Бразилиялық серфер олимпиадаға 7 ай қалғанда өлім аузынан аман қалған

23 жасар бразилиялық серфер Джоао Кьянка Олимпиада ойындарында күміс жүлде жеңіп алды. Бірақ бұл спортшының Гавай аралындағы риф жартасында ауыр жарақат алғанын көбісі біле бермейді. Жас жігіт сол жағдайдан кейін төрт күн бойы ес-түссіз жатқан. Абырой болғанда, ол дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, өлім аузынан аман қалған. Қажетті ем-дом қабылдап, оңалтудан өткеннен кейін беті бері қараған.

Оаху - Гавай архипелагындағы үлкен әрі халқы ең көп үшінші арал. Оның жалпы ауданы - 1545 шаршы шақырым. Сонымен қатар ол - Құрама Штаттардағы көлемі жағынан үлкен 20-шы арал. Оаху аралы жағажайда демалғанды, сондай-ақ серфингті ұнататындар арасында аса танымал. Алайда, бұл жағалау қауіпті орындардың бірі, мұнда тәжірибе серферлердің өзі ауыр жарақат алып жатады. Оған су астындағы күшті ағымдар мен қауіпті толқындар себеп. Спортшылардың басым көпшілігі осы жердегі Pipeline Beach жағажайын әлемдегі ең қауіпті орын деп есептейді. Себебі, мұндағы толқындардың биіктігі 4 метрге дейін жетеді. Жағажай бәріне кеңінен танылған жылдар ішінде онда 13 спортшы қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған.

Сондай оқыс оқиғалардың бірі 2002 жылы болды. Танымал фотограф Рэй Халлоуэлл Банзай толқындарындағы серфингті суретке түсіремін деп өлуге шақ қалған. Салдарынан ол бір айға жуық уақыт бойы ауруханада жатты.

Оаху аралында соңы қайғымен аяқталған жантүршігерлік жағдайлар да көп болған. 2005 жылы Француз Полинезиясының кәсіби серфері Малика Жуайе дәл осы жерде жан тапсырған. Ол Банзай жағажайындағы 3 метрлік толқынды бағындырамын деп тақтасы сынып суға құлаған.

2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Оуэн Райт та осындағы су асты жартастарының кесірінен сал болып қалған. Сондықтан ол әріптестері де дәл осындай жағдайға ұшырамас үшін түрлі кеңестер береді. Тақтамен жүзуді қайта меңгеріп, жаттығу процесін видеоға жиі түсіреді.

Ал 23 жасар серфер Джоао Кьянка былтыр желтоқсан айында Оаху аралында жаттығып жүріп күптеген қатерлі жағдайға тап болды. Ол қатты толқынға төтеп бере алмай, тайтайшасымен бірге суға құлаған. Оны сондағы әріптестері дер кезінде байқап қалған. Дегенмен, спортшыны алып толқын жапқандықтан, оны судан аман алу шығу қиынға соққан. Абырой болғанда, оқиға орнына құтқарушылар тобы да келіп, серферді ажалдан арашалап қалды. Оған Джоао Кьянканың ағасы да атсалысты. Ол құтқарушылармен бірге бауырын судан шығарып, оған бірден жүрек-өкпе реанимациясын жасап, тынысын қайтарды. Олар жедел көмек көрсете отырып, науқасты аса ауыр жағдайда Гонолулу орталық ауруханасына жеткізді. Ауыр жарақат алған Джоао Кьянка сол жағдайдан кейін төртінші күні бір-ақ есін жиған. Ол тақтадан құлап, басына соққы тиген себепті жүзе алмаған. Салдарынан, басының артқы бөлігіне зақым келіп, ол 14 жерден тігілді.

Джоао Кьянканың ағасы Лукас Кьянка болса, бауырының жағдайы жақсы екенін әлеуметтік желіде хабарлап, болған жайтқа алаңдаулы жанкүйерлердің уауымын сейілтті. Құтқарушылардың айтуынша, Банзай Pipeline жағажайы мықты кәсіби спортшылардың өзіне дес бермейді және онда серферлердің көбісі қайғылы жағдайда душар болып жатады. Алайда, серфер Джоао Кьянка жан-жағындағы адамдардың, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында аман қалды.

Қазір Джоао отбасымен бірге осы спорт түрін дамытуға үлес қосып жүр. Оның әкесі Густаво мен үлкен ағасы Лукас та кәсіби серфер. Әкесі ұлдарына 6 жасынан бастап тақтамен жүзіп, биік толқындарды бағындыруды үйреткен.

Спорт әлемінде ағайынды спортшылардың да өзіндік орны бар. Олар бәріне Чумбо және Чумбиньо деген лақап атпен кеңінен танымал. Екеуі де үлкен толқындарда серфинг жасауға қабілетті, батыл әрі сақ спортшылар. Әсіресе, 28 жастағы Лукас Чумбо медиада да аса белсенді тұлға. Ол түрлі ток-шоуларға қатысып, реалити-шоуларда да өнер көрсеткен. Оған қоса, қоғамдық маңызы зор іс-шаралардан да қалыс қалған емес. Сонымен қатар спортшы үздіксіз дайындығының арқасында 2018 жылы Billabong XXL марапатына ие болды.

Ал інісі Джоао Кьянка болса, 2022 жылы әлемдік аренада үздік өнер көрсетіп, кәсіби спортшы ретінде дебют жасады. Өкінішке қарай, финалға өте алмады. Дегенмен, 2023 жылы өткен тартысты жарыста жүлделі орындарға қол жеткізді. Екі екінші орынды және бір төртінші орынды қанжығасына байлады.

Джоао Кьянка The Stab басылымына берген сұхбатында жеңіс бар жерде жеңіліс те бар екенін, сондықтан кез келген жағдайда төзімді болу керектігін айтып өткен. Оның пікірінше, бір күні бес қадам алға жылжып жетістікке қол жеткізсең, келесі күні екі қадам артта қалуың әбден мүмкін.
Банзай жағажайында зардап шеккен серфер денсаулығы әбден оңалғаннан кейін жаттығуға қызу кіріскен. Соның нәтижесінде Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алған. Тек отандасы Итало Феррейрадан жеңіліп қалды. Дегенмен, Джоао бұл өзі қатысқан соңғы Олимпиада еместігін, басты тартыстар әлі алда екенін жасырмады.