НОВОСТИ

Қытайда қазақстандық логистикалық орталықтың құрылысы басталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда сайты.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімге қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынған. Бүгінгі іс-шара Қытай төрағасының сол бастамасымен сай келеді.

Тоқаевтың айтуынша, еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салған. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрылып, жаңа теміржол бағыттары ашылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды.

«Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар рәсім барысында Сиань қаласы әкімінің міндетін атқарушы Е Нюпин мен «ҚТЖ «ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев сөз сөйледі.

Ақорда мәліметінше, келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр.