Жыныстық сауат тақырыбын көтеруіңіздің мақсаты не?
8 наурыз мейрамына орай проктолог-хирургпен сұхбат жүргізгенмін, сонда ол қыз-келіншектердің денсаулығына қатысты біраз мәселені қозғады. Ол кезде орыс тілінде жазатынмын. Кейіннен орысша дерек көп, ал өзіміздің ана тілімізде ақпарат жоқтың қасы ғой деп ойландым. Осы тақырыпта подкаст түсіргім де келетін. Сондықтан техникалық мүмкіндік туған кезде бірден бастап кеттім. Таза энтузиазм мен шынайы жанашырлықпен басталған дүние еді. YouTube арнама шыққан видеом ерлер денсаулығы, соның ішінде эрекция жайлы болды. Сол кезде жарнамасыз қаралымы 800 мыңнан асып кетті. Әрине, даттағандар да болды. Бірақ пікір жазатын орынға не жекеме ауыл-аймақтан, жан-жақтан көптеген ер адам хабарласып, денсаулығындағы мәселелерін айтатын. Мен бұдан біздің елде осы тақырып бойынша ақпарат аздығын және адамдарда дәрігерге уақытылы қаралу мәдениеті жоқ екенін байқадым. Сонымен қатар көп адам аурудың алдын алмай, салғырт қарайды екен. Көпшілігі еміне дауа болатын дәріні біреу айта қойса, соны ішіп, бірден емделіп кетемін деп ойлайды. Негізі олай емес қой. Чекап жасап, ерлер урологқа, әйелдер гинеколог, маммолог, проктолог мамандарға қаралып, тексерілу керек. Ал бізде адамдар әбден ауруы асқынған кезде ғана дәрігер іздейді. Мәселен, геморройдың өзінің 3 кезеңі бар. Бірақ соның ең қиын кезеңіне жетіп, жаны көзіне көрінген кезде ғана проктолог іздемеу керек. Дерт енді басталған шақта тексерілу қажет.
Тағы бір қынжылтатыны, бізде адамдар дертін өзі «емдейді». Интернеттен әртүрлі жазбаны оқып алып, ақылға қонымсыз дүниелер жасайды. Қаражатты молынан бөліп, сапалы ем-дом жасау керегін ұмытпау қажет. Сонымен қатар адамдар ауруы әбден асқынған кезде ғана арнайы маманға барады. Негізінде аурудың алдын алу керегін естен шығармау керек. Үйленейін деп жүрген жандар чекап жасаса, біраз келеңсіз жайт болмас еді. Өйткені үйленген соң, сол жұпта біреуінің жыныстық жолмен жұғатын ауруы болуы мүмкін. Енді бірі бедеу болып шығады. Жалпы мұның бәрі – отбасын құрмай тұрып біліп, шешімі табылатын мәселелер.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бізде жасөспірімдер өте ерте жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Еуропа елдерімен салыстырар болсақ, оларға мектеп жасынан осы жөнінде ақпарат беріледі әрі ата-анасымен бұл тақырыпта ашық сөйлеседі. Олар бұл тақырыпты талқылай алатындықтан, шекара жоқ, керісінше мәлімет көп. Ал елімізде мұндай сапалы ақпарат аз әрі ол туралы айту тыйым салынған сайын оған қызығып, елітетін жастар қатары көбеюде. Білім алатын жалғыз ақпарат көзі – порнографиялық фильмдер. Алайда оның дұрыс ақпарат бермейтіні айдан анық.
Жобаларымның мақсаты – жыныстық сауат ашу және денсаулықты күту мәдениетін қалыптастыру. Кейбір ересек қыз-келіншектер өзінің физиологиялық ерекшелігін білмей жатады. Сондай-ақ дертін елемей, жоққа шығаратындар көп. Алайда ауруын жасырған – өлетінін ұмытпайық.