Жаңа жылдық отшашулар жануарларға қандай зиян тигізеді?

Жаңа жыл мерекесін отшашусыз елестету мүмкін емес. Мұндай пиротехникалық бұйымдар мейрамның шырайын келтіргенімен, балалар мен жануарлар одан үлкен жапа шегеді. Ал оның қалай алдын алу керек? Бұл туралы The Voice Media тілшісі кеңінен тарқатады.
Отшашулардың жануарларға әсері

Мерекелік отшашулар адамдарға ерекше көңіл-күй сыйлағанымен, жабайы және үй жануарларын қатты күйзеліске ұшыратады. Әдетте, қатты дыбыстардан қорқу барлық жан-жануарларға тән құбылыс. Сондықтан олар өзіне төнген қауіптен құтылып, аман қалудың жолын іздейді. Мәселен, найзағайдың қатты гүлсілінен сескеніп, қауіпсіз жерге жасырынады. Алайда, отшашудардың жануарларға қалай әсер ететінін көбісі біле бермейді. Ол түбелікті зерттеп, бақылауды қажет етеді.

Зерттеу нәтижелері

2022 жылдың шілдесінде австриялық және британдық ғалымдар осы жайтқа қатысты жүргізген зерттеуін жариялады. Ол бойынша жануарлардың жаңа жылдық отшашудан физикалық тұрғыда зардап шегетіні анықталды. Ғалымдар Австрияның ауылдық жерлерінде жабайы сұр қаздарға зерттеу жүргізген. Олар 20 сұр қазды олардың орташа жүрек соғу жиілігі мен дене қызуын өлшейтін аппаратпен жабдықтады. Әдетте, жүрек соғысының жиілігі мен дене қызуының көтерілуі стресстің көрсеткіші болып саналады.

Жалпы зерттеу нәтижелері бойынша отшашу кезінде қаздардың жүрек соғысы жиілеп, дене қызуы күрт көтерілген. Желтоқсан айындағы орта есеппен салыстырғанда жүрек соғу жылдамдығы 96%-ға артқан. Яғнм минутына 63-124 соққыға дейін жеткен. Ал 1 қаңтар күні таңғы сағат 2-ден 3-ке дейін қайта қалпына келді. Оған қоса, қаздардың дене температурасы 38 °С-тан 39 °С-қа дейін жоғарылап, таңғы сағат 5 шамасында бір-ақ төмендеген.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, отшашулар құстарға да айтарлықтай әсер еткен. Ғалымдар 2007 және 2010 жылдар аралығында Нидерландыда ғылыми зерттеу жүргізген. Ол бойынша мыңдаған құстар отшашудың әсерінен 500 метр биіктікке көтеріліп, 45 минут бойы сонда тұрған. Бұл олардың күнделікті ұшатын биіктігінен де жоғары.

2021 жылы Римде Жаңа жыл мерекесі өткеннен кейін жүздеген қараторғайдың өлексесі табылған. Шулы дыбыстар құстарды үркітіп, олардың жоғалуына және үйірінен бөлініп кетуіне әкеп соқтырған. Тіпті құстар отшашулардың әсерінен күйзелісті бастан кешіріп, қоныс аударатын бағытын өзгерткен.

2019 жылы жүргізілген тағы бір зеттеуде ит иелерінің 52%-ы үй жануарларының отшашудан қорқатынын растаған. Сайып келгенде, иттерде ентігу, дірілдеу және жасырынуға ұмтылу сынды реакциялар болған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер көрсеткендей, мысықтар мен жылқылар және қояндар да отшашудан қорқатыны анықталды.


Жаңа жылдық фейерверктердің үй жануарлары мен жабайы жануарларға зияны

Жаңа жылдық фейерверктердің дауысы жануарлардың ең сезімтал деген есту мүшесін зақымдайды. Әсіресе, ит
сыбырдың өзін жүз метр қашықтықта тұрса да ести алады. Ал отшашудың оған қалай әсер ететіні айдан анық. Жануарлардың көбісі, ол атылған кезде қорыққаннан жан-жаққа үдере қашып, адасып қалады. Тіпті, жолға шығып, көліктің астына түсуі де ықтимал.

Отшашу сынды жарылғыш заттардың салдарынан ауаға улы химикаттар мен түтіндер тарайды. Ол өз кезегінде қоршаған ортаны ластап, жануарлардың өміріне қауіп төндіреді. Балықтар, үйректер және аққулар да осы улы қалдықтардан зардап шегеді. Тоғандарға, өзендер мен бұлақтарға түсетін отшашудың улы қалдықтары жануарларға айтарлықтай зиян келтіреді.

Жануарлардың қорқынышын қалай басу керек?

Сыртта фейерверк сынды жарылғыш заттар атылып жатқанда үй жануарын қарғыбаусыз бос жіберуге болмайды. Мүмкіндігінше, шулы аймақтардан оларды алыс ұстаңыз. Әрине, үй жануары отшашудан қатты қорқады. Сондықтан, міндетті түрде мекенжайыңыз жазылған кітапша жасау керек. Егер жануар қашып кетсе, осы арқылы тез таба аласыз. Мекенжайыңыз жазылған кітапшада телефон нөміріңіз бен итіңіздің аты көрсетілуі керек, деп кеңес береді АНО “Верность" компаниясының PR бөлімінің үйлестірушісі Ольга Фуркало.

Сарапшылардың пікірінше, отшашулар жарылған кезде жануарларды жалғыз қалдырмау керек. Оларды өте шулы жерлерге апару жағдайды одан сайын ушықтырады. Себебі, бұл кезде жануар қатты үркіп, қашып кетуі мүмкін.
Егер жануар отшашу атылғанда қатты мазасызданбаса, сүйікті тағамын беріп, ойын ойнатып оларды тыныштандыруға болады.

Десенсибилизация деп аталатын тағы бір әдіс те жануарлардың өз қорқынышын жеңуіне үлкен септігін тигізеді. Ол дегеніміз, нақты айтқанда үй жануарларының құлағын қатты дыбыстарға бірте-бірте үйрету. Мәселен, шанышқыны жерге түсіру немесе шарды жару сияқты ақырын дыбыстардан бастап қатты дыбыстарға дейін естіртіп, оны бейімдеу керек. Бұл мінез-құлық терапиясы жануардың қорқынышын басуға көп көмектеседі.

Ветеринар мамандардың пікірінше, отшашулар атылған кезде көтеріңкі музыка қосу да жағымсыз әсерді азайтуға септігін тигізеді. Егер бұл әдістер көмектеспесе, ветеринар маманның кеңесі бойынша үй жануарына дәрі-дәрмек беру керек.

Ұлыбританиядағы Centre Parcs деп аталатын халықаралық қонақ үй компаниясы табиғатты қорғау үшін 2021 жылы отшашуларды қолданудан біржола бас тарту туралы шешім қабылдады. Оның орнына аталған ұйым демалыс үйлерінің айналасын жарық шамдармен безендіре бастаған. Сондай-ақ қазіргі таңда лазер немесе дрон-шоу сияқты отшашулардың баламалары қолданысқа еніп жатыр. Мұндай технологиялардың әлемдік нарығы 2027 жылға дейін 18%-ға өседі.