«МАСТУРБАЦИЯ. ПОРНО»: ЕРКЕКТІҢ МҮШЕСІ НЕГЕ «ТҰРМАЙ» ҚАЛАДЫ?

Ер адамдардың денсаулығында кездесетін проблеманың бірі – жыныс мүшесінің «тұрмай қалуы». Көбінесе мұны жігіттер ашық талқыға сала бермейді, жақындарынан кеңес сұрай қоймайды. Алайда мазалаған сұрақ көп. Бұл ауру неден пайда болады, емі бар ма деген секілді жиі қойылатын сауалдарға уролог-андролог маман Қанат Бекназаровтан жауап алдық.
уролог-андролог маман Қанат Бекназаровтан
Эректильді дисфункция
Ерлердің төсек қатынасы кезінде жыныс мүшесінің әлсіз болуын медицинада «эректильді дисфункция» дейді. Яғни, мұндайда еркектің мүшесі тұрмай қалады немесе жартылай тұрып, жатып қалуы мүмкін.

Негізгі себептері мыналар:

1.    Психологиялық себеп. Қызбен алғашқы төсек қатынасына түскенде ұялшақ, ынжық жігіттердің жыныс мүшесі дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін. Яғни, ұялып, қобалжығаннан болады. Алайда бұл реттеледі. Мұндайда ерлерге көп қолдау керек. Әсіресе, андролог мамандар барынша сөйлесіп, мәселені анықтауға тырысамыз. Тіпті болмай жатса, сексопотологқа жібереміз. Көп жағдайда біздің көмегімізге жүгінген жандардың денсаулығы түзеліп кетеді.

2.    Қан тамырларының жұмысының нашарлауы. Қант диабетіне шалдыққан немесе жүрегі ауыратын жігіттерде бұл ауру жиі кездеседі. Мысалы, қант мөлшері жоғарылайтын ерлердің мүшесінің тұруы нашарлайды. Өйткені мүшенің өзін үлкен тамыр деп алсақ, оған қан барса, тұрады. Бармаса – тұрмайды. Еркектің денсаулығы жақсы болса, мүшенің де жұмысы жақсарады.

3.    Қосалқы жыныс бездерінің қабынуы. Уретрит, цистит, простатит, орхит, везикулит, эпидидимит сынды несеп-жыныс жүйесінің қабыну ауруларынан мүше өз қызметін дұрыс атқара алмайды.

4.    Мастурбация. Мастурбация көп жасаған жігіттің жыныс мүшесі қызметі әлсірейді. Жасөспірім шақта ер балалардың тестостерон гормоны жоғарылайды, осы кезде порнофильмдер көре бастайды. Фильм көріп отырып қозады. Мүшесі тұрған бала шәуетін шығармайынша қоймайды: я қолымен не басқа мүшесімен мастурбация жасайды, я қатынасқа түседі.

Ешкім жоқ кезде бір рет порно көріп бастаған бала кейін мастурбацияға да үйреніп алады. Осылайша асығыс мүшесін қолымен оргазмға дейін қоздырады. Әдетке айналады. Кейін әйел адаммен төсек қатынасында ләззат ала алмайды не тез «бітіріп» қоюы мүмкін. Тіпті мастурбациясының кесірінен мүше қатайып тұра алмай қалады. Өйткені мүше қолдың қаттылығына үйреніп қалады, ал әйелдің қынабы соншалықты қатты қыса алмайды. Содан кейін «Жыныс мүшем неге «жатып қалады?» деген проблема басталады. Мастурбация жасамас үшін ерлерде бос уақыт болмауы керек.

Бұл аурудың қаупі

Дертін досына да, ата-анасына да, сүйген қызына да айта алмағандықтан, жігіттердің өзіне деген сенімі азаяды. Тіпті кейбірінің өмір сүруге деген құлшынысы да болмай кетеді. Ішімдікке әуес болып кетуі әбден мүмкін. Ал жағдайын айтайын десе, өзгелер мазақ етеді деп қорқады. Кей науқастардың достары араласпай да кетеді екен.

Мұндай жағдайда көмек қолын созатын андролог мамандардың барын айтқым келеді. Бірақ бізге де денсаулығындағы өзгерісті қысылып айтатындар баршылық. Шынын айтсақ, дерті жайлы ақпаратты өзіміз аузынан суырып аламыз.

Әлеуметтік желіде сататын мазь, гельдер мүшені өсіре ме?
Интернетте түрлі гельдерді сатып жатады. Алайда олардың түк пайдасы жоқ, мұндай сатушылар халықты алдайды. Сол адамды кейін таппай қаласыз. Алданып қалған жігіттің өзі оны іздемейді, айтуға, соттасуға ұялады. Сол үшін жалған жарнамаға сенбеңіздер деймін.

