Экономикалық тоқырау әлбетте, бизнеске кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Алайда кей бизнес рецессия жағдайында керісінше гүлдеп, дамып жатқанын аңғарып отырмыз. Дәл сол кризис кезінде әлемге әйгілі FedEx, HP және IBM компаниялары өмірге келген болатын. Экономикалық тұрғыда заман құбылмалы болғандықтан, қандай бизнес түрлері дағдарыс кезінде де өз жұмысын тоқтатпайтынын анықтап көрейік.
Азық түлік пен сусындар
Қандай жағдай болмасын, кез келген адам тамақтанады. Сондықтан оны алмаса да болады деп айтатын тауарға жатқызбаймыз. Рецессия кезінде бұл бизнес керісінше тұрақты сақталады деп толық айтуға болады. Ендеше, болашағы бар бизнес-идеяларды талдайық.
Тәттілерді сату. Адамның көңілін көтеретін тағам осындай дағдарыс кезінде ешкімге де керек емес деп санайтындар бар. Десе де өндірісі жағынан қымбат емес бұл тауар түріне деген сұраныс бар екенін мойындау керек. Сондай бір жарқын мысал ретінде Mars батончигін айтуға болады. Ол 1930 жылдары сонау депрессия кезінде шығарылған еді. Жеке меншік дүкендер. Рецессия кезінде шағын азық-түлік дүкендерінде сауда жасайтындардың саны керісінше арта түседі. Себебі кейбір адамдар үлкен супермаркеттерге бармай-ақ, үйдің жанындағы кішігірім дүкендерден сауда жасап, шығынды азайтуға тырысады. Тамақ жеткізу. Бүгінгі күйбең тіршілік ритмінде күнделікті тамақ әзірлеу көп энергия мен уақытты алатыны белгілі. Ал әрдайым сырттағы кафе мен рестораннан тамақтану қалтаңызды қағатыны анық. Осындайда тамақ жеткізу сервистері таптырмас дүние болады. Мұны пандемия кезі де дәлелдеді. Фастфуд. Жылдам тамақтану саласы қазір қарқынды дамып келеді. Тарихи тұрғыдан да қарасақ, экономикалық кризис кезінде де фастфуд сатылымы төмендемегенін байқаймыз. Сондықтан сөзсіз, бұл сала да дами бермек.
Медициналық қызметтер
Денсаулық сақтау саласы кризис кезінде де дамып келеді. Себебі сұраныс жоғары. Медициналық қызметтерге деген қажеттілік ешқашан төмендемеген, алайда қиын шақтарда кейбір қызметтер аса қажет. Қарт адамдарға қамқорлық көрсету. Азаматтардың бұл категориясы қамқорлыққа мұқтаж, әсіресе халық қартайып бара жатқанда бұл маңызды. Фармацевтика. Дәрі-дәрмекке деген сұраныс тұрақты: ем-домды кейінге шегеретіндер кемде-кем.
Білім беру бизнесі
Білім беру саласындағы қызметтер мен білімді жетілдіру курстары әрдайым трендте. Адамдар жұмысынан айырылып, жаңа мамандықты игеруге талпынып жатқанда бизнес ретінде бұл сала керісінше дами береді. Әсіресе, соңғы жылдары диджитал білім беру қызметтері жақсы дамуда. Осылайша осы саладағы бизнес қарқынды түрде өсіп қана қоймай, ұлттық экономиканы өркендете түспек.
Жөндеу және реставрация жасау
Экономикалық тоқырау кезеңінде көп адамның жаңа үй, техника не жиһаз алатын мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан жөндеу жұмыстарына сұраныс болады. Сантехникалық қызметтер. Құбырдан суы аққан кезде ешкім кризистің аяқталғанын күтпей бірден сантехникті көмекке шақырады. Сондықтан осы кәсіппен байланысты бизнес бастасаңыз, қай заманда болмасын ұтылмайсыз. Автокөлікті жөндеу қызметі. Халықтың біраз бөлігі көліксіз жүре алмайды. Сондықтан механиктердің жұмысы тек өрлей бермек. Жөндеу және құрылғылар қызметін тексеру. Белгілі құрылғылар мен машиналарды қолданатын кез келген бизнес бұл қызметтерге жүгінеді. Мысалы, кеңсе қызметкерлері принтер бұзылса, оны жөндей алмайды. Сол сияқты клининг қызметінің машиналары да белгілі уақытта тексерістен өтеді. Үй жөндеу. Сапалы түрде қабырғаны әктеу, оны әрлеу үшін оған машық пен тәжірибе керек. Сондықтан уақыты мен энергиясын ысырап еткісі келмейтіндер үй жөндеу қызметіне хабарласып, арнайы бригаданы жалдап жатады.
Курьер қызметі
Белгілі тауарды не жүкті, құжатты жіберуге қажеттілік әрдайым бар. Сол себепті кризис керісінше, курьер қызметіне жаңа дем беріп, алға ілгерілетуде. Мәселен, жеткізуді өз қолына алған кей бизнес түрлері шығынды қысқартып, бұл қызметті аутсорсқа беретін болды.
Қаржылық және бухгалтерлік қызметтер
Бұл сектор қаржы дағдарысына қарамастан жұмысын ешқашан тоқтатпайды. Себебі кез келген мекеме қаржысын реттеп, қадағалап отырады. Кейде кризис мұндай қызметтерге деген қажеттілікті арттырып жатқанын көріп жатамыз. Төменде соған қатысты бірнеше бизнес идеяны келтіреміз.
Қаржыны жоспарлау қызметі. Жеке адамның немесе мекеменің қаржылық жағдайы жақсы болса да, рецессия жағдайында ол күрт өзгеруі мүмкін. Сондықтан ақшаны тиімді жоспарлауға көмектесетін мамандарға сұраныс та жоғарылайды. Бухгалтерлік есеп және салық маманынан кеңес алу. Кез келген кәсіпкер кәсібінің есеп-қисабын жүргізе алмайды, оған арнайы машық пен білім қажет, оған қоса бұл уақытты да алады. Сондықтан бұған арнайы маман жалданады немесе аутсорсқа беріледі.
Үй жануарларына арналған қызметтер
Көп адам үй жануарына кететін ақшасын үнемдемейді. Сондықтан төмендегі қызметтер актуалды болмақ.
Ветеринарлық қызметтер. Үй жануарлары экономикалық жағдайға қарамастан ем-домға мұқтаж болады. Содан иелері бұл қажеттілікті ешқашан кейінге қалдырмайды. Груминг. Қазір миллениалдар үй жануарын көбірек ұстайтыны анықталды. Маркетингтік зерттеулер жүргізген Mintel компаниясы америкалықтардың 40%-ы груминг қызметіне қызығушылық танытатынын жазды. Расында груминг бүгін заман талабына қажет қызмет. Мәселен, бұл үй жануарын жуындыру, гигиеналық процедуралар қызметін жасауды қамтиды.
P.S. Кризистан зардап шеккен салаларда жұмыссыздық байқалады. Соған қарамастан дағдарысты еңсеріп өтіп, тіпті жұмысын жандандырып жатқан бизнес түрлері қаншама. Ал олар үнемі жаңа кадрларды тартады.