Ұлттық нақыш тренд пе?

Жақында аты әлемге әйгілі Louis Vuitton бренді Швейцария тауларындағы Санкт-Морицкурортында өзінің pop-up store дүкенін ашып, дүйім жұртты назарына қаратқан еді. Себебі дүкені кәдімгі қазақтың ақшаңқан киіз үйі еді. Уық пен керегесінде брендтің логотипі бейнеленген. Ал осыдан біраз уақыт бұрын Gucci сән үйі домбырамыз бен ұлттық әшекейлерімізді өз жарнамасында қолданғанды. Міне, осыдан-ақ көшпенділер мәдениеті, жалпы қазақтың ұлттық қолөнері, дәстүрі бүкіл әлем үшін тренд қалыптастырып отырғанын аңғарамыз.

Ою-өрнек – ел мәдениетін айшықтайтын дүние. Әр өрнекте ата-бабаларымыздан сақталған ерекше мағына да бар. Геометриялық, түрлі өсімдіктердің, жан-жануарлардың бейнесінен құралған өрнектер – бізге жеткен үлкен философиялық мұра. Сондықтан өрнек бұл жай ғана үй интерьерін не киім мен ыдысқа сән беретін айшық қана емес, бұл халықтың бүкіл тұрмыс тіршілігін айқындайтын айна іспеттес. Бұл туралы этнограф-ғалым Григорий Потанин ХХ ғасырдың басында өз еңбектерінде былай деп жазған болатын: «Қазақтың оюы киіз үйдің ішін түгелімен жайлаған. Сол үйдің отанасының арқасында ою өрнектелмеген бір түйір киіз де, тері де, ағаш та жоқ. Осылайша еңбекқор қазақ әйелінің үйді сурет галереясына, дәлірек айтқанда ою-өрнектер көрмесіне айналдырғанына куә болуға болады».

Ата-бабаларымыз осы ою-өрнектерге ерекше мән мағына беріп, оны тек сән деп емес, қорған, тіпті бойтұмар санаған. Сондықтан ол кездері әр оюдың қай жерде орналасқанына айрықша назар аударған. Қазіргі күндері қазақ оюы мұндай қастерлі мағынасынан гөрі, көздің жауын алатын сәндік сипатын жақсы сақтаған. Қазақтың оюын бүгін отандық дизайнерлер өнімдерінен, архитектурада, үй интерьерінен, тіпті әлемдік сән үйлерінің топтамаларынан да байқауға болады. Күні кеше ғана киіз үй тіккен Louis Vuitton сән үйінің мұндай жаңа дүкені әлем халқын көшпенділер мәдениетіне бет бұрып, оның тарихына деген қызығушылығын оятқанын мойындау керек. Кез келген дизайнер өнер туындысын, әсіресе жаңа топтаманы өмірге әкелерде белгілі бір мәдениеттен, құбылыстан, тіпті табиғаттан шабыт алатыны жасырын емес. Әлемдік сәнгерлердің қазақ мәдениетінен осылайша шабыттанып, тың дүние ашып жатқаны қуантады. Мұндай құбылыс соңғы кездері жиі байқалады. Ендеше, солардың бірсыпырасына шолу жасап көрейік.

Saint Laurent


Сонау 1977 жылы Saint Laurent бренді көтемгі топтамасында қазақи өрнектермен көмкерілген пиджак ұсынған болатын. Мұндай кажекей барқыттан тігілген корсеттер мен миди ұзындығындағы белдемшемен кез келген образдың көркін келтіретіні сөзсіз еді. Қызығы сол, оның ұлттық мәдениетімізбен ұқсастығын архивтен анықтап жатырмыз.

Kenzo


2011 жылы көктемде Парижде Kenzo бренді этникалық сипат көрініс тапқан көктемгі топтамасын таныстырған болатын. Дизайнерлер түрлі ұлттардың ұлттық элементтерін біріктіре отырып, киім үлгілеріне қазақтың шапаны мен кимешекті де қосқан. Топтама ұраны да ерекше еді: «Алға қадам басу үшін өткенімізге қарайық».

2013 жылы ол кездері 76 жастағы атақты Беатрис Ост Vogue журналына арнайы киіз бен жібектен тігілген қазақтың оюымен көмкерілген кажекей киіп, арқасына әдемі орамал жамылған болатын. Ерекше көзтартар бұл киім еуропалық сән үлігімен де әдемі үйлесіп кеткен еді. Сол кездері оның бұл фотосессиясы біраз уақытқа дейін жұртшылықтың аузында болатын.

Balmain Couture


Әйгілі француз брендінің 75 жылдығы карантин уақытымен тұспа-тұс келіп қалған болатын. Сол себепті ойлағандай дүбірлі мейрам өткізілмеді. Алайда айтулы күнді Оливье Рустен есте қалатындай тойлауды жөн көрген еді. Оған Сена өзенімен жүретін круизге арнайы 21 модельді шақырды. Әр модель сән үйінің тарихи көйлектерін таныстырды. Сол сұлулықтың арасында қазақтың оюымен көмкерілген көйлек жарқ етіп көзге түсті. Бұл оюды танымау мүмкін емес еді.


Alexander McQueen 


Alexander McQueen сән үйінің аяқ киімі көпшіліктің есінде қалғаны рас. Tashenбаспасынан шыққан Fashion Designers A-Z кітабында қазақи оюмен безендірілген былғарыдан тігілген сол туфлидің суретін көруге болады.


P.S. Қазақи ою-өрнектер мен ұлттық мәдениет элементтерін бүгінгі күндері кез келген дүниемен әдемі үйлестіруге болады. Ұлттық нақышымыз бен ұлттық киім үлгілерінің отандық қана емес, әлемдік дизайнерлердің назарына түсуінің басты себебі, оның түпкі мәнінде жатыр десек артық айтқандық болмас, әр өрнектің сакральді мағынасы бар. Ал шетел сәнгерлерінің біздің ұлттық элементтерді қолдануы бізге басқа мәдениетпен араласып, жалпы әлем халқының құндылықтарымен өзара алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан ұлттық колорит көрініс тапқан киім кию, аксессуар тағу бүгінгі заман модасы, тренд деп сеніммен айтуға болады.