- Қазақша дыбыстауды бастауға не түрткі болды? Студия қашан құрылды және оның атауы неге “Orda” деп қойылғанын айтып өтсеңіз?
- Жалпы,
“Orda” студиясы 2023 жылдың 30-шілдесінде менің туған күнімде құрылды. Мен ол кезде 18 жасқа толған едім. Бұрыннан таныс достарымды шақырып, студияның негізін қаладым.
Орда — түркі-моңғол тайпаларының әскери-әкімшілік орталығы, мемлекет басшыларының тұрағы.
Яғни Астана, ал Астанада дарынды жастар көп. Сол мағынаны ұстана отырып, біріккен қазақ дыбыстаушылары болып бекітілгенбіз. Тағы бір айта кететін жайт, студия тек онлайн жұмыс істейді.
Ең алдымен кәріс фильмдерін дыбыстаудан бастадық. Біртіндеп халықтың құлағын үйрету үшін бастапқыда олардың күнделікті көріп жүрген фильмдерін қазақ тіліне дубляждадық. Сол сәттерде дыбыс жазатын сапалы аппаратымыз болмағанына қарамастан, қолға алған ісімізді тоқтатпадық. Осылайша, жобаларымыз көптің көңілінен шыға бастады.
- Дубляж саласына қалай келдіңіз? Қандай қиындықтар болды?
- 13 жасымнан бастап осы күнге дейін дубляж саласында бағымды сынап, тәжірибе жинап келе жатырмын. Әне, міне дегенше содан бері 6 жыл өтті. Бастапқыда қиындықтар да болды, мемлекеттің де, халықтың да, бәрінің қолдауы ауадай қажет болды. Бізге көрермендер арасында қолдау ретінде 500-1000 теңгеден қаржы аударып,
donat жібереді. Студиямызды қазіргі уақытта ешкім тікелей қаржыландырмайды. Аппаратура барлығы өз қаржыма алынған.
Оған қоса, көбісі телеарналардағы құлаққа жағымсыз дыбыстаманы естіп, қазақша дубляждан жерініп кеткен. Сондықтан көпшіліктің сеніміне қайта кіру қиын болды. Сын айтатындар барлық жерде бар, көбісінің орысшаға құлағы үйреніп қалған, қазақша дубляжды менсінбейді.
Оларды да түсінуге болады, мойындау керек қазақша дубляж көбінесе тым әдеби тілде беріледі. Слэнгтер қосылмайды, еркін аударма деген жоқ. Сонымен бірге, актерларды дұрыс таңдамайды.
Міне, сынаптай сырғыған 6 жылдың ішінде осындай сындардан сабақ алып, ауыртпалықты да, талай қызықты оқиғаларды да бастан кешірдім. Түсінгенім, қандай жағдай болмасын, бастаған ісіңді тоқтатпай, жалғастыра беру керек. Жұмысымызда үнемі қаражат бола бермейді. Соған қарамастан, біз үшін балалар мен ересектер арасында қазақша контентті дамыту басты орында. Егер энтузиазм болмаса, бұл салаға келудің қажеті жоқ.
- Фильмдер мен мультфильмдерді қандай патформалардан тамашалауға болады? Аудиториясы кімдер және олардың сұранысы қандай?
- Аудиториямыз әртүрлі жастағы көрермендер. Біз дыбыстаған туындыларды 16 жастан бастап, тіпті 55 жастағыларға дейін көреді. Қазіргі таңда телеграм арнамызда 30 мыңға жуық,
ВК парақшамызда 20 мыңға жуық көрерменіміз бар. Олардың сұранысы, детектив, триллер жанрындағы фильмдер. Сонымен бірге, үлкендер де, кішілер де көретін мультфильмдерді жиі дыбыстаймыз деп ұйғардық. Осылайша, болашақта ол жақсы жобалардың қатарына кірері анық. Біз дыбыстаған танымал туындылардың әзірге тек
Telegram арнадан жоғары сапада тамашалай аласыздар. Сайт жасау да ойымызда бар, бірақ қаржы жағына келгенде ақсап тұрмыз.
- Әуесқой қазақ дыбыстамасымен айналысқалы бері бір жыл бойы неше туынды дыбысталды? Сондай-ақ нені басты назарда ұстайсыздар және негізгі ерекшеліктеріңіз қандай?
