«Психосоматика грек тілінен аударғанда, психо – жан, сома – дене деген мағынаны білдіреді.
Психосоматика – біздің ішкі жан дүниеміздегі сезімнің, эмоцияның денедегі көрінісі. Нақтырақ айтсақ, сіздің қандай да бір негативті ситуацияға деген реакцияңыз, сол жағдайдан миыңызға сендіріп алған теріс наным-сеніміңіз, ішке тұншықтырып, сыртқа шығармай қалған эмоцияңыз, ренішіңіз уақыт өте келе қандай да бір ауру тудыруы мүмкін», - дейді ол.
Мөлдірдің айтуынша, стрестің психологиялық және физиологиялық деген екі түрі болады.
«Психологиялық стресс дегеніміз қорқыныш, реніш, ашу-ыза секілді негативті эмоциялар.Адам стресс алған кезде, ең алдымен, біздің ағзамыз оған төтеп беру үшін барлық жағдайды жасайды. Керек гормондарды бөледі, дәрумен мен минералдарды жұмсайды. Ұзақ уақыт стресте жүре беру салдарынан ағза да шаршап, дәрумен мен минералдардың қоры төмендеп, гормоналдық дисбалансқа алып келеді. Соның салдарынан адам қандай да бір ауруға шалдығады.
Аурудың алғашқы белгілерінің туындағаны – тәніміз бізге сигнал беріп жатыр деген сөз. Оны дер кезінде түсініп, алдын алсақ, сауығу да оңай», - дейді психосоматолог.
Маман бұдан әрі бірнеше дерттің психосоматикасын түсіндіреді:
Бас ауырса...
Бас ойлау процесіне жауап береді. Бас ауырса, сезім мен ақыл бір-бірін түсінбей жатқан болуы мүмкін. Өйткені мұндай ауру кезінде сіздің түпсанаңыз «дұрыс емес нәрсе істеп жатырсың» депсигнал беріп жатады. Мысалы, көп жұмыс істеп шаршадыңыз, бірақ шаруаңызды аяқтағыңыз келеді. Түпсанаңыз сізге демалу керек деп шешеді де, сол үшін басыңыз ауырады.
Дегенмен психосоматика бойынша бас аурудың тағы бірнеше себебі бар:
1) Екіжүзділік – бас ауруының маңызды себебі. Сіз өзіңізге жағымсыз адаммен сөйлестіңіз делік. Оған күліп, жақсы сөздер айтуға мәжбүрсіз. Ақыр соңында басыңыз ауырып, мазаңыз қашады;
2) Өзін-өзі бағаламау және өзін-өзі сынау көбінесе бас ауруына әкеледі;
3) Қорқыныш та бас ауруының себебі болып есептеледі.
Басыңыз ауырса, жеңіл-желпі қарай салмаңыз және дәрі-дәрмекпен ғана басып тастамаңыз. Олар тек уақытша қойдыруы мүмкін. Дерттің шипасын табу үшін психологиялық себептерін іздеңіз.
Варикоз
Аяқ қан тамырлары ауруының да өзіндік психосоматикасын қарастыруға болады. Мәселен, жағымсыз бір ситуациядан ұзақ уақыт шыға алмасаңыз, аяқ веналары кеңейе бастайды. Бұл да сізге ағзаңыздың алға жылжы, тұрып қалма деп «айтып жатқаны».
Варикоздың психосоматикалық тағы бір себебі – болашақты уайымдау. Осы қорқыныш та алға қарай еркін қадам басуға кедергі жасайды.
Гипертония
Қазір қарттар арасында ғана емес, жастар арасында да қан қысымының көтерілуі кең таралған.
Қан қысымы адамның өмір жолындағы түрлі кедергілерге реакциясын көрсетеді. Егер ұзақ уақыт бойы қорқып, уайымдап не өзіңізге сенімсіз болып жүрсеңіз, гипертония пайда болуы мүмкін. Яғни, қазіргі уақытта шешімін таппайтын мәселеңіздің кесірінен қан қысымыңыз көтеріліп кетуі ықтимал.
Гипертонияның кең таралған психосоматикалық себептері:
1) сенімсіздік;
2) қорқыныш;
3) өміріңізде болып жатқан проблеманы немесе ситуацияны қабылдамау немесе қабылдағысы келмеу;
4) қорғаныс реакциясы: кез келген қауіп-қатер төнген кезде қан қысымы көтеріледі;
5) эмоционалды тұрақты болмау.