Мүшенің өлшемі
Ерлер моншаға барады, сол жерден жігіттердің түрлі өлшемдегі жыныс мүшелерін көреді. Содан өлшемі кіші еркектер мүшесін өзгенікімен салыстырады. Дегенмен бұлай көңіл күйді түсірудің қажеті жоқ. Өйткені қозу күйінде 9 сантимерден асқан мүшелер норма болып есептеледі. Себебі әйел адамның жатыры 4 сантиметрде орналасады. Мүшенің үлкен болуы маңызды емес, бастысы оны дұрыс қолдана алу керек.

Тағы бір айта кететін дүние: қазақтар азиаттық топқа жататындықтан, біздің жыныс мүшеміздің өлшемі өзге ұлттардікінен кішірек болады.
Сонымен қатар жігіттер порноактерлардың мүшесін көріп, өзінікінен қысылады. Алайда біліңіздер: мұндай фильмге түсетіндер кем дегенде 10 000 еркектің арасынан таңдалып алынады. Әрі мүшесі соншалықты үлкен адамдар аз. Жалпы, ол фильм болғандықтан, көп нәрсе алдамшы екенін ескеріңіздер.

Инфекциялар

Урологияда танымал 9 инфекция бар. Соның ішінде ең қауіпті үш инфекция – трихомонада, гонорея, хламидиоз. Бұлардың біреуі жұқса, мүше әлсіздігіне 100 пайыз алып келеді. Ал емделсе, аурудан айыға алады.

Инфекция жасырын жүреді немесе симптомдары болуы мүмкін. Жасырын түрін анықтау үшін еркектен жақын күндері жыныстық қатынасқа түсті ме, жоқ па деп сұраймыз. Егер мүшеқапсыз, аяқасты қатынас болса, инфекцияға анализ тапсыртқызамыз. Көбінесе сол кезде бірнеше инфекция шығып тұрады.

Ал екінші жағдайда белден төмен симптомдар болады: кіші дәрет кезінде ашиды, қышиды, иіс шығады, ірің не жасыл, сары түсті сұйықтық ағады. Осындай белгілерді байқаған бойда емделу керек. Әйтпесе, бұл болашақта ұрпақ сүюге кері әсерін тигізеді, яғни ер адам бедеу болып қалуы мүмкін. Барлық инфекцияға шипа бар, емделмейтіні – ВИЧ қана (АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы).

Жігіттер жыныс мүшесіне неше жастан бастап көңіл бөлу керек?
Қазіргі таңда ата-аналар жасөспірімдермен ашық сөйлесуге тиіс. Жыныстық қатынасқа түсу жауапкершілік екенін, тұрақты қатынас қана денсаулыққа зиян тигізбейтінін түсіндіру керек. Төсек қатынасы кезінде қорғаныш затын кию міндетті екенін айтқан жөн.

Егер баланың мүшесі өспей қалса, онда андролог маманға көрсету керек. Оған жас кезінен ота жасамаса, кейін ыңғайсызданады. Тіпті өмір бойы қатынасқа түспей де қалатындар бар. Кей ата-аналар кішкентай мүшесі бар балаларды хирургиялық жолмен сүндеттеп қояды. Алайда бұлай асығыстық жасамау керек. Кейін оның өлшемін ұзарту үшін санынан ет алып, күрделі ота жасауға тура келеді.

Сондай-ақ баланың жыныс мүшесі жұмыртқасы орнында ма, оны да білу маңызды. Егер бір жұмыртқа орнында болмаса, крипторхизмге ұласуы мүмкін. Оның кесірі – бедеулік.

Мүшені сақтау үшін жігіттерге кеңес:
·      Артық салмақтан арылыңыз;
·      Бұлшық етті қатайтыңыз;
·      Спортпен айналысып, қан айналымын жақсартыңыз. Бұл жұбайыңызбен жыныстық өмірге тікелей әсер етеді;
·      Жиі жуынып, таза жүріңіз. Жағымсыз иістен құтылыңыз;
·      Сауна, моншаға жиі бармаңыз. Мүшенің қалыпты температурасын бұзбауға тырысыңыз;
·      Мастурбация жасау, порно көру секілді жаман әдеттерден арылыңыз;
·      Өзіңіздің мүшеңізді өзгенікімен салыстырғанды доғарыңыз.

Сонымен қатар маман әйелдер де ағзасына дұрыс қарау керегін айтады. «Жыныстық қатынастың сапалы болуына жұбайлар жауапкершілікпен қарауы керек. Сол үшін әйелдер де қынабын жуып, артық иістен арылуы керек. Гинеколог мамандарға жиі тексеріліп тұру маңызды. Жағымсыз иіске де ер адамның мүшесі «тұрмай» қалуы мүмкін. Содан ерлі-зайыптылар төсек қатынасына сирек түсіп, өзара түсініспеушілік болады. Мұның кесірінен ләззат сыйлайтын басқа серік тауып алатындар да кездеседі», - дейді маман.