Синглизм дегеніміз не? Адам жалғыз өзі бақытты бола алады ма?

Адамдардың көбісі өмірлік теңін тауып, шаңырақ көтергенді нағыз бақыт деп санайды. Дегенмен, қазіргі қоғамда отбасын құрғысы келмейтін, жалғыз жүруді жаны қалайтын жандар баршылық. Көпшілік олардың бұл таңдауын құптап, үнемі құрметтей бермейді. Үйленіп, отбасылы болуды ғана дұрыс көреді. Неліктен жұртшылық жалғызбаларды сынап-мінейді, қоғамнан шеттетеді? Бүгінде адамдардың басым көпшілігі не себепті жалғыздықты өмірінің стилі ретінде таңдап алған? Осы жайтты сипаттайтын синглизм ұғымы нені білдіреді? The Voice Media тілшісі бұл мәселеге кеңінен тоқталып өтпек.
Бірнеше жыл бұрын жалғыз өмір сүрген жандарды бәрі талқыға салып, сөз ететіндей көрінетін. Жалғызбасты болу табиғатқа қарсы шығумен пара пар құбылыс еді. Бұл түсінік "Лобстер" антиутопиялық фильмінде де көрініс тапқан. Туындының желісі мынадай: өзінің жартысын таппаған жалғызбастыларды заңмен қудалап, хайуанға теңеп, орманға қаңғытып жібереді.

Мыңдаған жылдар бұрын өлім жазасынан да ауыр жаза тағайындалған жалғызбастылық қазір мүлде басқаша сипат алған. Яғни бүгінде ол әркімнің жеке таңдауына, өмір сүру стиліне айналды. Қазір адамдардың көпшілігі некеден саналы түрде бас тартып, жалғызбасты күн кешуді өмір салты қылған. Олай болса, әлемде дұрыс саналған үрдісті аяқ асты еткен бұл құбылысқа қандай анықтама беруге болады? Оның түп-төркіні неден басталады? Бұл жайында әлеуметтанушы Эрик Кляйненберг өзінің "Соло өмір" атты кітабында кеңінен тарқатып жазған. Ол өз еңбегінде жалғыздықты құп көріп, соло өмірді таңдағандарға синглтон деген атау берген. Эрик Кляйненберг жалғызбастыларды үлкен масштабты әлеуметтік эксперимент деп мәлімдеп, бақыт үшін қарым-қатынас қажет еместігін ашып айтқан.

Сондай-ақ ол заманауи қоғамда белең алған бұл құбылыстың 4 себебін ашып көрсетті. Атап айтқанда, олар: әйелдердің ерлермен тең құқылы болуы, әлеуметтік желілер, адамдардың өмір сүру жасының ұзаруы, қала кеңістігінің өзгеріске ұшырауы. Расымен, әйелдердің еркектермен бірдей тең болуы олардың некелесіп, балалы болып, өз болашағын қамтамасыз етуіне ықпал етті. Сондай-ақ қартайғанда жалғыз қалған жаннның өзге адаммен отбасын құруға дайын болмауына өмір жасының ұзаруы да өзіндік әсерін тигізді.
Ал әлеуметтік желілер қоғам өмірінен шеткері қалмай, өз-өзіңді жетілдіруге шексіз мүмкіндіктер берді. Осылайша, тарихта алғаш рет әрбір жеке тұлға қоғамның бір мүшесінің айналды.

Оған қоса қоғамның басым бөлігін құрайтын бойдақтардың өмірі отбасылы жандарға қарағанда қызықты екенін зерттеулер көрсетіп отыр. Бұл жалғызбастылардың уақытын өзіне ғана арнауымен тікелей байланысты. Яғни, эгоизмнің басым болуынан олар өзін қай мәселеде де әркез бірінші қояды. Эрик Кляйненбергтің " Жалғыздық өзіміз қалаған нәрсені қай кезде жасағымыз келетініне мүмкіндік береді." деген пікірі де осыған саяды.

Қазіргі таңда жалғыз тұру қолжетімді болғанымен, қоғамда жалғызбасты адамдарға қатысты стереотиптер әлі де бар. Мәселен,халықтың басым бөлігі 25-тен асқан аруларды отырып қалған кәрі қыз санайды. Сонымен қатар отбасын құрып, дүниеге бала әкелуді тек қажет деп есептегендерді қоғамда онша сөз қылмайды. Ал адам жалғыз өмір сүруді таңдаса, оны дереу талқыға салады.

Бұл жайт бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып үлгерген. Соңғы жылдары елімізде сүрбойдақтар саны артып, отбасын құрушылар азайғанын статистикалық деректер де растап отыр. Мәселен, 2023 жылдың желтоқсан айы мен 2024 жылдың қаңтарында елімізде 120900 неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға аз. Оған қоса, өткен жылы неке қию коэффициенті 1000 адамға шаққанда 6%-ды құраған. Бұл дегеніміз, әр мың адамның алтауы ғана үйленген деген сөз. Яғни, ең төменгі көрсеткіш. Соңғы деректерге сәйкес Қазақстанда үйленбеген жандар көбейген. Қазірдің өзінде шаңырақ көтеретін жасқа жеткен бойжеткендердің 30%-ы, ал ерлердің 40%-ы бойдақ. Орта есеппен алғанда қазіргі таңда арулар 24-25 жасында тұрмысқа шықса, ал жігіттер 30-ға таяу үйленеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика бойынша 2 миллионға жуық адам отбасын құрмаған. Сондай-ақ бойдақ ерлер саны отау құрмаған әйелдерден 133 мыңға көп. Жалпы үйленбеген қазақстандықтардың басым көпшілігі Түркістан облысында тұрады. Онда бойдақ жігіттердің саны 250 мыңнан асады, ал басы бос қыздардың саны 230 мыңға жуықтайды. Алматы облысы да бойдақтар саны жағынан көш бастап тұр. Ал некеге тұрмағандар саны аз аймақ - Атырау, онда басы бостар саны - 59 мың. Әлеуметтанушы Жанар Жандосованың пікірінше, бұл мәселе әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты. Нақты айтқанда, отау құрғысы келетін жандарды көбіне материалдық жағдайы ұстап қалады.