- Осы уақытқа дейін түрлі драманың 100 бөлімін, сондай-ақ 5 толық метражды фильмді дыбыстап үлгердік. Оған қоса, Дәурен Серғазин, Рүстем Жаныаманов, Дина Төлепберген және тағы басқа танымал адамдармен бірлесіп жұмыс істедік.
Тобымыздың басты ерекшелігі, бізде көп дауысты дыбыстама жақсы жолға қойылған. Ол дегеніміз, бір жобада кем дегенде 10 адам болады. Мәселен, "Өрмекші адамды" 12 адам дыбыстадық. Мұнымен қоса, дубляж жасаған туындыны уақытылы шығарып, барлық donat жайлы мониторинг ұсынамыз. Сонымен бірге ресми дыбыстамаға көшкіміз келеді, ол үшін дестрибьютор болу қажет. Дестрибуция өте көп қаржыны талап етеді.
- Сіздер дыбыстаған мультфильмдер мен фильмдер сапалы әрі тартымды болып шығуы үшін қандай әдіс-тәсіл қолдандыңыздар?
- Әсіресе, "Ойжұмбақ-2" туындысы сәтті шығу үшін біраз терледік. Барлық жаққа барып, қазақша дубляжды қолдауды сұрадық. Қазақ тілді контентті ілгері жылжытуға айтарлықтай үлес қостық десек те болады. Мультфильмнің режиссерінің өзі бізге алғысын білдірді. Ал
"Өрмекші адам" туындысы жайлы айтар болсам, ол дәл ойдағыдай болып жатыр. Онда дауыстар қайталанбайды, 1 адам тек 1 кейіпкерді сомдайды. Орыс дубляжынан кем түспейді. Оған қоса, қазақша мемдер қосып, дыбыстаманы әсерлі еттік. "Өрмекші адамды" дыбыстауға шамамен 1 апта уақыт кетті. Ал, дыбыс өңдеуге қаражат іздеп жүріп, оны 4 айда бітірдік.
- Сіздерде дубляж процесі қалай жүреді, бір фильмнің және мультфильмің дыбысталуына қанша уақыт кетеді, қалай дайындаласыздар? Командаңызда қандай мамандар жұмыс істейді, бәрі жастар ма?
- Командада дыбыстаушылар дыбыстайды, адармашылар туындыны аударады және IT мамандары телеграм
ботты, сондай-ақ сайтты дайындайды.
Дизайнерлер болса, жобаларға постер және т.б нәрселерді жасап шығарады. Ұжымда жалпы, 23-ке жуық адам бар. Барлығы да 16 жастан 22 жасқа дейінгі жастар.
Бір фильмді дыбыстауға 2 апта уақыт кетеді, бәрін алдын ала дайындаймыз.
Ең қиыны - дыбыс өңдеу, сапалы етіп өңдеу үшін оған сырттан адам жалдаймыз. Ал монтаж және оны әлеуметтік желіге жарнамалау процессі қиындығына байланысты әр уақытта аяқталады. Бұл жерде қоса кететін жайт, бір фильмге шамамен 1 миллион теңге қаржы кетеді. Яғни студия жалдаудың шығынын қоса есептегенде.
Жалпы сырттан бізге тапсырыс аз түседі. Бір күнде 3 сағат киноның уақытын дыбыстап бітіре алатын қауқарымыз бар.
- Алда қандай жоспарларыңыз, тың идеяларыңыз бар? Сіздерден қандай ерекше жаңалық күтеміз?
- Алдағы уақытта трилогия жанрындағы “Құмбел” жобасын қазақша дыбыстап, көрермен назарына ұсынғымыз келеді. Бұл - жеке ұсынысым. Осы жоба қазақ дубляжына жаңа леп әкелетіні сөзсіз.
Алайда әзірге қаржы жетіспеу жағы қол байлау болып отыр. Ондай ауқымды жобаларға еліміздің әйгілі әртістерін тартқымыз келеді. Оның өзі әжептеуір қаржыны талап етеді. Сондықтан оған қаражат және қолдау керек. Егер қолдау болмаса, арнайы қаржы да бөлінбейді.
Бұған қоса, жақында бүкіл Қазақстан құлақдар болатындай маңызды іс атқарғалы жатырмыз. Бірақ оның қандай көлемді жұмыс екені әзірге құпия болсын.