Жезтырнақ: Қазақстандық кино үшін мүлде жаңа формат

Қазақ мифологиясына негізделген жаңа жанрдағы "Жезтырнақ" фильмі көрерменге жол тартты. Мультижанрлық кинотуындыда қазақ дәстүрімен экшн, фэнтези,комедиямен хоррорды байланыстырған. Сондықтан да " Жезтырнақ" мистикалық комедиясы көрерменге таңсық болып көрінуі мүмкін.

Фильмнің басты кейіпкері - қазақ фольклорындағы жез тырнақ, азу тісті "Жезтырнақ" есімді сұлу әйел. Ол аңыз-ертегілерде қазақ батырларының қас дұшпаны ретінде бейнеленген. Аталған кинотуынды да ерте заманда жезтырнақтармен қақтығысқа түскен батырлар туралы аңыздан басталады.

Дәл осы аңызға туынды авторлары жаңа серпін берген және қоғамдағы көкейкесті мәселелерді көтерген. The Voice Media сайтының тілшісі өзгеше кинотуындының продюсері Сәбит Рахимбаевпен сұхбаттасты.
Кинотуындының желісі бойынша жезтырнақтар адам қанын қорек етіп, соның арқасында ұзақ жылдар бойы өмір сүреді. Бірақ олардың әлі де барына ешкім сенбейді. Фильмнің басты кейіпкері - Мирас есімді жігіт. Ол үйдің үлкен баласы болғандықтан, бар жауапкершілікті мойнына алып, тынбай еңбек етеді. Ал ата-анасын несиені уақытылы төлеу, ұлын үйлендіру сынды жайттар алаңдатады. Тек атасы ғана әрдайым өздерінің тегін отбасы емес екенін ескертіп отырады. Ол ежелгі дәуірде жезтырнақтармен күрескен Мамай батырдың ұрпақтары екенін жасырмай айтады.Алайда оған отбасы мүшелері нанбайды.

Бірде Мирас сұлу әрі табысты Айна есімді қызды жолықтырады. Оған бір көргеннен ғашық болады. Бірақ, Айнаның ешкім білмейтін құпиясы болады. Оның жанұясындағылардың бәрі - жезтырнақтар.

Қазақ киносында хоррор жанры қалай дамып жатқанын және нені ілгері жылжыту керектігін толығырақ айтып өтсеңіз.

- Қазақстанда көрермен ең көп баратын жанр әзірге комедия болып тұр. Басқа жанрлар біртіндеп дамуда. Менің білуімше, хоррор жанрындағы «Дәстүр» фильмі ғана қомақты пайда тапты. Сонымен қатар, жақсы кіріс көрген драма, триллерлер де бар. Бірақ, олардың саны әзірге аз. Кеткен шығынды ақтап алатын фильмдердің 90 пайызы – комедиялар. Жаңа жанрларды насихаттау үшін, оларды түсіруден қашпау керек. Жаңа форматтан қорқудың қажеті жоқ. Көрерменнің таңдауы біртіндеп өзгеріп, талғамы өседі. Уақыт өте келе, «комедия» жанры табыс кепілі бола алмайтынына көзіміз жетеді.


"Жезтырнақ" фильмі қазақ киносына қандай өзгеріс әкелді? Туындының басты ерекшелігі қандай?

- "Жезтырнақ" – қазақстандық кино үшін мүлде жаңа формат. Қазақ елінің мифологиясы бай. Сол себепті, біз қазақтың аңыз-ертегілерін насихаттағымыз келеді. Жезтырнақтар вампирлер секілді, бірақ өзіндік ерекшелігі де бар. Оларда әйел билік етеді. Жезтырнақтар күндізгі жарықтан қорықпайды. Бұл фильм қазақстандық кинематографта жаңа форматқа жол ашады деп сенеміз.


"Жезтырнақ" фильмін түсіруге қанша уақыт және қанша қаржы кетті? Түсірілім кезінде қандай қиындықтар болды? Жұмыс процесі қалай өтті?

- Түсірілім барысы бір жылдан астам уақытқа созылды. Көптеген қиындыққа тап болдық. Графика, арнайы эффектілер, жезтырнақтар шайқасы – бұның бәрі біз үшін жаңа жанр болды. Командамыз осы жобаның арқасында кәсіби тұрғыдан дамып, өсті. Бір көріністе бас кейіпкер байқаусызда аттан құлап, түсірілімді бірнеше айға тоқтатуға тура келді. Бас кейіпкер Динара Мирасбек бірнеше ота жасаса да, қайсар мінезінің арқасында жобаға оралып, түсірілімді аяқтадық.
Оған қоса, бұл жобаға қыруар қаржы жұмсадық. Шығынды ақтап алу үшін 600 млн. теңгеден астам пайда табуымыз керек.


Алдағы уақытта кино фестивальдерде бақ сынау ойда бар ма, алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Иә, ондай жоспарымыз бар. Әлемдік деңгейдегі хоррор фестивальдер өте көп. Соның бірінде атымыз шығып, таныламыз деген үміт бар. Қазірдің өзінде вьетнамдық продюсерлер жобамызға қызығушылық танытып, фильмімізді Вьетнам кинотеатрларында көрсету мүмкіндігі қаралып жатыр.


Фильмде қандай мәселе көтерілген және кинотуынды арқылы көрерменге қандай ойды, нені жеткізгілеріңіз келді? Жалпы, хоррор ретінде өз жанрын ақтай алды ма?

- Біздің фильміміздің басты ойы – көптеген дау-жанжалды қақтығыс пен шайқасқа түспей-ақ бейбіт жолмен шешуге болатынын көрсету.
" Жезтырнақ"– комедия элементтері бар хоррор. Біз оны мультижанрлық жоба деп атаймыз. Фильмнің премьерасында көрермендер күліп те, қорқып та отырды. Сыртынан байқап, бақылап отырдық. Өте қызық екен.


Түсірілім жұмыстары қайда және қалай болды? Актерлік құрам өздеріне қойылған талаптарды мінсіз орындай алды ма?

- Түсірілім Алматы мен Алматы облысында болды. Басты рөлдерді Динара Мирасбек пен Есентай Ниязбаев сомдады. Сонымен қатар, фильмге Назгүл Қарабалина, Сырым Қашқабай, Дінислам Нұрмағанбетов, Сағызбай Қарабалин, Досжан Жанботаев, Сағаділдә Үсіпәлі, Гүлмира Жакилина, Ербол Әлмұхан, Асан Мажит түсті. Әр актер өз жұмысын ойдағыдай атқарып шықты. Әсіресе, жезтырнақтарды ойнау қиын болды. Басты мақсатымыз да сол көрерменді жезтырнақтардың арамызда бар екеніне сендіру еді. Ол жүзеге асқан сияқты. Біз Қазақстанда жаңа жанрлар мен форматтарды дамытқымыз келеді. Осы фильмнің арқасында көздеген мақсатымыз орындалады деп үміттенеміз.