Сарапшылардың пайымдауынша, қаржы үйленбеудің жалғыз себебі емес. Кейбір бойдақтар жеке басының қамын күйттеп, жайлы өмірден шыққылары келмейді. Отбасы құрып, мойнына жауапкершілік алудан қорқады. Ал кейбір адамдардың жалғыз өмір сүруге еті әбден үйреніп қалған. Енді бірінің екінші жартысын іздеуге уақыты да, құлқы да жоқ.

Сонымен қатар басы бос жандардың үйленбеуіне психологиялық факторлар да әсер етеді, - дейді мамандар. Яғни отбасының маңызын түсінбегендіктен, көбіне толық жанұядан шықпағандар шаңырақ көтеруге асықпайды.

Бұл мәселені социолог Белла де Пауло XXI-ғасырдағы атауы жоқ проблема деп, оған синглизм деген атау берген. Ол өз кітабында қоғам жалғысбасты адамдарды шеттететінін айтқан. Осы тақырыпты социолог әріптестерімен бірге 10 жылдан астам уақыт бойы зерттеген. Соның нәтижесінде, жалғыз адамдар қоғамда, жұмыс орнында, саясатта, экономикада тіпті күнделікті өмірде оқшауланатыны анықталған. Профессор Белла ДеПауло мыңға жуық студентке сауалнама жүргізіп, олардың үйленгендер және бойдақтар туралы пікірін білген. Сауалнамаға қатысқандардың 49%-ы отбасын құрған жандарды, тек 2%-ы бойдақтарды " қамқор" ," сенімді", " қайырымды" деп бағалаған.

Бұған қоса, социолог жалғыз адамдарға қатысты 10 мифті ұсынған. Олар:
№1 миф. Үйленген адамдар көп нәрсе біледі.
№2 миф. Жалғызбастыларды тек бір дүние қызықтырады, ол — өзінің сыңарын табу.
№3 миф. Жалғыз қалу — жағымсыз аураға толы.
№4 миф. Жалғыбастылар бала сияқты, өзінің қара басын ғана ойлайды әрі жауапкершіліксіз.
№5 миф. Жалғызбасты әйелдер жеңілжүрісті болады.
№6 миф. Жалғызбасты ерлер жауапсыз әрі қыдырғанды жаны сүйеді.
№7 миф. Жалғызбасты жандар тәрбиелеген баланың өмірі құртылады.
№8 миф. Жалғыбастылардың өмірі толыққанды емес.
№9 Олар жалғыз жүріп, жалғыздықта өмірден өтеді, оларды ешкім жоқтамайды.
№10. Отбасы - үлкен құндылық.
Кей адамдар бойдақтарды бақытсыз, өмірлері мұңға толы деп ойлайды. Белла ДеПауло отбасылы адамдарды да, жалғызбастыларды да кемсітпеу керектігін баса айтқан. Осы ретте, социолог әріптестерімен бірге 4 рет зерттеу жүргізіп, баспана нарығында да бойдақтарды шеттету бар екенін анықтаған. Үй иелері пәтерін көбіне отбасылы жандарға жалға береді. Оған қоса, үйленген жұптардың саяхаттауы үшін де бар қолайлы жағдайлар жасалған. Атап-айтқанда, ерлі-зайыптыларға қонақүйлер мен мейрамханалар тарапынан жеңілдіктер көп. Дүкендерде де оларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Тағы бір айта кететін жайт, жалғыз адамдар жұмыс орнында дискриминацияға ұшырап жатады. Әсіресе, бойдақтарға өзінің қалауынсыз үстеме жұмыс беру үйреншікті жағдайға айналған.

Сондай-ақ адамдардың көбісі жалғызбастыларға өз-өзін жоғары бағалайды, айналасындағыларға немқұрайлы қарайды деген айып тағады. Алайда, олардың бір өзі тұрғысы келуі оларға сүйіспеншілік сезімінің және адамдардың керек еместігін білдірмейді. Сондай-ақ көпшілік жалғыздықты таңдаушыларды ешқандай мәселесі жоқ, өмірлік міндеттері аз деп ойлайды. Бірақ бұл да - өмір сүру стилі, яғни жаңа құбылыс. Дегенмен, оның кең таралуына қоғам әлі дайын еместей көрінеді. Біраз жыл бұрын тәжірибедей көрінген дәл осы жайтты өмір шындығындай қабылдап жатқанымыз тағы бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрбір адам өмірлік статусына, отбасы жағдайына қарамастан тең құқылы. Сондықтан да жалғызбасты жандарды қоғамнан шеттетуге, бөлуге әсте болмайды.