыз?

Біздің музей-қорықтың негізгі объектісі – Алтын адам. Халық арасында “Алтын адам” музейі деп аталуы да содан. Қазіргі кезде 3000-нан астам артефактілеріміз бар. 90 пайызға жуығы экспозицияға қойылған.   Олардың бәрі құнды, бәрінің де табылу тарихы бар. Әрқайсысы біздің тарихымыздан сыр шертеді. Олар – сонау тас дәуірінен орта ғасырға дейінгі уақыттың жәдігерлері. Бұл жерде тек негізгі заттарды айтып отырмын. Одан басқа, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған қаңқа сүйектері мен  қыш ыдыстарының сынықтары өте көп. Сондықтан беймәлім заттар жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен әрбір артефактінің құпиясын толық аша алдық деп айта алмаймыз. Көп зерттеуді қажет ететін біраз дүние бар. Кейде кейбірін арғы аталарымыз не үшін пайдаланғанын да біле алмай жатамыз.

40 жылдай Алтын адамның қаңқа сүйегі туралы мәлімет белгісіз болып келді. 2013 жылы оның қаңқа сүйегін анықтадық. Оған бірнеше сараптама жасадық. Әрине, бас сүйегінің қайда екеніне жауап таба алмай келеміз. Алтын адам төңірегінде ашылмаған құпия көп. Қазіргі кезде жынысын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алтын адаммен бірге табылған тостағандағы “есік жазуының” да сыры ашылмай тұр. Бір сөзбен айтқанда, негізгі объектіміздің өзі – тұнып тұрған құпия.

Жалпы музей, музей-қорықтардың тірлігі сырт көзге тыныш көрінгенімен, қоғамда атқаратын міндеті өте үлкен, атқаратын жұмыстарының да ауқымы кең. Экспозиция, мәдени іс-шаралар, ғылым, тағысын тағы. Әрине, жұмыс болғаннан кейін кемшіліктер де болады. Мамандар тапшылығы, қаржы мәселесін де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ қол қусырып отырмай, өз тарапымыздан әрекет жасауға тырысып бағамыз. Соның нәтижесінде біраз жетістікке де жеттік.


Біздің елдің музей мәдениетіне көңіліңіз тола ма? Бұрынғымен салыстырғанда, келушілер санында өзгеріс бар ма?

Музейге келушілер бойынша айтатын болсақ, бастапқыда мектеп-мектепті аралып, туристік фирмалармен келісімшартқа отыру арқылы келушілерді тартсақ, қазір біраз танымал болған жайымыз бар. Өз бетінше келушілердің саны да күннен күнге көбеюде. Қуантатыны – отбасымен келушілердің саны артып жатыр. Бір келген адам қайта келсе – біз үшін жақсы көрсеткіш. Сондықтан да экспозицияға өзгерістер енгізіп, уақытша көрмелер ұйымдастырып тұрамыз. Сонымен қатар бастапқыда Түрген, Есік көліне барушылар музей-қорыққа жол жөнекей соғатын болса, қазір арнайы келетіндер көбейді. Биыл шетелдіктер, әсіресе, Оңтүстік Корея, ҚХР, Ресей, Үндістан, Сауд Арабиясы және т.б. елдерден көп келіп жатыр,

Музейдегі жәдігерлердің сақталуы қандай деңгейде?

Музейдегі артефактілерді сақтау шаралары жөнінен мақтана алмаймыз. Шетел музейлерін аралаған кезде осы жағынан қаншалықты кенде қалғанымызды мойындауға тура келеді. Бұл – қазақстандық музейлердің барлығына ортақ мәселе. Дегенмен қазір біраз музей-қорықтарда жаңа сапар орталықтары салынып, қалпына келтіріп, жаңғырту зертханалық іске қосылып жатыр. “Есік” музей-қорығында да келесі жылы жаңа ғимарат салынып бітеді. Жаңа талаптарға сай экспозициялық залдар құрып, зертханалар ашу жоспарда бар.

Ұлттық мұраларымызды сақтау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Биыл біз ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған бағдарламасы аясында “Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде” атты  халықаралық тәжірибелік семинар өткіздік. Семинарға АҚШ, Ресей, ҚХР, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысты. Онда Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық қалалардың тарихы мен мәдениеті, соның ішінде дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Талғар, Қойлық қалашықтарының мәселесі қозғалды. Ғалымдар өз ойын ортаға салып пікір алмасты. Ал музей-қорықтар музей қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті.

Бірінші күні қонақтар “Есік” музей-қорығына тиесілі Талғар қалашығын, “Рахат” археологиялық кешенін, “Есік” некрополін аралап, онда жүріп жатқан қазба жұмыстарымен танысты. Шетелдік қонақтарға Есіктің табиғатын көрсеттік. Семинар нәтижесі бойынша мақалалар жинағын шығардық. Сондай-ақ әрбір спикердің баяндамасын ғаламторға жарияладық.

Музейге байланысты қандай мәселелер алаңдатады?

Алдыңғы бір сұқбатымда музей бойынша арнайы заң қабылданбаған бірден-бір ел – Қазақстан екенін айтып кеткен едім.  Көрші мемлекеттерде музей, тіпті, музей-қорықтар туралы арнайы заңдардың қабылданғаны ешқандай да құпия емес. Бұл заңдар біздің елде де арнайы қарастырылса, музей ісі бойынша біраз мәселенің басы ашылар еді.

Сонымен қатар музей-қорыққа бірнеше тіл білетін мамандарды іздеп жатамыз. 35 жасқа дейінгі  қызметкерлер 45-50 пайызды құрайды екен. Әрине, арнайы музей мамандығын  бітіргендер өте аз, көбі – тарихшылар. Кез келген жұмыс табандылық пен біліктілікті қажет етеді. Адамдар біздің музейге жұмысқа тұрарда, міндетті түрде алдын ала дайындықтан өтеді. Сол сынақтан өте алмай, жұмыстан шығып кетіп жататындар да кездеседі. Бізге шет тілін білетін мамандар өте қажет, сондай-ақ олар сол тілде еркін сөйлеуі керек. Себебі экскурсия жүргізу барысында көрермендер міндетті түрде қызығушылық танытып, сұрақтар қойып жатады. Бүгінде ағылшын, түрік, қытай тілін жетік білетін мамандарымыз бар. Алайда ағылшын тілін еркін білетін мамандар жетіспей жатады. Кейде экскурсия барысында француз, неміс тілінде де ақпарат білгісі келетін қонақтар болады. Ал шет тілді еркін сөйлейтін жастар айлығы көп жұмыс іздейтіні түсінікті…