СҰҚБАТ

Әзілі үшін қамауға алынған стендап-комиктер

Соңғы күндері халыққа белгілі әзілкештердің қамауға алынғаны бәрімізді елең еткізгені рас. Бейпіл сөз айтқаны үшін оларды жазаға тарту кейінгі кезде жиіледі. Ал бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жақында танымал стендап-комиктердің бірі - Александр Меркульдің әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. Астана соты өнер иесін 10 күнге қамауға алуға шешім шығарған. Әзілкеш өзінің Instagram желісі мен YouTube арнасында қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтылған бейнежазба жариялаған.
Басқаларға құрмет танытпай, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпталған. Сот шешімі бойынша әзілкештің биыл маусым айында елордадағы "Реберная" мейрамханасында бейпіл сөз айтқаны анықталған.

Сот отырысында Меркуль өзіне тағылған айыптарды мойындап, айыппұл салуды өтінген. Алайда, сот қаулысы бойынша әзілкеш ақырында жаза арқалауға мәжбүр болды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алынған.

Айыпталушы сонымен қатар, сотта былтыр қыркүйектегі "Жаңа Қазақстан" туралы екі жазбасы Instagram желісінен өшірілгенін де айтқан. Бұған басты себеп , ол жерде де балағат сөздер қолданған. Тіпті, комик стендаптарында Ресей, Путин жөнінде де әзілдеген.

Танымал әзілкештің қамауға алынуы саясаттанушылар арасында да пікірталас тудырды. Осы ретте Ғазиз Әбішев Александр Меркульге қатаң жаза тағайындалғанын алға тартты. Саясаткер әзілқойлар кейде еркінсіп, шектен шығып кететінін, бірақ олар осы арқылы күн көретінін өз постында жеткізді.

Ал, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, стендап-комиктің сахнада бейәдеп сөздер айтып қамалғаны көпшілік арасында наразылық тудырғанымен, облыс имамының мас күйінде көлік жүргізгеніне айтарлықтай қарсы пікір жоқ.
Бұл даулы оқиғаға қатысты журналист Асхат Ниязов та өз ойын білдірді. Ол "Жаңа Қазақстан" сынды саяси әзілдері үшін әзілкештердің түрмеге тоғытылып жатқанын қынжыла жазды. Журналисттің пікірінше, билік стендап индустриясын бақылауға алды, сондай-ақ "ұсақ бұзақылық" туралы әкімшілік бапты сол себепті пайдаланған.
Заңгер Ләззат Рақышева болса, ұсақ бұзақылықты мәдениеті төмен, өзімшілдігі басым адамдар жасайтынын айтып, бұл жайттарға қатысты пікір білдірген. Ол осындай әрекеттері үшін әзілкештерге арнайы бап қосып, шетелге шығармау сынды шектеу енгізу керек дейді. Оның айтуынша, бұл өнер адамдары психологқа барып, өздерінің эголарын бақылауда ұстап үйренуі қажет. Сондай-ақ жұртшылықтан кешірім сұрап, жастардың алдында ағаттығын мойындағаны абзал.

Әзілі үшін стендап-комикті айыптап, жазаға тартудың бұл алғашқы жағдайы емес. Осыған дейін мамырдың аяғында стендапер Нұрасхан Басқожаев та бейпіл сөзі үшін 15 күнге қамауға алынған еді. Әзілкештің әріптестері істің саяси астары барын, комикті жемқорлықты әжуалағаны үшін жауапқа тартты деп санайды.

[Ары қарай да ақша ұрлап], Дубайға [барып] Мадлен сияқты блогерлерге тапсырыс беріп, Қазақстанның солтүстігі суға батып жатқанына қарап отыра беруге болады" Нұрасхан Басқожаев дәл осылай сахнада әзілдеген болатын. Бұл сөзі әлеуметтік желіде тарап, жұртшылық арасында қызу пікірталас тудырды. Тараптардың бірі стендапер әйелдердің қорлады десе, басқалары табиғи апат кезіндегі жемқорлардың немқұрайлылығын сынады деп ой түйіндеді. Алайда, әзілкештің сөзі Мадленнің шамына тиіп, ол өз құқығын заңды түрде қорғайтынын Instagram парақшасына жазған. Нұрасхан Басқожаев болса, жағдайды реттеуге тарысып, 2 миллион оқырманы бар блогерден көпшілік алдында кешірім сұрады. Дегенмен, Мамадалиева бастапқыда комикқа қарсы арыз жазатынын айтқан, кейіннен оны кешіргенін өз парақшасында жеткізген.

Бұл мәселе шешімін тапты ма дегенде, бірнеше аптадан кейін Алматы соты стендапер Нұрасхан Басқожаевты "Ұсақ бұзақылық " бабы бойынша түрмеге жапқан. Артынша, "Central Stand up Almaty" клубы әртіс саясат жайлы сөзіне бола қудаланды деп мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ кеш басталмай тұрып, онда бейәдеп сөздер де айтылатыны халыққа ескертілгенін жасырмады. Нұрасхан Басқожаевты астаналық комик Зарина Байболова қолдап, бүгін әзілі үшін өзге де стендаперлерді 15 күнге қамаса, ертең 15 жылға түрмеге тоғытатынын айтып өткен.

Әзілкешті Мадлен үшін емес, билік туралы саяси әзілдері үшін жазалады деген пікірге тәуелсіз журналист Әсем Жәпішева да қосылады. Оның ойынша, әртіске қарсы қолданылған бап соттың сөзіне сәйкес келмейді. Себебі, стендап-клуб қоғамдық орынға жатпайды.

Айта кеткен жөн, осыдан кейін тек комиктар ғана емес, бейпіл сөз айтқан өзге де қазақстандықтар жауапқа тартылады.