Қазақ тілінде дубляждалған топ-5 анимациялық фильм

Соңғы кезде қазақ тіліне дубляждалған мультфильмдер саны көбеюде. Балаларға арналған қазақша сапалы контентке сұраныс та артып келеді.
Бұл анимациялық фильмдер қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймайды. Балалар арасында төл лексиканы орнықтыруға өз септігін тигізеді. The Voice Media сайты қазақ тілінде дыбысталған топ-5 мультфильмдерді ұсынады.
"Ойжұмбақ-2"

Алғашқы күннен-ақ 10 миллион теңге касса жинап, табысқа кенелген мультфильмнің бірі "Ойжұмбақ-2" туындысы. Бұл фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы 125 миллион теңгеге жуық кассалық жинақ көрсетіп, қазақ тіліне дубляждалған фильмдер арасында ең көп табыс әкелген фильм атанды.
Әлем бойынша мультфильм 1 млрд долларлық межеден асып түсіп, жылдың ең жоғары табыс әкелген фильмдерінің біріне айналды. Әлемдегі ең көп табыс әкелген фильмдер қатарында 13-орынға жайғасты. Осылайша, бұл туынды былтыр рекорд орнатқан танымал "Аватар: Су жолы" фильмінің алғашқы аптадағы табысынан үш есе асып түсті.

Ойжұмбақ-2 - баласымен жақсы қарым-қатынас орната алмай жүрген ата-аналарға арналған есею туралы мультфильм. Туындыны Disney мен Pixar компаниялары өз қаражатына қазақ тіліне аударды.

Мультфильмнің режиссеры - Келси Манн. Продюсері - Марк Нильсен. Туындының сценарийін Мег Лефов жазған.

Бір ерекшелігі, бұл фильмде көрермен бұрынғы кіші Райлиді емес, бой жетіп қалған 13 жасар Райлиді көретін болады. Мультфильмнің басты кейіпкері жасөспірім кезеңге қадам басып, әртүрлі сезім мен эмоцияларды бастан кешеді.

Ол сезімдер біріншісіне қарағанда күрделірек.
Бұрыннан кейіпкердің көңіл-күйін басқарып келе жатқан қуаныш, қайғы, қорқыныш, ашу, жиіркеніш дейтін сезімдер жаңа эмоциялар пайда болғанда абдырап қалады. Олар: үрей, қызғаныш, ұят және енжарлық. Райли бұл жайында ұяқысынан оянғанда бір-ақ біледі. Осы ретте жаңа эмоциялар мен ескі эмоциялардың арасында қақтығыс басталады. "Үрей" жеткіншек қыздың болашағы үшін алаңдап уайымдаса, "Қуаныш"

Райли лагерьде көңіл көтеруі керек деп санайды. Бұл эмоциялардың тартысы арқылы фильмде жасөспірім қыздың тұлғалық өсуі, жетілуі айрықша көрініс тапқан. Сондықтан өтпелі кезеңді басынан өткеріп жатқан балалардың ата-анасы бұл мультфильмді көре отырып, 13-14 жастағы баланың санасында, қандай нәрсе болып жатқанын түсінеді. Ата-ана ретінде жасөспіріммен қалай жақсы байланыс орнату керектігін біліп, баласымен қарым-қатынасын нығайтады. Оған қоса, фильмде жамандықтың жетегіне еріп кетпей, достыққа шынайы, адал адам болып қалу идеясы да қозғалған.

Жалпы,анимациялық фильмдегі кейіпкерлерді әнші Жұлдыз Өмірғали, Ninety One тобының мүшелері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын секілді жастарға белгілі әртістер дыбыстаған. Айта кететін жайт, "Ойжұмбақ-2 мультфильмінің бірінші бөлімі 2016 жылы үздік толықметражды анимациялық фильм ретінде "Оскар" сыйлығын жеңіп алған.
"Жексұрын мен - 4"

"Жексұрын мен - 4" - зұлымдыққа қарсы лиганың агенті Грю мен оның отбасы туралы мультфильм. Бұл франшизаны Illumination Entertainment пен Universal Pictures әзірлеген. Фильмнің бас кейіпкерлері : зұлым Фелониус Грю, Люси және оның қыздары - Марго, Эдит, Агнес сондай-ақ миниондар. Туындыны Миньондарды" жасаушылардың бірі, "Оскар" номинанты Крис Рено түсірген. Фильмнің сценарийін Эмми сыйлығының иегері Майк Уайт пен тәжірибелі маман Кен Даурио жазған.
Анимациялық фильмнің төртінші бөлімі шытырман оқиғаларға толы. Басқа бөлімдерде зұлымдығы арқылы танылған Грю отбасылық өмірге аяқ басып, бойындағы супер зұлым күшінен айырылады.

Күтпеген оқиғалардың болуына байланысты оның отбасына өзге қалаға көшуге тура келеді. Бірақ бұл қалаға бейімделіп, үйренісу қиынға соғады. Себебі Грюдың қыздары буллингке ұшырайды. Ал шаштараз болып жұмыс істеп жүрген әйелі Люси түрлі қиындықпен бетпе-бет келеді.

Бұған қоса, Грюдің жаңа жаулары пайда болады. Солардың бірі Максим Ле Маль Фелониус Грюдің отбасын іздеп қалаға келеді. Содан кейін отбасы мүшелері жауларынан бас сауғалап қашуға мәжбүр болады.

