Шалқар Нұрсейіт: «Көз алдау метрикалары қысқа уақытта билікті ұзартуға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзімге билікте қалуға кепіл бола алмайды»

Спикердің сөзі TEDx Talks-тың басты арнасында жарияланды. Саясаттанушының сөзін тыңдап, басты тезистерін жаздық.

3 мамыр 2023

Фото: TEDxAstana, @tedxastana
Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт TEDxAstana алаңында сөз сөйледі. Спикердің сөзі TEDx Talks-тың басты арнасында жарияланды. Саясаттанушының сөзін тыңдап, басты тезистерін жаздық.
Шалқар Нұрсейіт өз сөзінде саясаттағы көз алдау метрикаларына тоқталып, олардан құтылу жолдарын көрсетті.

Көз алдау метрикалары немесе vanitmetrics сізді марқайтатын, өзіңізді алдайтын, алайда бизнесіңіз бен кірісіңізге мүлдем әсер етпейтін ақпарат немесе есеп түрі.

Спикердің сөзінше, 19 миллион адам саяси жүйе театрында өмір сүріп жатыр. Халықтың 70%-ы Қазақстан дұрыс жолда деп ойлайды.

Саясаттанушы көз алдау метрикалары төмендегідей әрекеттерге әкеп соғатынын және қазіргі салдарын айтты: қате әрі тиімсіз шешімдер қабылдауға итермелейді;

ХХІ ғасырда автократтар ХХ ғасырдағы диктаторлар сияқты күшке жиі сенбейді. Бірақ манипуляцияны жиі қолданады. Ондағы басқарушыдар азаматтарға елді басқаратын олардан басқа лайық адам жоқ деп көрсетеді.

Кейбір экономистердің зерттеуі бойынша Қазақстандағы 19 миллион адамның 15 миллионы кедейлер қатарында.

KPMG зерттеуі бойынша халқымыздың байлығының 55%-ы бар болғаны 162 адамның қолында.

Жаңа Қазақстандағы көз бояу метрикалары қандай?

«2019 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кредиттік амнистия жариялай отырып, жарты миллион адамның несиесін кешіреміз» деді. Олардың кредиті кешірілгенімен, олар автоматты түрде кедейлер қатарынан шығып кеткен жоқ. Сондай-ақ қарызы кешірілген кейбір адамдар банктен қайта несие алуға бейім.

Ұлттық Қордың Invest табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына түсіп тұрады деді. Егер қазіргі инфляцияның деңгейін ескерсек, 18 жылдан кейін ол ақша сол 18 жастағы баланың Ұлттық университеттегі бір жылдық оқу ақысын төлеуге де жетпейді.

Биыл тағы кредиттік амнистия жасайтыны туралы сыңай танытты. Бұл мемлекет басшысының кедейлікпен күрес бойынша арнайы стратегиясының жоқтығын білдіреді. Есесіне жаңа көз алдайтын метрикалары бар.

Көз алдау метрикалары қысқа уақытта билікті ұзартуға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзімге билікте қалуға кепіл бола алмайды.

Оған дәлел ретінде Шалқар Нұрсейіт 2015 жылғы Президент сайлауын еске алды. Онда экс-перзидент 97,75% дауыс жинаған. Алайда Қаңтар қырғыны кезінде өзі туған Алматы облысында бейбіт шерушілер оның мүсінін құлатты. Конституциядан есімі алынып тасталды. Нұрсұлтан атауын Астанаға қайта өзгертті.

Көз алдау метрикаларынан төнетін екінші қауіп азаматтардың саясатқа деген қызығушылығын азайтады. Осылайша, мемлекет өз азаматтарының потенциалын толық пайдалана алмайды.

Бай мен кедей арасы неліктен жер мен көктей?

Саясатқа араласудағы теңсіздік. Парламентте отырған 3 партия мүшелерінің жалпы саны 1.2 миллион. Ал елдегі дауыс беру құқығы бар электораттың саны 12 миллион. Демек, парламентте заң қабылдаған кезде электораттың 90%-ның мүддесі ескерілмейді.

Ақордадағылар Жаңа Қазақстанда 30 жылда болмаған реформа 3 жылда орын алды десе де, бұл көз алдау метрикасы ел азаматтарының билікке еркін араласуына мүмкіндік бермейді. Конституция екі рет өзгергенімен, парламент бұрынғыша. Сот билігі сол қалпында.

Осы уақытқа дейін бірде бір саяси партия, бірде бір саяси медиа Қазақстанда тіркелген жоқ. Азаматтар бейбіт митингіге шығу үшін әлі күнге дейін әкімшіліктен рұқсат алу қажет.

Көз алдау метрикаларынан қалай құтылуға болады?

Қазіргі бақылаушы рөлінде отырғандар азаматтық белсенді қатысушы болу керек.

Азаматтық өмірге қатысудың бірнеше оффлайн жолдары:

  1. Ерікті болу. Проблемаларды шешу арқылы тәуелсіз азаматтық ұйымдардың құрылуына көмектесесіз.
  2. Қызығушылықтар бойынша ұйымдарға мүше болу. Сол арқылы қауымдастық мүшесі боласыз. Сізді алаңдатқан мәселе өзгені де толғандыратынын көріп, бірлесіп шешім іздеуге ұмтыласыздар.
  3. Мектептер мен университеттерде азаматтық білім пән ретінде оқытылғаны дұрыс. Балаларға: “Әулеттің баласы болма, халықтың баласы бол” дегенді жиі айтады. Алайда оларға халықтың азаматы, елдің баласы болуды ешкім үйретпейді. Сондықтан мектеп жасынан бастап оларға өзінің конституциялық құқығы үйретілсе, жаңа буын саясаттағы көз алдау метрикаларына алданбайтын болады.

Азаматтар қоғам өміріне белсене араласқан кезде көз алдау метрикалары манипуляцияның тиімсіз құралы саналмақ.

Сөз соңында, саясаттанушы егер билік көз алдау метрикаларынан бас тартып, олардың саяси иммитацияны тоқтататындай ерік-жігері болса, саясаттағы жетістікті ұтымды көрсеткіштермен өлшеуге болатынын айтты.