Сталкинг дегеніміз не? Аңдып жүрген адамды жазалауға болады ма?

Адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу сталкинг деп аталады. Еуропалық гендерлік институтының мәліметінде дүние жүзіндегі оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Ал одан қалай қорғануға болады? Сталкинг бойынша адамды жауапқа тарта аласыз ба? Бұл жөнінде The Voice Media сайтының тілшісі кеңінен тарқатады.

Адамдар өзінің құрбы, достарынан да сталкинг көріп жатады. Көптен бері араласпай кеткен досыңыз сізге шектен тыс көңіл бөлсе, тіпті бейтаныс нөмірлерден хабарласып мазаласа, бұл сталкингтің жеңіл түрі. Сарапшылардың пайымдауынша, жағдай одан ушығып, адам өміріне қауіп төндіретін кездер де болады.

АҚШ пен Ұлыбританияда сталкинг үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірақ "Қазақстан заңнамасында "Сталкинг" деген тармақ жоқ және оған нақты бір анықтама берілмеген. Сондықтан дәл сталкинг бойынша ешкімді заңды тұрғыдан жазалай алмайсыз. Алайда, бұл адамды жеке немесе топпен бірге аңду деген сөз. Сол себепті, қылмыстық кодекстің "Адам өміріне қауіп төндіру", "Жеке өмірге қол сұғу" бабы бойынша бөлек шағым түсіре аласыз.

Сталкингтен қалай қорғанамыз?

    Ал бұл жайттан қалай қорғануға болады?
  Әсіресе, сталкингтің бір түрі киберсталкинг қауіпті. Себебі, онда жеке дерегіңізді жариялаймын деп сізді бопсалауы мүмкін. Сондай-ақ сізді күнде аңдып жүрген адам да зиян тигізуі ықтимал. Қылмыстық кодекстің 115 бабы бойынша адамды қорқытып, оған өлім қаупін төндіргені үшін адамға 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 күнге қамақ жазасы тағайындалады.

  Ал Қылмыстық кодекстің 147-бабы (Жеке өмірге қол сұғу) бойынша айыпталушы зардап шегушіге 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек болмаса 2 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

   Ең бастысы, сталкингтің қандай түрі екенін анықтап алған абзал. Әлеуметтік желіде сіздің жүктеген суреттеріңізді көріп, сізді бақылайтын жандар да бар. Олар тіпті сіздің қайда жүргеніңізді де өмірде аңдуы мүмкін. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 147-бабын қолданып, қауіптің алдын алуға болады. Өзіңізді заң арқылы қорғауға құқыңыз бар.

  Сталкердің қылмысын қалай дәлелдеуге болады?

  Егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, оны дәлелдейтін айғақтар жинаған дұрыс. Әлеуметтік желіде жазысқан хаттарды түсіріп алу арқылы да оны дәлелдеуге болады.

   Желідегі хат алмасу да қағаз хатпен тең болды. Егер сталкинг жайлы қауіптенсеңіз, мессенджерде хат алмасқаныңыздың суретін пайдаға жаратуға болады. Сталкер тіпті шектен шығып, тоқтаусыз қоңырау шалып, мазалап қорқытса оны видеоға түсіріп алу керек. Осы аталғандардың бәрі сотқа шағымданғанда өз көмегін тигізеді.

Сталкинг суицидке әкеп соқтыруы мүмкін

  Сталкинг бұған қоса, ерлі-зайыптылардың арасында да көрініс табады. Отбасылы адамдар да, бір-бірімен ажырасқан жандар да бір-бірінің ізіне түсіп, қайда жүргенін аңдуы мүмкін. Мұндай жағдайда сталкингтің құрбаны болған адам дәлелдер келтіріп, өзін сотта қорғап шыға алуы керек. Бір өкініштісі, күйеуі немесе досы тыныштық бермеген соң асуицид жасағандардың қатары көбейген. Соңы осылай қайғымен аяқталатын жайттар да кездеседі. Сталкинг қазір әлемде өзекті мәселеге айналды. Өйткені, ешқандай жаза қолданылмаған соң, сталкерлер құрбанын аңдуын тоқтатпайды. Бұл да психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Сондықтан сталкингті заңның бір тармағы ретінде қарастырып, айыпталушыға жаза қолдану керек.

Адамның сталкер болуына не себеп болуы мүмкін?

   Психологтардың пікірінше, сталкердің адам аңдуға құштарлығына оның балалық шағындағы әдеттері себеп. Себебі, бала ата-анасының қыр соңынан қалмай, қайда барса да бірге жүріп аңдуы аталған мәселенің бастамасы болуы мүмкін.  
Егер бала ересек болғанда да дәл сол күйде қалып қойса, өзгені аңдуға құмар сталкерге айналады. Сондықтан балаға оның дұрыс емес әрекет екенін дәл сол сәтте түсіндіру керек. Қай жерге баратыныңызды да алдын ала айтып, оны біртіндеп жағдайға бейімдеу қажет.

   Психологтардың пайымдауынша, баланың сүттен қалай шығарылғаны да оның есейгенде біреуді аңдып, басқаруға құмарлығына әсер етеді. Мысалы, анасы баласын сүттен шығарған кезде анасы ешбір ескертусіз айтпай, баланы туыстарының үйіне қалдырып кетіп жатады. Бұл дұрыс емес әрекет, себебі бұл баланың жақынынан айырылып қалудан қорқуына, травма алуына түрткі болады. Оған қоса, бұл үрей бала есейіп, отбасын құрғанда да оған кері ықпал етеді. Себебі, бойында мұндай қорқынышы бар адам отбасы болған соң да бұл ісін тоқтатпайды. Екінші жартысынан күдіктеніп, оны басқадан қызғанып қадағалауы мүмкін. Тіпті жұбайынан бір сәт бөлек жүре алмауы да ықтимал. Ол өз кезегінде адамның өзіне де, оның өмірлік жарына да кері әсерін тигізеді.

Сталкинг жайлы маңызды ақпарат

   Жалпы, ерлер де, әйелдер де сталкингтің құрбаны болып жатады. Немістерде сталкинг оқиғасы жиі кездеседі және жыл сайын оның 20000-ы тіркеледі.
National Stalking Helpline статистикасында сталкинг құрбандарының көбісі (80,4%) — әйелдер екені айтылған. Ал сталкерлердің көбі (70,4%) — ерлер.