Жалпы бұл мультфильмге дайындық 2017 жылы басталған. Ерекше туынды 2022 жылы ақпанда жарыққа шықты. Мультфильм бүлдіршіндерге миниондар үшін қызықты болса, жасөспірімдерге оқушы қыздардың түрлі мәселесі үшін қызық. Балалар арасындағы белең алған буллингке қарсы қандай амал қолдану керектігін ата-аналар бұл фильмнен үйрене алады.
"Энканто"

"Энканто" - отандық кинопрокатқа шыққан, қазақ тіліне аударылған 38-ші фильм. 2021 жылы жарыққа шыққан бұл мультфильмді Walt Disney Animation Studios студиясы мен Walt Disney Pictures студиясы әзірлеген. Фентези жанрындағы анимациялық фильмнің режиссерлері Байрон Говард пен Джаред Буш, сценариін жазған Чариз Кастро Смит, фильмнің продюсерлері Кларк Спенсер мен Иветт Мерино. "Энканто" фильмі "Үздік анимациялық толықметражды фильм" номинациясы бойынша "Оскар" сыйлығын жеңіп алды.

Энканто - көрікті жерде, Колумбия тауларында орналасқан сиқырлы мекен. Фильмде осы қаладан келген Мирабель есімді колумбиялық қыздың оқиғасы баяндалады. Оның отбасының әр мүшесі ерекше қасиетке ие. Жанұядағы әр баланың сиқырлы күші бар. Бірінің алапат күші бар болса, енді бірі дәмді тамақ беріп бәрін емдей алады. Жануарлардың тілін білетін және кез келген адамның бейнесіне ене алатын бала да бар. Бірақ мұндай сиқыр, ерекше қабілет жас Мирабельге қонбаған.
Дегенмен оған өз отбасы тұратын Касита атты жер мен оның сиқырын құтқару міндеті жүктеледі. Бір күні ол отбасына үлкен қауіп төніп тұрғанын біледі. Жақындарының сиқырлы қабілеттері жоғалып кетпес үшін басын қатерге тігеді. Мирабель өзіне ерекше қасиет берілмегеніне қарамастан, мұңайғанын көрсетпей, отбасын құтқаруға тырысады.

Бұл туындыда отбасылық құндылықтар, адамның өзін-өзі қабылдауы туралы қозғалған. Мультфильмдегі әр кейіпкердің өз кемшілігі мен ерекшеліктері бар. Осы қателіктерді түзетіп, артықшылыққа айналдыру керек екені мультфильмде айтылады. Жалпы бұл мультфильм фильм отбасымен көруге арналған психологиялық мультфильм. Жақын жандармен сырласып сөйлесудің маңыздылығын түсіндіреді.
"Моана"

"Моана" балалар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін мультфильм. 2016 жылы бұл туындының тұсаукесері болды. Анимациялық фильмнің режиссерлары - Джон Маскер және Рон Клементс. Продюсері Оснат Шурер. Туындының сценарийін жазу міндетін Джаред Буш атқарған. Жалпы, мультфильм шағын тайпа көсемінің қызы ештеңеден қорықпайтын Моана жайлы. 14 жасар арманшыл қыз өзінің ойындағы ертегі кейіпкері Мауиді іздеу үшін мұхитқа сапарға аттанады. Ол досы жартылай құдай Мауимен бірге мұхитты кесіп өтіп, қорқынышты құбыжықтарға қарсы күреседі. Бұл оқиғаның желісі 2000 жыл бұрын Тынық мұхиты аралдарында өрбиді.

Фильмде Моана навигациялық дағдыларын пайдаланып, Те Фити тас жүрегін іздестіреді. Осы саяхат кезінде ол өз елі үшін қандай құрбандыққа баруға дайын екенін ұғынады.

Ал "Моана" туындысының жалғасы "Моана-2" биыл 24 қараша күні жарыққа шығып, қазақ тілінде көрсетілмек. Жаңа мультфильмнің желісі бойынша Моана күтпеген жерден өз ата-бабасынан шақырту алады. Сондықтан Моана алыс әрі қауіпті сапарға аттанады. Ол бұрынғы сапардан да шытырманға толы саяхат болады.
"Арыстан патша"

"Арыстан патша" мультфильмі Симба деген арыстанның бұралаңға толы өмірін баяндайды. Ол жануарлар әлемінде өз орнын іздейді. Есею, ес білу жолында көптеген қиындыққа тап болады. Фильмде Муфасаның мұрагері Симбаның әділет орнатып, бейқам баладан барлық аңдардың әміршісіне айналғаны шебер суреттелген. Ол саваннаға бейбітшілік орнату үшін өзіне опасыздық жасаған ағасы Оскармен күреседі. Симба ақырында іштегі үрейін жеңіп, әкесінің аманатын орындайды. Сол жолда өзін жоғалтпай, өз шыққан тегін ұмытпай жақындарына қамқор болады.

Жалпы, мультфильмде Саваннаны мекендеушілер махаббат пен достық, әділеттілік пен билік үшін текетіреске түседі. Фильм өмірде бәрі алма-кезек екенін, отбасы мен достықтың маңыздылығын түсіндіреді.
Балалармен қоса ересектерге де жауапкершіліктен қашпауды үйретеді.

Айта кететін жайт, бұл мультфильмнің жалғасы "Муфаса: Арыстан патша" 2024 жылы 20 желтоқсанда көрерменге жол тартады. Бұл бөлімде Симбаның өмірі емес, оның ұрпағының тағдыры көрсетіледі. Мультфильмнің бір ерекшелігі, туындыдан көрермен Тимон мен Пумбаны да тамашалайтын болады.