“Горгона” деректі фильмі
"Горгона" - сексуалды зорлық-зомбылық мәселесі туралы туынды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында YouTube желісінде жарыққа шыққан фильм миллионнан астам қаралым жинаған. Картина гендерлік зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдердің шынайы оқиғаларына негізделген. Фильмде сонымен қатар гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында қызмет атқарып жүрген тұлғалар да аталған жайтқа қатысты өз көзқарасын білдірген.
Жалпы, Горгона Медуза – ежелгі грек мифологиясының кейіпкері. Посейдон құдайы оған зорлық көрсеткен. Жапа шеккен Медузаның Афиныдан көмек сұрағаннан басқа амалы қалмаған. Алайда, олардың Посейдон құдайды кінәлауға дәті бармай, бейкүнә Медуза бекерден-бекер жазаланады. Қазіргі таңда Горгона Медуза - сексуалды зорлық-зомбылықтың құрбандарының бір нышанына айналды. Себебі, олар да Медуза секілді зорлық көрді.
Ұлжан, Іңкәр, Құралай, Жанна, Сия, Айнұр сынды кейіпкерлердің басынан өткерген оқиғасы көрерменді бірден елең еткізеді. Олар өздерінің қалай агрессордың құрбаны болғанын фильмде ашық жеткізеді. Әйелдердің біреуін пәтерге алдап апарып арам пиғылын іске асырса,
енді бірін алғашқы кездесуде-ақ зорлаған.
Әсіресе, Сияның оқиғасы көрермендерді қатты таңғалдырған. Бұл - өте қорқынышты жағдай. Шетелге жұмыс істеуге кеткен ата-анасы қызын нағашы атасына сеніп тапсырады. Ал атасы болса, 9 жасар бейкүнә қызға тиісіп, арсыздыққа барған.
Енді бір кейіпкер құрбыларымен мерекені атап өтемін деп жігіттердің арбауына түскен. Бір құрбысы жігіті мен оның достары бәрін жатақханаға жеткізетінін айтқан. Ал жігіттер болса, қыздарды жақыннан танысамыз деп жалдамалы пәтерге шақырған. Жас қыздар ақымақтыққа бой алдырып, олардың ұсынысымен бірден келіскен. Бірақ арулар үйге кірген бойда-ақ ақжарқын, ақкөңіл жігіттер әп-сәтте өзгеріп шыға келеді. Қыздарды өлтіремін деп қорқытып, оларға зорлық көрсеткен. Ал Іңкәр есімді тағы бір қызды бір жігіт бірінші кездесуде-ақ алдап, арам пиғылын жүзеге асырған. Кейіпкердің айтуынша, ол өзін-өзі барынша қорғай аламын деп ойлаған. Алайда, қылмыскерге қорыққанынан қарсылық білдіре алмаған.
Түсірілімге қатысқан құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова мен заңгер Жанна Уразбахова жәбірленушілер тек зорлықтың құрбаны болмаған. Құқық қорғау органдары мен қоғамның қысымына ұшыраған.
Полиция қызметкерлерінің көбісі зардап шегушіден арызын қайтарып алуын сұрайды. Заңгер Жанна Уразбахованың айтуынша, бұл мәселеде оң өзгеріс жоқ емес. 2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы («Зорлау») бойынша 2000-ға жуық оқиға тіркелсе, 2020 жылдан бастап статистика кенеттен 6 есе төмендеді. 2023 жылдың қазан айының соңына қарай 362 оқиға тіркелді. Бұл аталған факті айтарлықтай азайды деген сөз. Сонымен қатар, Жанна Уразбахова бұл мәселенің түп тамыры зорлаушылардың жазасыз қалуында жатыр дейді.
Ринат Балғабаев фильмде зорлық-зомбылық көрген әйелдерге өз оқиғасын тайсалмай айтуға мүмкіндік берген. Жәбірленушіні айыптау сынды қоғамда қалыптасқан дағдыларды өзгертуге тырысқан. Гендерлік зорлық-зомбылықты жою үшін зардап шеккендерге қолдау білдіру маңызды екенін көрерменге шебер жеткізе білді.